СИРЕК КІТАПТАР МЕН ҚОЛЖАЗБАЛАР ҚОРЫ
Байланыс тел: 8(727) 261-02-70
e-mail:
Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры негізгі қорлардың мамандандырылған бөлігі және әрекет ететін қорлар жүйесіне жатады. Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры тұрақты түрде сақталады және елдің мәдени мұрасы болып табылады.
Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорына жататындар:
Қолжазбалар қоры – 2151 бума (22мың данадан аса)
Қордағы сирек кездесетін қолжазбалар – «Хандар шежіресі» (XVIII ғ.), «Пайғамбарлар және қожалар шежіресі» (XIX ғ.), «Абылай ханның Сібір әскери шептерінің қолбасшысы генерал-поручик И.И. Шпрингерге жазған хаты (1765-1767жж.)», М.Ж. Көпеевтің, А.Диваевтың, Жаяу Мұсаның қолжазбалары және А.Құнанбаевтың өзінің жеке хатшысы Мүрсейіт Бікеұлының қолымен жазылған өлеңдері, Еврей халқының діни қолжазбасы «Тора» (XII-XVIII ғғ.),«Шаһнама»-ның алғашқы қазақ тіліндегі аудармасы, Ш.Уәлиханов қолжазбаларының фотокөшірмесі, М. Әуезовтің қолжазбасы және т.б.
Сирек кітаптар қоры – 91 мың данаға жуық кітап және мерзімді басылымдардан тұрады
Cирек кездесетін материалдардың ішінде «Псалтырь», «Уложение Государя Алексея Михайловича» 1649ж.,«Академические известия» 1780 ж., Рычков П.И. «Топография Оренбургской Губернии» 1887ж., «Труды Арало-Каспийской экспедиции» 1875ж. және т.б. бар.
Қорда сонымен қатар қазақ халқының тарихын, археологиясын және этнографиясын зерттеген шығыстанушы ғалымдар А. Алекторов, И. Веселовский, В. Радлов, П. Паллас, А. Левшин, Г. Потанин, В. Бартольд т.б. еңбектері, Ш.Уәлихановтың 1904ж. шыққан «Шығармалар жинағы», Ы.Алтынсариннің 1879ж. «Қазақ балаларына орыс тілін үйретудің алғашқы нұсқаулары» және т.б. кітаптары мен 1917 ж. дейінгі орыс тіліндегі сирек журналдар сақталған.
Шет ел тілдеріндегі сирек кітаптар XVI-XX ғғ. басылған латын, неміс, француз, ағылшын, қытай, итальян және т.б. тілдердегі 500 – ден аса кітаптарды қамтиды. Людовик Аристо 1556 ж. «Неистовый Орландо» атты италян тіліндегі романы, Адам Олерий «Описание путешествия в Московию и через Московию в Персию и обратно» 1696 жылғы неміс тіліндегі кітабы, Әбл әл-Кәрім Бұхари «Орта Азия тарихы» -1740-1818 жж. Ауғанстан, Бұхара, Хиуа, Қоқандтағы оқиғалар туралы құнды дерекнамасының французша аудармасы және т.б.
Шығыс тіліндегі әдебиеттер қоры 10 мың данаға жуық
Қорда араб, парсы, тәжік, өзбек, әзербайжан, татар, қытай, т.б. шығыс тілдеріндегі кітаптар мен қолжазба еңбектер жинақталған.Сондай-ақ шығыс тіліндегі басылымдардың ішінде араб және т.б. тілдердегі 300-ден аса Құрандар мен Тәпсірлер бар.
Қазақ тіліндегі сирек кітаптар қоры 1929 жылға дейін араб графикасымен шыққан «Қисса-и Сейфүлмәлік», Сүлеймен Бақырғанның еңбектері, Х.А.Иасауидің «Диуани хикметі», Қ.Халидтің «Тауарих Хамсасы», Ш.Құдайбердиевтің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» сынды және т.б. құнды еңбектерден тұрады. Қордың тағы бір бөлігін батырлық жырлар мен эпостар құрайды. «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» және басқа да қисса-дастандардың бірнеше нұсқалары мен қазақ тіліндегі алғашқы шыққан «Қазақ», «Еңбекші қазақ», «Ақ жол» газеттері, «Айқап», «Абай», «Шора», «Шолпан» журналдары сақталған.
Диссертациялар мен авторефераттар қорын қазақстандық ғалымдардың Ғылым академиясында қорғалған докторлық және кандидаттық диссертациялары құрайды. Қор әр түрлі білім салалары бойынша орыс және қазақ тілдеріндегі 6146 диссертация мен 70 мыңнан аса авторефераттар атауынан тұрады.
СИРЕК КІТАПТАР МЕН ҚОЛЖАЗБАЛАРДЫ ОҚУ ЗАЛЫНДА ПАЙДАЛАНУ ЕРЕЖЕЛЕРІ:
1. Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры материалдарын ғалымдар мен зерттеушілерге, мамандарға, магистранттарға, студенттерге оқырман залында пайдалануға беріледі. Пайдалану үшін: оқырманның жұмыс істейтін мекемесінен, оқу орнынан ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» Бас директорының атына жазылған өтініш хат керек. Өтініш хатта: оқырманның қызметі, магистр, студент болса факультеті, қандай тақырыпта жұмыс істейтіні белгіленіп, көрсетілуі керек. Егер оқырман ешқандай мекемеде жұмыс істемесе (мысалы: зейнеткер), онда оқырман өз атынан өтініш хат жазуы тиіс.
2. Оқырман өзіне керек құжатын алу үшін міндетті түрде талап ету (требование) қағазын толық толтырып жазуы керек. Құжаттар оқырманға тек қана өзінің зерттеген тақырыбына сәйкес беріледі.
3. Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры материалдарын пайдалану ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» Бас директоры бекіткен ақылы қызмет көрсету прейскурантына сәйкес жүргізіледі.
4. Бір оқырманға күніне 10 тапсырыс (заказ) орындалады. Оқырманның қолына құжат бір данадан беріледі.
5. Оқырман алған басылымдарын оқу залында 15 күнге (диссертация – 1 ай) ғана сақтай алады.
6. Егер оқырман өзінің атына сақтап қалдырған басылымдарды 3 күн пайдаланбаса, басылымдар қайта қорға өткізіледі.
7. Егер құжат бір оқырманның атында сақтаулы болса, ол басылымды өзге оқырман алғашқы оқырманның келісімімен ғана алуына болады.
8. Оқырман өзі пайдаланған уақытта басылымдарға өзі толық жауап береді.
9. Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры материалдарын арнайы рұқсатсыз суретке түсіріп, көшірмесін алуға болмайды.
ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ:
• Оқу залына берілген құжаттарды залдан тысқары шығаруға;
• Басқа оқу залдарынан алынған басылымдарды арнайы рұқсатсыз сирек кітаптар мен қолжазбалар залына әкелуге;
• Қолжазбалар мен сирек материалдарды пайдаланғанда парақтарын майыстыруға, сызуға, жазуға, бояуға, жыртуға, беттердің арасына әр нәрсе қоюға, құжаттардың үстіне дәптер, қағаз қойып жазуға, ашық тұрған басылымдарды бір-бірінің үстіне қоюға болмайды;
• Басылымдарды фотоаппаратпен және ұялы телефонмен түсіруге;
• Оқу залына сөмкемен кіруге;
• Оқу залына тамақ және сусындар әкелуге;
10. Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры оқу залында жоғарыда айтылған ережелерді бұзғандар, кітапхана материалдарын пайдалану құқығынан айырылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы