Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,
Деп жылар талай қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ айтар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде.
Б.Момышұлы
Ерліктің символына, аты аңызға айналған қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына биыл – 110 жыл толып отыр.
Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Балалық шағын туған ауылында өткізіп, оқуын орталықтағы мектеп-интернатта жалғастырады. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдық мектепте ұстаздық, кеңестік мекемелерде әр түрлі қызметтер атқарады. 1932 жылы әскер қатарына шақырылып полктық мектепте әскери мамандықты меңгерген ол запастағы командир ретінде әскери жұмысын аяқтайды. 1936 жылы Б.Момышұлы Қызыл Армия қатарына қайтадан шақырылып, атқыштар полкының командирі болып тағайындалады. Әскер қатарында болған жылдары бірнеше әскери мамандықты меңгеріп, 1941 жылы еліне оралады.
Кенеттен басталған Ұлы Отан соғысына Алматы маңында жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады. Майданда батальон, полк командирі қызметтерін атқарып, соғыстың соңғы жылдары генерал Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияны басқарады.
Майдан даласында фашистерге қарсы ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен көзге түсіп, Мәскеу түбіндегі ерлігі сол кездің өзінде-ақ аңызға айналады. Өзінің «Москва үшін шайқас» атты кітабында сол шайқас туралы, жанындағы майдандас жауынгерлердің ерлігі туралы жазады.
Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы гвардия полковнигі атағымен әскер қатарынан босайды. Әділет жеңіп, кешіксе де 1990 жылы туғанына 80 жас толуына орай Кеңес Одағының батыры атағы беріледі. Бауыржан Момышұлы майдандағы көрсеткен ерліктері үшін бірнеше орден, медальдармен наградталған. Батыр бейнесі, ерлігі туралы фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылды, көптеген естеліктер айтылды. Момышұлы А.Бектің «Волоколамское шоссе» повестінің, жазушы Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романының басты кейіпкері. Батырдың құрметіне әскери оқу орындарына, көшелерге, мектептерге аты беріліп, ескерткіштер қойылды. Ресейде де мектеп пен көшеге Б.Момышұлы аты берілген. Б.Момышұлының өмір жолдары, майдандағы ерен ерліктері және бейбіт өмірдегі қызметі мен шығармашылығы туралы замандастарының көптеген естеліктері жарық көрді.
1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Бойында нағыз әскери адамға тән қаһарлылық пен Отанға деген сүйіспеншілік қатар үйлесімін тапқан әскери қолбасшының сұрапыл соғыстағы ерліктері мен бейбіт өмірдегі қызметтері отаншылдық пен патриотизмнің үлгісі. Майдан даласында шебер қолбасшы, стратег және тактик болған Бауыржан Момышұлы өз көзімен көрген қан майдан оқиғаларын ақ қағаз бетіне түсіріп, көптеген мемуарлық еңбек жазған жазушы. Оның қаламынан шыққан 30 томнан асатын еңбектері жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық Ғылыми кітапханасы Бауыржан Момышұлының еңбектері мен ол туралы жазылған шығармалардан кітап көрмесін ұйымдастырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы