Нұрхан Бәтішқызы Ахмедова 1915 жылы Жезқазған облысы, қазіргі Ұлытау ауданындағы №2 ауылда дүниеге келген. 1927 жылы Орынбордағы өлкелік мектепте алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, оқуын Орта Азия геологиялық барлау рабфагінде жалғастырған..
1933-1938 жылдары Москва Темір жол транспорты институтының инженер-экономикалық факультетін бітіріп, мамандығы бойынша Түрксиб басқармасында инженер-экономист болып қызмет істейді.
1939 -1948 жылдары Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің секретары қызметін атқарады. Ұлы Отан соғысы жылдары республика жастары жинаған қаржыға жасатылған «Қазақстан комсомолы» танк колоннасын тапсыру үшін майданның алғы шебіне барып, тыл еңбеккерлерінің сәлемін жеткізіп қайтқан. СССР Жоғары Советі Президиумы Жарлығымен «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен, 1948 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Бірнеше жыл жастар және әйелдер арасындағы жұмыстарды атқарып, кейін ғылымға ден қойып экономика тақырыбында ізденістер мен зерттеулер жасауға бет бұрған.
Н.Б.Ахмедова 1953-1955 жылдары КПСС Орталық комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасында оқып, 1955 жылы «ҚазССР-нің экономикалық дамуында социалистік өндіргіш күштерді орналастырудың мәні» деген тақырыпта кандидаттық, 1972 жылы «Қазақстан өнеркәсібін орналастыру және оны дамыту мәселелері» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Жоғары оқу орындарында оқытушылық қызметтер атқарды. Комсомол, партия ұйымдарында басшылық қызметтерде болды.
1957 жылы Нұрхан Бәтішқызы Ахмедова Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасына директор болып тағайындалады. Сол уақыттан бастап Орталық ғылыми кітапхана одақ бойынша жоғары деңгейге көтеріліп, ғалымдардың білім ордасына айналды. Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Уфа, Ташкент қалаларының архивтерінде сақталған қазақ елінің асыл мұраларын жинау жұмысын білгір басшы ретінде дұрыс жолға қоя білді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде «Дала уалаятының газеті», «Түркістан уалаятының газеті», «Айқап»журналы , «Қазақстан» газеттерінде басылған материалдардың мазмұндалған библиографиялары жарық көрді. Совет Одағының одақтас республикалары және шетел кітапханаларымен тығыз байланыс орнатылып, кітап алмасу аясы кеңейді. Н.Б.Ахмедова Қазақстан Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасында 30 жылдан аса директорлық қызметте болды, кітапхана жұмысын одақ бойынша жоғары дәрежеге көтерді, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Шебер басшының ұйымдастыруымен ғылымның салалары бойынша жүздеген библиографиялық, ғалымдардың биобиблиографиялық көрсеткіштері жарық көрді.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы Н.Б.Ахмедованың туғанына – 105 жыл толуына орай ғалымның еңбектері, өмір жолы мен қызметі туралы жазылған кітаптардан көрме ұйымдастырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы