Қазақтың ұлы махаббат символына айналған "Еңлік-Кебек" туралы дүйім жұрт біледі. Шәкәрім Құдайбердіұлы жырлаған "Жолсыз жаза" дастаны осы қос ғашыққа ескерткіш болып қалғаны белгілі. Еңлік пен Кебектің трагедиясынан кейін, екеуінен туған сәби шырылдап Ақшоқыда қалады. Сол баланың тағдыры не болды екен деген сұраққа тарихи мұралар анық жауап береді.
Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында Ер Кебектің баласы Ермек батыр туралы тоғыз қолжазба сақталған. Бұл дегеніңіз құбылыс жағдай.
Құрметті оқырмандар! Орталық ғылыми кітапхана қорына осы аптада келіп түскен жаңа журналдар топтамасын назарларыңызға ұсынамыз! Кітапхана рухани байлығыңды арттырып, көкірек көзіңді ашатын алтын қазына! Білімнің қайнар бұлағы, рухани құндылығымыз сақталған кітапханамызға келіп тұрыңыздар!
2021 жылдың қаңтар айында ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, әрі алғашқы текстологы, ұстаз, ақын, жазушы, драматург, Шәкәрімтанудың негізін қалаушы - Қайым Мұхамедхановтың туғанына 105 жыл толды.
Қайым Мұхамедханов 1916 жылы 5 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келіп, Семей педагогика институтының филология факультетін 1941 жылы бітірген. Содан кейін көп жыл әдебиет пәнінің мұғалімі, Абай мұражайының директоры қызметін атқарған. 1951 жылы «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбына кандидаттық диссертациясын қорғаған. Әдебиетке 1930 жылдың орта шенінде келген ол алғашқыда өлең-жырлар, драматургия жанрында бірқатар шығармалар жазды, тәржіме жасаумен де айналысқан. Әдебиет зерттеуші ғалым ретінде Абай мұрасының текстологиялық зерттеулеріне мол үлес қосты.
Қайым Мұхамедханов - КСРО Жазушылар одағының мүшесі, әдеби аудармашы, Семейде Абайдың мұражайын ұйымдастырушы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы Қайым Мұхамедхановтың жарық көрген еңбектері мен ғылыми зерттеулерінен, қайраткерлік және қаламгерлік мұрасынан, және ол туралы жазылған естеліктерден кітап көрмесін ұйымдастырды.
Отырушы едің ордада,
Бесті айғырдай ақырып.
Қарашының билерін,
Алдыма кел деп, шақырып.
Талма-тал түс болғанда,
Қараша қаздай қамалып,
Қарашың үйге толғанда,
Орданың іші ыссы деп,
Жапырағы жаудырап,
Көлеңкесі салбырап,
Сусылдап тұрған қайыңның
Түбіне кілем салдырып,
Ірбіті сары самармен
Ордадан қымыз алдырып,
Сылдырмақты ожаумен
Отырушы едің сапырып.
Осылар еске түскенде,
Қайғырмассыз ба аһ ұрып?!
.....
1922 жылы жазылған Қашқымбай атты жырлаушының қолжазбасынан. Бұл Арқадан Оңтүстік бағытқа ел көшіруге әзірленген Хан Кенеге Досқожа жыраудың айтқан толғауы.
Нұрхан Бәтішқызы Ахмедова 1915 жылы Жезқазған облысы, қазіргі Ұлытау ауданындағы №2 ауылда дүниеге келген. 1927 жылы Орынбордағы өлкелік мектепте алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, оқуын Орта Азия геологиялық барлау рабфагінде жалғастырған..
1933-1938 жылдары Москва Темір жол транспорты институтының инженер-экономикалық факультетін бітіріп, мамандығы бойынша Түрксиб басқармасында инженер-экономист болып қызмет істейді.
1939 -1948 жылдары Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің секретары қызметін атқарады. Ұлы Отан соғысы жылдары республика жастары жинаған қаржыға жасатылған «Қазақстан комсомолы» танк колоннасын тапсыру үшін майданның алғы шебіне барып, тыл еңбеккерлерінің сәлемін жеткізіп қайтқан. СССР Жоғары Советі Президиумы Жарлығымен «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен, 1948 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Бірнеше жыл жастар және әйелдер арасындағы жұмыстарды атқарып, кейін ғылымға ден қойып экономика тақырыбында ізденістер мен зерттеулер жасауға бет бұрған.
Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған хакім Абай мұралары туралы жазған Сымбат Игілікқызының мақаласы "Жас Алашта".
https://zhasalash.kz/.../sirek-qordagy-abaj-muralary...
Кітапхана қорында Абай Құнанбаевқа қатысты құнды қолжазбалармен қатар, осы кезге дейін шығып келе жатқан жинақтары да сақталған. Әлемге танылған Абайды қанша ұлықтасақ та артықтық етпес. Абай – мәңгі, ұрпағымен бірге жасай бермек!
Құнан боз деген аты бар,
Алдынан қара кетпеген,
Артынан адам жетпеген.
Көк садақты, көк бетті,
Жараған боз келбетті,
Жалғыз оғын атқанда,
Мың кәпірді еңіретті.
.....
Енді бірін кім десең,
Сырты қызыл күймелі,
Омырауы алтын түймелі,
Тұу сыртынан қарасаң,
Дөнен бұқа шүйделі.
Қарт бурадай қабақты,
Қарт бір қазан тамақты.
... ......
Кәуірдің еті болмаса,
Өзге азықты жемеген.
Қарсы келген дұшпанды,
Қару етер демеген...
"Ноғайлының он шалы" атты қолжазбадан үзінді. Бұл атақты Шалкиіз жыраудың қалмақтың көп жылқысын айдап қашқанда, артынан қуып жеткен қалмақтарға өзінің тоғыз серігін суреттеп, төгіп айтқан жырларынан. Аңыз бойынша, осы өлеңнен кейін қуғыншылар қайтып кеткен деседі.
Саналы ғұмырының 50 жылын кеңестік кезеңде Моңғолияда, қалғанын атажұртта өткізген Моңғолияның мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлының туғанына – 80 жыл толып отыр. Зардыхан Қинаятұлы 1940 жылы 30 желтоқсанда Моңғолияның Қобда өлкесінде дүниеге келген. 1965 жылы Моңғол мемлекеттік университетін Сухе-Батор атындағы стипендиямен тарих мамандығы бойынша бітірген. 1972-1975 жылдары Мәскеудегі Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасында білімін жалғастырып, философия ғылымдарының кандидаты, ал 1987 жылы осы оқу орнында тарих ғылымының докторы атағын алған. Моңғолия Халық Республикасының Орталық атқару, партия органдарында түрлі қызметтер атқарған. Еліміз Тәуелсіздігін алған жылдары атажұртқа оралып, қалған бар өмірін еліміздегі тарих ғылымын зерттеуге арнады. Бірнеше тілді меңгерген ғалым қазақ мемлекеттігі тарихына және Моңғолиядағы қазақ диаспорасына байланысты бірнеше монографиялық еңбектер жазды. Еңбектері жоғары бағаланып, Моңғолияның және Қазақстан Республикасының наградаларымен марапатталды.
2020 жылдың 23 желтоқсанында Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Рухани жаңғыру» институты және «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігі ұжымдарымен бірлесіп Зардыхан Қинаятұлының ғылыми мұрасын зерделеп, оған баға беру және насихаттау мақсатында «Ұлы Дала тарихы және тұлға» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-офлайн конференция өткізді.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы белгілі саясаткер, тарихшы-ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятүлының әр жылдары жарық көрген монографиялары мен мерзімді басылымдарда жарияланған ғылыми мақалаларынан кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көне түркі тұлғалары мен арғықазақтар, Қазақ ойшылдары, Қазақтың би-шешендері, Қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарлы көлемді атаулар бойынша көптомға жоспарланған "Ұлы дала тұлғалары" сериясының төрт томы және томдардың анықтамалық көрсеткіші бастаған құнды кітаптар кітапханамызға келді.
Қытай ғалымы Су Бэйхайдың "Қазақтың жалпы тарихы" төрт томдық кесек еңбегі де кітап қорымызға түскенін айта кеткен жөн. "Нұрлы әлем" баспасынан шыққан Абай Құнанбайұлы 175 жыл, "Ұлы дала халқы мәдениетіндегі қоршаған орта", "Жыр арқауы - ата заң", "Өрт жылдардың отты жандары", т.б. жаңа кітаптар да қазынаға қосылды. Темірхан Медетбектің "Аудармалар, ой - толғамдары", Әлібек Асқаровтың"Туған жерге туыңды тік!" эсселері, Мадина Омарованың "Көмбе нанның дәмі", Нұрдәулет Ақыштың " Аласа таулар аясында" романы, Қайрат Раевтың " Алаштың арда ұлдары", Айгүл Кемелбаеваның "Папирус" жинағы, Серік Оспанның "Балуан Шолақ" еңбегі және Есболат Айдабосын "Тибет аруы" кітабы, т.б. әдеби, ғылыми және шет тілінен аударылған қырыққа жуық жаңа кітаптар кітапханамыз арқылы оқырманға жол тартты.
Танымал тележурналист, публицист Гүлмәрия Кулиясқызы Барманбекова Орталық ғылыми кітапханасына өзінің жақында баспадан шыққан "Ғажайып ғалам" атты кітабын сыйға ұсынды. Саяхат сырларын тақырып еткен қаламгердің бұл кітабы өзінің бұрын-соңды аралаған елдерінен алған әсерлері негізінде жазылған сапар естеліктерінен тұрады. Қазақ басына төнген ауыр жылдарда өткен ғасырдың алдыңғы ширегінде Алтайдан ауып, Аспантау асып, Анадолы, Еуропа елдеріне қоныс аударған қандастарымыздың бүгінгі өмірін де тілге тиек ететін бұл кітап оқырмандар үшін аса құнды жазбалар жауһары деуге болады.
Автор кітабын Орталық ғылыми кітапханасының меңгерушісі Қарлығаш Ескендірқызына арнайы табыстады. Алты миллион кітап қоры бар үлкен қазынаға кітабын қосқан қаламгер ақжарма тілегін, алғысын білдірді.
Биыл Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының құрылғанына – 75 жыл толып отыр. Еліміздегі тарихшы мамандардың бірнеше буыны осы ғылыми мекеменің қызметімен тікелей байланысты. Институт отандық тарих ғылымының барлық кезеңдерін зерттеу, жоғары дәрежелі кадрлар дайындау, әлемдік тарих пен мәдениеттің, өркениеттің дамуына үлкен үлес қосқан ғылыми мекеме.
1961 жылдың қаңтар айында Тарих, археология және этнография институтына ұлы ғалым Ш.Ш. Уәлихановтың есімі берілді. Ғылым академиясы Президиумының 1991 жылғы 12 қыркүйектегі №73 қаулысымен институт Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты болып атауы өзгертілді.
Қазақстандағы тарих ғылымын дамыту және тарихшы мамандар дайындауда академиктер А.Н.Нүсіпбекев, Б.А.Төлепбаев, Е.Б. Бекмаханов, Р.Б.Сүлейменов, Б.С.Сүлейменов, М.Қозыбаев, Г.Ф.Дахшлейгер және т.б. көптеген ірі ғалымдардың еңбектерін ерекше атауға болады.
2020 жылдың 22 желтоқсаны күні Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының құрылғанына -75 жыл толуына орай «Қазақстан тарих ғылымы: өткені, бүгіні және келешегі» атты ғылыми-теориялық конференция өткізді. Конференция жұмысы онлайн-офлайн форматында өтті.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты тарихшы ғалымдарының әр жылдары жарық көрген ғылыми еңбектерінен кітап көрмесін ұйымдастырды.
Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,
Деп жылар талай қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ айтар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде.
Б.Момышұлы
Ерліктің символына, аты аңызға айналған қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына биыл – 110 жыл толып отыр.
Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Балалық шағын туған ауылында өткізіп, оқуын орталықтағы мектеп-интернатта жалғастырады. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдық мектепте ұстаздық, кеңестік мекемелерде әр түрлі қызметтер атқарады. 1932 жылы әскер қатарына шақырылып полктық мектепте әскери мамандықты меңгерген ол запастағы командир ретінде әскери жұмысын аяқтайды. 1936 жылы Б.Момышұлы Қызыл Армия қатарына қайтадан шақырылып, атқыштар полкының командирі болып тағайындалады. Әскер қатарында болған жылдары бірнеше әскери мамандықты меңгеріп, 1941 жылы еліне оралады.
Халық арасындағы ақындардың жазып қалдырған қолжазбалары терең зерттелуі керек. Қиын жылдарда із-түзсіз кеткен тұлғаларды табуға жәрдемі тиетін материалдар парақталғаны дұрыс.
Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында қазақ тарихының әрбір кезеңдерін, әсіресе екі тізгін бір шылбыр қолдан кеткен кезеңде көрген қорлық пен ұлттық қасіретті хатқа түсірген қолжазбалар көп. Біз бүгін құрметті оқырманға сол жазбалардан бірнешеуін таныстырамыз.
«Қазақ халқы Руссия патшасына қарағанда, атаңыз патша хазіреті қазақтан әскер алмасқа ант қағаз жасалған. Не үшін өзіңіз іс туғызып, қазақтан әскер алмақшы болғансыз? Біздің қазақ халқы әскер бермекші емеспіз...»
Әлем жұртшылығына ортақ небір ғажап көне кітаптар Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан көптеп табылады. Кітапхана талай жылдан бері сондай құнды мұралардың көрсеткіштерін, каталогтарын жасап, ғылыми қауымға ұсынып келеді. Теңізден тебен іздегендей қиындық тумауы үшін, қорда бар тарихи, мәдени мұралардың көрсеткіштерін жасап отыру – зерттеушілердің уақытын үнемдеп, заманауи тәсілдер арқылы ізденіс жасауына, тіптен, еліміз ғылымының алға ілгерілеуінде алар орны ерекше. Орталық ғылыми кітапхана бұған дейін шығарған «Қазақ жазба мұраларындағы хандар шежіресі», «Қолжазбалардың мазмұндалған библиографиялық көрсеткіштері» және «Парсы тіліндегі кітаптардың каталогы» қатарлы жинақтар ғылыми қауымның ізденісіне жетектеушілік рөлін атқаруда.
10 желтоқсан күні Қазақтың белгілі қаламгерлері өздерінің кітаптарын Орталық ғылыми кітапхананың қазынасына қосты. Қаламгерлер сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған арысы мың жыл, берісі ғасыр «жас жасаған» көне басылымдар мен қолжазбалар көрмесін тамашалады. Қонақтар Орталық ғылыми кітапхананың меңгерушісі Қаймақбаева Қарлығаш Ескендірқызымен кеңесе отырып, өздерінің қаламынан туған кітаптарын ұсынды.
Айталық, бұл күнде жасы сексенге келген ақын, жазушы, сценарист Қажыбек Төтекин «Жаным, саған айтайын» (өлеңдер мен дастандар), «Бойтұмар» (әңгіме, повестер), «Дарымаған қарғыс» (эссе, өлең роман) кітаптарын тарту етіп, ақжарма тілегін ағытты. Ақын Сіләмхат Сейтқамзаұлы «Ақжайқын» жыр жинағын кітап қорына сыйлады. Жазушы, этнограф Байахмет Жұмабайұлы «Ою-өрнек әлемі», «Жартастар үн қатады», «Балбалдар мен кешендер», «Қазақтың сауда мәдениеті», «Бұқарбай батыр», «Зуқа батыр», «Өшпес есімдер» қатарлы оншақты еңбегін; Жазушы, этнограф Болат Бопайұлы «Қазақ кәдесі», «Қазақ мінезі», «Қазақ наурызнамасы», «Қазақ таныған гүлдер», «Бастаудан бақиға дейін», «Қазақ аспан есебі», «Ақыт ақиқаты», «Қазақтың алғыстары мен қарғыстары», «Қазақ жұлдыз жорамалы» қатарлы он кітабын; ақын, публицист-жазушы Болат Құрманғажыұлы Әкежан «Бөрі ұлыған түндер» (әңгімелер), «Зерде» (монография) және «Тек» атты тарихи романын; ақын, жазушы Дәулетбек Байтұрсынұлы «Күнәсіз мекен», «Топыраққа сіңген нұр», «Сенің арқаң», «Ясин-Нұр», «Ақыреттің егіні», «Өлместің суы бар ма», «Төлеген оқыған хат» кітаптары мен қоса «Өмірдің өзі» атты төрт томдық еңбегін сыйға тартса, жазушы Таухидін Зәменұлы «Өмір іздері» атты кітабын, күйші Мұқаш Таңғытұлы «Жайсаң», «Шежірелі шертпе күй» еңбектерін өз қолдарымен табыстады.
Орталық ғылыми кітапхана басшылығы қаламгерлерге «Алғыс хат» берді. Осылайша елуге жуық кітапты ел қазынасына қосқан авторлар да бастамаға ризашылықтарын білдірді. Әдетте жеке қаражатпен шыққан кітаптардың үлкен кітапханаларға жетпей қалатын олқылығын ескере отырып, қалам иелерін кітапханаға кітаптарын сыйлауға шабытарндыратын осындай игі шаралардың көбірек болғаны ел болашағы тұрғысынан да алар орны ерекше.
2020 жылдың 7 желтоқсанында РМК «Ғылым ордасында» қазақтың ұлы ғалымы, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туылғанына 185 жыл толуына орай Орталық ғылыми кітапхана мен Сирек кездесетін кітаптар музейі бірлесе ұйымдастырған «Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы» атты экспозицияның ашылу салтанаты өтті.
Іс-шара кезінде Орталық ғылыми кітапхана мен Сирек кездесетін кітаптар музейінің қорына т.ғ.д., профессор Әбусеитова М.Қ. «Ш.Ш.Уәлихановтың сегіз томдық шығармалар жинағы» мен «Қазақстан тарихының мыңжылдық дереккөздері» атты кітап-альбомды сыйға тапсырды.
Шығармалар жинағына Ш.Уәлихановтың алдыңғы 5 томдық басылымында жарияланбаған Орталық ғылыми кітапхана қорында сақтаулы қолжазбалары мен саяхат күнделіктері енгізілді.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы артына ұшан-теңіз мұра қалдырған тұлға. Өмірі толассыз күреспен өткен бірегей ғалымның қыруар еңбектері 1912-1927 жылдар арасында жарияланды. Өзі басқарған «Қазақ» газеті, басқа да мерзімді басылымдарда жарияланған жүздеген жазбаларынан сырт, өз авторлығымен жеке кітап болып шыққан кітаптары ең көп қайраткер де осы Ахмет Байтұрсынұлы деуге болады. Ғалымның кітаптары өзі тапқырлаған «Төтеше әліпбиімен» басылған. Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар қорында ұлағатты ұстазымыздың 15 кітабы сақталған. 1930 жылдан бастап ғалымның жазбалары мен ұстанымдарына шектеу қойылып, 1937 жылы жазықсыз атылып кеткеннен кейін 1989 жылы ақталғанға дейін ғалымның мұралары туралы ауызға алу мүмкін болмады. Елу екі жыл үнсіз жатқан мұралар Қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлт руханиятына жұмыс істей бастады. «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген Ахаңның арманы біртіндеп орындала бастады. Осы орайда Ахметті ақтауға талпыныс жасаған ғалымдардың алғашқысы болып академик Рабиға Сыздық аталады. Рабиға Сәтіғалиқызы 1978 жылы бір ғылыми басқосуда алғаш рет Ахаңның ұлылығы туралы қызыл үкіметтің алдында именбей сөз айтқан еді.
Бүгін "Ғылым ордасы" РМК Орталық ғылыми кітапханасының қорына Д. З. Игсатованың «Женщины Казахстана на войне 1941-1945гг.» атты жинағы тарту етілді.
Басылымда Отан қорғауға шыққан батыр әйелдердің есімдері берілген.
Қазақстандықтардың тылдағы ерліктері майдан үшін өте қуатты арсенал болды. Жинақта майдангер қазақ қызы Халида Маманованың майданда бас дәрігер дәрежесіне дейін көтеріліп бейбіт заманда профессор атағына ие болғаны туралы өте шынайы түрде баяндалған.
Осман (Түркия) түріктері 1868 жылдың өзінде орыстың атақты ақыны А.С.Пушкиннің (1799-1837) шығармаларын аудара бастаған. Ал бұл кезде мүмкін Абай атам Жидебайда Пушкин шығармаларын сүйіне оқи бастаса керек. Түрік ақыны Пушкиннің өлеңдерінің ішінен таңдап отырып «Бақшасарай естеліктерін» аударып, өз халқына жеткізген. Себебі, Пушкин бұл өлеңді Қырымдағы Бақшасарайды көргенде шабыттанып жазған екен. Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар қорында сақталған сол кітаптың суреті төменде. Ол туралы мынадай ақпарат берілген:
«Puşkin, A.S., Bahçesaray Çeşmesi, Peterburg, 1827 – 1868.
А.С. Пушкинның «Бахчесарайский фонтан и Талисман» шығармасының түрік тіліне (осман) аудармасы. Юсуф Исхақоғлы СПб-де 1868-ші жылы Аударған. Пушкин Қырым ханының Бахчесарай сарайын көріп әсерленіп жазған поэмасы. Пушкин бұл поэманы 1821–1823-ші жылдары жазған. 52 бет».
«Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар музейі Орталық ғылыми кітапханамен бірлесе 2020 жылдың 7 желтоқсанында сағат 15.00-де Шоқан Уәлихановтың туғанына 185 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы» атты жылжымалы көрменің ашылу салтанатын өткізеді.
Шоқан Уәлиханов – қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, саяхатшы, Ресей Императорлар әскерінің Генералдар штабының офицері. Оның зерттеулері Лондондағы Орыс Императорларының География қоғамының еңбегінде жарияланған. Еуропалықтар үшін беймәлім болып келген Қытай аймағындағы Шоқанның ашқан жаңалықтары сол кездің өзінде-ақ ғалымдардың жоғары бағасына ие болды. Ғалымның артына қалдырған тарих, этнография, құқық, фольклор, география, филология салалары бойынша жазған еңбектері ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазына.
Көрмеде Орталық ғылыми кітапхана қорында сақталған Шоқан Уәлихановтың қолжазбаларының фотокөшірмесі, сондай-ақ, ол туралы жазылған кітаптар мен басылымдар насихатталады.
Жылжымалы көрмені 2020 жылдың 7-11 желтоқсан аралығында тамашалай аласыздар.
Өткізілетін орны: Алматы қаласы, Шевченко көшесі 28 үй, «Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар музейі, 1 қабат.
Өтетін уақыты: 7 желтоқсан 2020 ж. сағат 15.00-де.
Қосымша ақпарат алу үшін мына телефондарға хабарласуларыңызды сұраймыз: Тел.:. +7 (727) 300-32-25; 300-50-71.
Ел болып күткен "100 оқулық" кітапханамызда.
Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасы бойынша жарық көрген кітаптар орталық ғылыми кітапханасына келді. Аталған 100 кітаптың бұған дейін 30- ы оқырмандарға жол тартса, осы аптада және де 30 жаңа оқулық келіп кітапхана қорына қосылды.
Еліміз халқының әділ бағасын күтіп, ұлттың рухани қазынасына айналу алдында тұрған айтулы басылымдармен таныс болыңыздар!
30 қараша күні Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы «Жас мамандар» кеңесінің ұйымдастыруымен Алтын Орданың 750 жылдығына арналған, ақын Әділет Ахметұлының «Алтын Орда аманаты» атты шығармашылық кешін өткізеді.
Шығармашылық кештің мақсаты:
Ә.Ахметұлының шығармашылығымен танысу;
Алтын Орданың 750 жылдығына орай, Әділет Ахметұлы нәзиралық жолмен аударған «Жұмжұма сұлтан» атты кітаптың тұсаукесерін өткізіп, жаңа кітапты оқырмандармен бөлісу.
Өткізілу форматы: офлайн-онлайн
Басталуы: 30.11.2020 жыл, сағат 15.00
Өткізілетін орны: Орталық ғылыми кітапханасы Конф. зал, 3-қабат
Онлайн Zoom платформасындағы Идентификаторы: 340 626 1884
Тіркелу коды: 30312029
Ұйымдастыру комитетінің мекенжайы:
Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы
Байланыс телефондары: 8(727) 2-61-02-39; 8(727) 2-61-02-70.
Еліміздің іші-сыртындағы жырсүйер қауымның шығармашылық кешке онлайн түрде қатысуын қуана қарсы аламыз!
2020 жылдың қараша айында педагог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Кеңес Одағының Батыры, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мәлік Ғабдулиннің туғанына – 105 жыл толып отыр. Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы Ақмола облысы, Зеренді ауданына қарасты Қойсалған ауылында дүниеге келген. 14 жасынан бастап атақты жазушы Сәбит Мұқановтың тәрбиесін алған.
1924-1931 жылдар аралығында М.Ғабдуллин Көкшетау қаласындағы жеті жылдық қазақ мектебінде оқиды. 1931-1935 жылдары Алматы қаласындағы Абай атындағы Педагогикалық институттың «Қазақ тілі мен әдебиеті” бөлімінің студенті атанады. Институттан кейін 1935-1937 жылдар аралығында әскери борышын өтейді. Әскерден келген соң, 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер болып еңбек етеді. 1938 жылы «Қазақстан пионері» газеті редакторының орынбасары қызметінде болады, КСРО Ғылым Академиясының қазақстандық Филиалындағы Тіл және Әдебиет Институтында ғылыми қызметкер болады.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, көркем шығармаларымен, адамгершілік сұлу келбетімен оқырмандарының терең сүйіспеншілігіне және туған халқының құрметіне бөленіп өткен аяулы ардагер, қазақтың белгілі ақыны, аудармашы, жазушы Сапарғали Ысқақұлының туғанына 125 жыл толды.
Сапарғали Ысқақұлы Бегалин 1895 жылы 24 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Дегелең ауылында дүниеге келген. 1983 жылы қайтыс болған.
Әдебиеттің әр жанрында төселген қаламгер Пушкин, Лермонтов және басқа да көптеген орыс классиктерінің шығармаларын қазақшаға аударған. Сапарғали Бегалин қазақ балалар әдебиетінің дамуына өте көп еңбек сіңірген, сондай-ақ балалар әдебиетінің негізін қалаушы алғашқы көшбасшылардың бірі. «Қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы және классигі» аталған алаштың айбоз ұлының өмірге келгеніне 125 жыл толуына орай, Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімі жазушының кітапхана қорында сақталған кітаптарынан көрме қойды. Көрмені көріп, жазушы шығармашылығымен таныс болғысы келетін оқырманға есік ашық.
Ғұлама Ақыт қажы Үлімжіұлы Қарымсақов (Алтайский) 1914 жылға дейін оншақты кітап шығарған екен. Қазан мен Санкт-Петербург қалаларынан өте алыс, ҚХР территориясы саналатын өр Алтайлық қаламгердің бұдан 120 жыл бұрын осыншама мол мұра қалдырғаны кісіні таңдандырмай қоймайды. Әрине, Ақыттың кейінгі кезде Шынжаңда және елімізде шыққан кітаптарын, еңбектерін есептесек бұдан да көп дүниенің бар екенін айтуға болады. Кітапхана тұрғысынан тек сирек кітаптарына назар аударсақ, ХІХ ғасырдың аяқ шенінен 1914 жылға дейін тау асып, тас басып жүріп, жауһар жазбаларын өркениет ошағы саналған неше мың шақырым қашықтықтағы қалаларға жеткізуі құбылыс оқиға саналады.
2020 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы ҚР Ұлттық Ғылым академиясымен бірлесіп, Алматы қаласы «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев» атты биобиблиографияның тұсаукесері өтті. Жоба жетекшісі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы, саяси ғылымдардың докторы, профессор М.Б. Қасымбеков.
Биобиблиографияның тұсаукесері Елбасы кітапханасы мен ҚР Ұлттық Ғылым академиясы бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстан ғылымы: даму кезеңдері мен басымдықтары» тақырыбындағы дөңгелек үстел аясында болды.
«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев» биобиблиографиясының жарық көруі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі болып сайланғанына 25 жыл толуына арналды. Іс-шара аясында Елбасы кітапханасы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы осы іс-шараға арнап кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасының өмірі мен қызметі, тарихи-танымдық, руханият туралы еңбектері, Қазақстан халқына арналған Жолдаулары, іргелі және стратегиялық жоспарлары туралы ақпараттар қойылды.
2020 жылдың 12 қарашасында Тарих ғылымдарының докторы, археолог-ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Карл Молдахметұлы Байпақовтың туғанына 80 жыл толуына арналған «Ұлы Жібек жолындағы мәдениет пен дін» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Карл Молдахметұлы Байпақов 1940 жылдың 17 қарашасында Алматы облысы Талғар қаласында педагогтар отбасында дүниеге келген. Мектепті Алтын медальмен бітірген ол 1958-1963 жылдары Ленинград (қазіргі Санкт - Петербург) мемлекеттік университетінің Тарих факультетінде оқып, тарихшы-археолог мамандығы бойынша диплом алды. Универитетті бітірген соң Алматыға оралып, 1963-1966 жылдары Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының аспиранты болды. Қазақстан мен Орталық Азиядағы ортағасырлық тарихи ескерткіштерге жасалған қазба жұмыстарына қатысып. Отырар, Жетісу, Шу, Талас қалаларына археологиялық зерттеулер жүргізді.
К.М.Байпақов 1966 жылы «Средневековые города и поселения Семиречья (VІI-XII вв.)» атты тақырыпта К.Акишевтің жетекшілігімен кандидаттық , 1986 жылы «Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья VI - начала XII в.» деген тақырыпта докторлық диссертацияларын қорғады. Ғалымның «Мәдени мұра», «Ежелгі Отырардың қайта өркендеуі» атты мемлекеттік бағдарламаларға және Қазақстан археологиясын дүниежүзілік стандарттқа шығаруға қосқан үлесі зор.
1987 жылы ЮНЕСКО-ның Бас сессиясында Ұлы Жібек жолын зерттеу бойынша қабылданған Халықаралық жобаға қатысып, ұзақ жылдар бойы Ұлы Жібек жолы тарихын зерттеумен айналысты. Ғалым дүниежүзілік ғылымға қосқан үлесі үшін 2005 жылы ЮНЕСКО медалінің иегері атанды.
Жібек Жолы – ежелгі және ортағасырлық кезеңде мемлекеттердің сауда және мәдени байланыстарының пайда болуы мен дамуының бастауы болған Батыс пен Шығыс Еуразияны қосатын ерекше маңызды керуен жолдарының жүйесі болған.
К.М. Байпақов 1991 жылдан 2010 жылға дейін Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтында директорлық қызмет атқарды. 1994 жылы Ұлттық Ғылым академиясының корр. мүшесі, ал 2003 жылы академияның толық мүшесі академик болып сайланды. Ол мектептерге арналған Ежелгі Қазақстан тарихының авторы. Қазақстан ғылымына қосқан үлестері үшін көптеген мемлекеттік наградалардың, ал 2017 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алды.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы Карл Молдахметұлы Байпақовтың туғанына – 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ұлы Жібек жолындағы мәдениет пен дін» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға арнап ғалым еңбектерінен кітап көрмесін ұйымдастырды.
Конференция жұмысын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры Олжас Омарұлы Сүлейменов ашты. Онлайн форматында шетелдік ғалымдардың баяндамалары тыңдалды. Сонымен бірге отандық ғалымдар, тарихшылар, археологтар, дінтанушылар баяндамалары мен археолог-ғалым туралы естеліктерін ортаға салды.
"Ғылым ордасы" РМК Орталық ғылыми кітапханасының қоры қазақстандық ғалым, техника ғылымдарының кандидаты, Халықаралық профессорлар қауымдастығының мүшесі, Еуропалық жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі Найманбаев Мадали Абдуалиұлынан сыйға алынған 50 лет с Политехом: «От КазГМИ до Satbayev University» атты бірегей кітаппен толықты.
Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан кездескен бұл өлеңді қорға жинап тапсырушы Ж. Жантөбетов 1945 жылы Дауашұлының айтуынан жазып алған екен. «Абайдың қартайғанда айтқан өлеңі болуы мүмкін» деген ескертпесін де қосып берген. 7 шумақтан, 36 тармақтан (соңғы екі шумақ сегіз тармақтан тұрады екен) бұл туындыдан Абайға және Шәкәрім қажыға тән сөз қолданыстар кездеседі. Мүмкін басқа ақынға тиеселі туынды болар. Дегенмен, біз мұны нақты бір авторға тәуелдеп көрcетпейміз. Өлеңнің бірнеше шумағын ғана жарияладық. Ал, кесімін абайтанушы, шәкәрімтанушы және әдебиетші ғалымдар тұрақтандырады деген сенімдеміз!
Қайғырып, қасірет тартпас тар келсе де,
Айналып ауыз жаппас жар келсе де.
Көлде шортан, көктемде көк орайдай
Түрленген жігіт дәурен бір келсе не?!
Жігіттік жын соққанмен бір пәс екен,
Қыз аулап, түнде жүрген бір мас екен.
Көңілге қоямын деп әжім түсті,
Сүйектің ол бір ғашық қызбасы екен.
.........
Болғанда күрең салқын шыбын жатар,
Көк орай көктем қурап тартар нашар,
Бура (бөрі) бастық бойдан ұшқан екен,
Таянды маған мыйсал тынып жатар.
......
36 тармақ өлеңнің 12 тармағын жарияладық. Егер осы өлең шынында Абайдың туындысы болып, ғалымдар бір ауыздан құптаса, онда хакім Абайдың 175 жылдығында табылған үлкен сый болар еді.
Іргелес тарихи көрші еліміз – Қытай екі мың жылдан бері әлем тарихын шып-шырғасын шығармай жазып келе жатқан ел. Кейбір елдерде 100 томдық еңбектер осы ғасырда ғана қолға алынып жатса, қытай халқы өткен мыңжылдықтарда неше жүз томдық, тіпті 1500 томдық желілес кітаптар жазған. Бір қызығы Қытай мұрағаттарында заманның небір қиын кезеңдерінен аман-есен өтіп, сары майдай сақталған бұл томдардың бәрінде тек қытай халқы мен қытай териториясының іші ғана қамтылмайды. Қайта төрткіл дүние түгел тілге алынады. Әсіресе, мың жылдар бойы көршілес қоныстанған қазақ халқының, түрік халықтарының өткені мен кеткені осы сарғайған томдардан табылады. Бұл айтқанымызға дәлел боларлық мұраларды біз шекара аспай-ақ еліміздегі Орталық ғылыми кітапханадан да таба аламыз. Кітапхананың Сирек кітаптар қорында аталған мұралардың жүзге жуық басылымы бар. Төменде біз қорымызда сақталғанн Көк түрік қағанатының тұсында жазылған бір еңбекті және Қазақ хандығы тұсында жазылған бір еңбекті таныстырамыз.
1. Туң Дян (通典Tōng diǎn)
Ду Юу. Туң Дян (Жалпы жарғы). 200 том. – Ханчжоу: Жыжиян литографиясы, 1896. 18.2×12.2cm
Туң Дян (Жалпы жарғы) – Қытайдың тарихи 10 жарғысының бірі. Таң дәуіріндегі тарихшы Ду Юу (杜佑, 735-812 жж.) бұл еңбегін 766-801 жж. 35 жылда жазып бітірген. Кітап жалпы 200 томнан тұрады. Кітапқа соған дейінгі дәуірлердегі қытай тарихындағы заң-жарғылардың қалыптасуы, даму үрдісі баяндалған. «Жалпы жарғының» 197-бумасында «Түрік 1» , 198-бумасында «Түрік 2», 199-бумасында «Түрік 3» баяндары бар. Онда Түріктердің салт-санасы, заң-жарғысы, саяси билік жүйесі мен қағандары туралы жіңішкелікпен жазылған. Еңбек 1307, 1368,, 1522, 1538, 1747, 1776 және 1896 жылы басылған. Бұл 1896 жылғы литографиялық басылымы.
2. Хуаңчау Туңдян (皇朝通典Huángcháo tōng diǎn)
Жи Хуаң, Лю Таң. Хуаңчау Туңдян (Патшалық жарғысы). 100 том. – Ханчжоу: Жыжиян литографиясы, Ханчжоу: Жыжиян литографиясы, 1882.
Хуаңчау Туңдян - Жи Хуаң (嵇璜, 1711-1794 жж.) және Лю Таң (刘墉, 1719-1805 жж.) қатарлылар жазып құрастырып, 1787 жылы баспадан шыққан 100 томдық тарихи еңбек. Еңбектің бастапқы аты Чиндиң Хуаңчау Туңдян (欽定皇朝通典Qīndìng huángcháo tōng diǎn) деп аталған. Хуаңчау Туңдян - Қытайдың тарихи 10 жарғысының бірі саналатын бұл еңбекте Қазақ хандығы мен Қазақ хандары туралы мәліметтер көп болумен қатар, қазақ хандығының сол кездегі картасы да қоса берілген. Еңбектің 1787, 1882, 1935 және 1958 жылдардағы нұсқалары бар. Бұл 1882 жылы Хаңжуда (杭州) шыққан литографиялық нұсқасы.
Біздің оқырман қауымға беріп отырған аңдатпамыздың өзінен де таң қаларлық мағұлмат алып отырғаныңыз даусыз. Демек бұл теңіздің тамшысы ғана. Алдағы уақытта Орталқ ғылыми кітапхана осы мұрағаттар туралы сіздерге тағы да бір қуанышты ақпаратты жариялауға асығып отыр. Қазақ қағанаттарының тарихи бет-бейнесіне көрші империялар қандай көзқараспен қарады екен, ол зерделенуге тиісті кесек тақырып.
ОРЫСТА БІРЕУ БОЛҒАН ПУШКИН АТТЫ,
ОҚЫҒАН, ӨЗІ ӨНЕРПАЗ МАҒРИПАТТЫ.
– Әсет Найманбайұлы
Жез таңдай, бұлбұл көмей Әсеттің Пушкин туралы дастан жазғанын біреу білсе біреу білмес. Әсет Найманбайұлының терме, толғау, өлең-жыр, айтыстарынан сырт жиырмадан астам қисса-дастаны бар. Кең тынысты, өткір тілді ақын шығыстық классикалық қисса-дастандарды, ертегілерді қайталай жырлау жағынан да оза шапқан жүйрік.
Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында Әсет Найманбайұлының (1867-1922) әр жанрдағы шығармаларының 18 қолжазбасы бар (дәптер). Бұл жазбалар Әсеттің төл қолтаңбасы болмаса да, ақынның замандастары, шәкірттері, жырына іңкәр болған туған жұрты, кейінгі өнерпаздар қағаздан қағазға, ауыздан-ауызға таратып отырған нұсқалар еді.
Әсеттің мұраларын көп жинақтаған Б.Адамбаев құрастырған 1968 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Әсет» атты кітап пен 2012 жылы «Ұлағат» баспасынан шыққан «Ә.Найманбайұлы шығармаларының толық жинағы» (екі том) қатарлы кітаптарда Әсет шығармалары біршама толық жинақталған. Алайда, біздің қорымызда сақталған Әсет мұралары мен аталған жинақтарда жарияланған шығармалар арасында айырмашылықтар кездеседі. Қалай деген күнде де ел арасынан жиналған осы 18 дәптерден тұратын қолжазбаның әсеттануда алар орны бөлек.
Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса.
Толығы:
Қазаншының еркі бар,
Қайдан құлақ шығарса.
Тәңірінің еркі бар,
Тастан бұлақ шығарса.
Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді
Толығы:
Жалғыз түскен құмалақ,
Бір қарын майды шірітеді.
Нәсілінде болса жамандық,
Ағайынды ірітеді.
Біз шынында мақалдардың жартысын ғана айтып жүрміз. Бұл туралы тіл зерттеуші ғалымдардың зерттеулерінен білуге болады. Ал, біз мұны сирек кітаптарды парақтап отырып онан ары тереңірек түсіндік. Бүгінгі таңда ұлы Абайдың әр өлең жолдары мақал-мәтелге айналып кеткені сияқты, қазіргі қолданыстағы мақал-мәтелдер де бір кезде әлдебір сөз сүлейлерінің айтқан төрт тармағы толық өлеңдері иә кемелді қанатты сөздері болуы мүмкін. Немесе бір тарихи оқиғаны бейнелейтін тұрақты тіркестер кейін келе қырланып, өңделіп, бүгінгі бізге мақал күйінде жеткен. Біздің бүгінгі жазбамызға түрткі болған жәдігер – Мейрам Ысқақұлы деген кісінің 1914 жылы Қазандағы Кәримовтар баспаханасынан шығарған «Қазақ мақалдары» атты 40 беттен тұратын шағын кітабы.
Кітапты оқып тырып, бұған дейін халықтық жырларда, жыраулардың туындыларында кездесетін өлеңдердің тармақтарын халық мақал деңгейіне дейін сіңіріп жібергеніне көзіміз жетті. Асанқайғы, Ақтамберді, Бұқар жыраулардың өлеңдеріндегі «Жар басына қонбаңыз», «Жал-құйрығы қаба деп...», «ағайының жамандап...» деп басталатын жырларының бірнешеуі мақал ретінде берілген.
Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған шағын ғана кітапша қалай деген күнде де осыдан 106 жыл бұрынғы туған жұртымыздың сөз саптау өнерінен аз да болса хабар береді. Кітапхана қорында осы мақалдарды жинақтаушы Мейрам Ысқақұғлы туралы осы шағын кітабынан басқа деректер кездеспейді. Кітапта мақал жинаушы автор ретінде Ысқақ баласы Мейрам Ырсай деген толық аты-жөні бар жазарман туралы зерттеу жасаған дұрыс. Дегенмен, оқырманға аңдатпа ретінде берген алғысөзіне қарағанда аталған қалам иесінің де өз ортасының озық ойлы азаматтарының бірі болған байқалады.
Мақаланың толық нұсқасын Алты Алаш сайтынан оқи аласыз.
ҚР БҒМ ҒК "Ғылым ордасы" РМК Орталық ғылыми кітапханасы 2020ж. 22 қазаннан 22 желтоқсанға дейін Taylor & Francis мәліметтер базасын пайдалануға мүмкіндік жасайды.
Taylor & Francis (Ұлыбритания) –1852 жылы Уильям Фрэнсис пен Ричард Тейлордың басшылығымен құрылған халықаралық кітап баспасы.Taylor & Francis Online – Routledge шығаратын әлемдегі ең ірі әлеуметтік және гуманитарлық журналдар бағдарламасын; Taylor & Francisжәне cogentoa ұсынған алдыңғы қатарлы теориялық және қолданбалы ғылыми, технологиялық және медициналық контентті, ашық қолжетімділіктің кең ауқымды журналдар жинағын қоса алғанда, 2600-ден астам журналдарды біріктіреді.
Taylor & Francis журналдары – жаратылыстану, қолданбалы, қоғамдық және гуманитарлық-ғылыми бағыттардың кең көлемін қамтиды.Сонымен ресурсқа химия, физика, биология, жер туралы ғылымдар, медицина, инженерлік және компьютерлік ғылымдар, математика, статистика және информатика, сондай-ақ экономика және менеджмент, әлеуметтану, білім, құқық, филология, өнертану, психология және т. б. ғылым салалары бойынша басылымдар енгізілген.
Ақпараттық ресурстармен қамтамасыз ету, кітап қорын насихаттау бөлімі
Электрондық ресурстар залы
Тел. 261-02-49
e-mail: Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.
20 қазан күні Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Орталық ғылыми кітапханасы» мен М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына арналған «Абай шығармашылығы әлемдік әдебиет пен мәдениет аясында» атты Халықаралық ғылыми-теориялық онлайн конференциясын өткізді.
Конференцияға еліміздегі абайтанушы ғалымдардан сырт, Түркия, Ресей және Өзбекстан әдебиетшілері қатысты. Екі жарым сағатқа созылған ғылыми талқы жиналысында ұлы Абайдың бұған дейін ашылмай келген қырлары туралы тұшымды баяндамалар жасалды. «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының меңгерушісі Қаймақбаева Қарлығаш Ескендірқызы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, профессор Қорабай Серікқазы Сыбанбайұлы сөз тізгінін ұстаған бұл шарада әлем таныған Абай төңірегінде тың тақырыптар қозғалды. Атап айтқанда, Өзбек елінен қатысып отырған профессор Юлдашев Қазақбай «Абай: ойшыл, ақын, сопы»; Түркия Республикасынан байланысқа шыққан Doc.Dr.Cemile Kinaci ханым «Абай және жастар»; У.Алиев атындағы Қарашай-Черкес мемлекеттік университетінен Сүйінова Нәсіпхан Хусинқызы «ХХ ғасырдағы ноғай әдебиеті және Қадрия поэзиясы» атты баяндамаларымен алыстағы туыстас түркі жұртының ыстық сәлемдерін жеткізді. Ал Шығыс Қазақстаннан Аязбаева Гүлмира Мұратқызы мен Кашаку Гүлжан «Сирек басылымдардағы Абай» және «Абай мен Михаэлистің достығы» атты баяндамаларын жасады.
Орталық ғылыми кітапханасы Ғылыми-библиография бөлімінің бастығы Игиликова Сымбат Игиликқызы «Орталық ғылыми кітапхана қорындағы Абай Құнанбайұлының шығармалары» атты баяндамасында жұртқа Абай туралы қыруар материалдардың тізбесін көрсетті. Осы кітапхананың Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінің қызметкері Әділет Ахметұлы «Қолжазбалардағы Шәкәрім мұраларының сыры» атты тақырыпта тыңнан түрен салды.
«Абай шығармаларындағы Риа мәселесі» атты тақырыпта баяндама жасаған М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, ф.ғ.к., доцент Қыдыр Төрәлі Еділбайұлының «Абай шығармаларындағы Риа мәселесі»тыңғылықты зерттеулері тыңдарман қауымның алқауына бөленді. Серікқазы Сыбанбайұлы жақында ғана жарық көрген ұжымдық еңбек – Абайдың академиялық толық жинағы туралы айта келіп, келелі кеңесті қортындылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы