Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы артына ұшан-теңіз мұра қалдырған тұлға. Өмірі толассыз күреспен өткен бірегей ғалымның қыруар еңбектері 1912-1927 жылдар арасында жарияланды. Өзі басқарған «Қазақ» газеті, басқа да мерзімді басылымдарда жарияланған жүздеген жазбаларынан сырт, өз авторлығымен жеке кітап болып шыққан кітаптары ең көп қайраткер де осы Ахмет Байтұрсынұлы деуге болады. Ғалымның кітаптары өзі тапқырлаған «Төтеше әліпбиімен» басылған. Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар қорында ұлағатты ұстазымыздың 15 кітабы сақталған. 1930 жылдан бастап ғалымның жазбалары мен ұстанымдарына шектеу қойылып, 1937 жылы жазықсыз атылып кеткеннен кейін 1989 жылы ақталғанға дейін ғалымның мұралары туралы ауызға алу мүмкін болмады. Елу екі жыл үнсіз жатқан мұралар Қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлт руханиятына жұмыс істей бастады. «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген Ахаңның арманы біртіндеп орындала бастады. Осы орайда Ахметті ақтауға талпыныс жасаған ғалымдардың алғашқысы болып академик Рабиға Сыздық аталады. Рабиға Сәтіғалиқызы 1978 жылы бір ғылыми басқосуда алғаш рет Ахаңның ұлылығы туралы қызыл үкіметтің алдында именбей сөз айтқан еді.
Ахмет Байтұрсынұлының «Әліпбе», «Оқу құралы», «Тіл – Құрал», «Тіл жұмсар», «Баяншы» қатарлы оқулықтары әр жылдары сұраныспен неше мыңаған таралыммен басылса, бір жылдың өзінде бірнеше қайтара басылғанына тарихи мұраның өзі айғақ. Бір ғана «Тіл – Құралы» ілгерінді-кейінді 34 рет қайтара басылған. Ол кездегі кітаптардың әсіресе оқулықтардың әр бір басылымының таралымы 5000 данадан кем болмайтынын ескерсек, Ахаңның осы кітабы 200-300 мың дана болып жұрттың қолына тиіп отырған. 5000 дегеніміз ең төменгі көрсеткіш. 13000, 15 000 таралымдағы Ахаң кітаптары Мәскеу, Петербор, Тәшкент, Семей, Қызылорда, Орынбор қатарлы қалалардан жалпақ қазақ даласына жетіп отырды. Ал, бүгінгі елгезек интернет заманында сіздің жазбаңызды кемінде 5000 кісі оқи ма?
Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал», «Маса», «Ер Сайын» еңбектерін де төмендегі суреттер тізбесінен көре аласыздар.
Бүгін алаштың айбоз ұлы Ахмет Байтұрсынұлының шаһит болған күні. Әлемдік деңгейдегі ғалымның Орталық ғылыми кітапханада сақталған кітаптарының суретін ғалымның туған халқы – сіздерге ұсындық. Еліміз егемендік алғаннан кейін Ахмет Байтұрсынұлының мұралары жинақталып неше қайтара басылды. Байтұрсынұлын зерттеушілер де бар. Дегенмен күн өткен сайын ғалымның көзіндей аса мол көне кітаптарының құны арта бермек. Суретте көрсетілген көне кітаптардың ішіндегі мазмұндардың біршама толық жинақталып, түпнұсқа сақтау принципі негізінде қайталай басылып шыққан нұсқасы деп, 2017 жылы баспадан шыққан «Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы» деп аталатын 571 беттен тұратын үлкен жинақты атауға болады. Тағы бір қызықты дерек, 1954 жылы Түркиядан шыққан «Түркістанда Түрікшілдік пен халықшылдық» атты кітаптың да кітапханамызда бір нұсқасы бар. Кеңес үкіметінің темір тегеуріні батып, Алаш туралы айту толықтай шектеуге ұшыраған сол кезеңде осы кітапта Абай, Ахмет, Мұстафа, Мағжан, т.б. тұлғалар Түрік еліне таныстырылған екен.
Ахмет Байтұрсынұлы (5 қыркүйек 1872 жыл, қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылы – 8 желтоқсан 1937, Алматы қаласы) — қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі.
Ұлт ұстазының рухы бейіште шалқысын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы