Осман (Түркия) түріктері 1868 жылдың өзінде орыстың атақты ақыны А.С.Пушкиннің (1799-1837) шығармаларын аудара бастаған. Ал бұл кезде мүмкін Абай атам Жидебайда Пушкин шығармаларын сүйіне оқи бастаса керек. Түрік ақыны Пушкиннің өлеңдерінің ішінен таңдап отырып «Бақшасарай естеліктерін» аударып, өз халқына жеткізген. Себебі, Пушкин бұл өлеңді Қырымдағы Бақшасарайды көргенде шабыттанып жазған екен. Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар қорында сақталған сол кітаптың суреті төменде. Ол туралы мынадай ақпарат берілген:
«Puşkin, A.S., Bahçesaray Çeşmesi, Peterburg, 1827 – 1868.
А.С. Пушкинның «Бахчесарайский фонтан и Талисман» шығармасының түрік тіліне (осман) аудармасы. Юсуф Исхақоғлы СПб-де 1868-ші жылы Аударған. Пушкин Қырым ханының Бахчесарай сарайын көріп әсерленіп жазған поэмасы. Пушкин бұл поэманы 1821–1823-ші жылдары жазған. 52 бет».
Демек түрік ақыны Юсуф Исхақоғлы Петерборда осы өлеңді аударып отырғанда, Абай да Пушкин өлеңін орысша түпнұсқадан оқып жүрген.
Түріктердің орыстың классиктерін ерте танығаны сондай, 1893 жылы «Орыс әдебиеті» деген кітап шығарған. Бұл туралы кітапханамызда мынадай мәлімет бар:
Gülnar, Rus Edebiyatı, İstanbul, Nezaret, 1311 (1893), 132 s.
Гүлнар Мадам Дулберуфтың «Орыс әдебиеті» атты еңбегі. Кітапта Орыс әдебиетінің ұлы жазушыларының өмірбаяны мен еңбектері жазылған. Ломоносов, Фонвизин, Карамзин, Дмитрев, Жуковский, Крылов, Александр Пушкин, Грибоедов, Лермонтов, Гоголь және Толстой қатарлы әдебиет өкілдері туралы сөз болады.
Өз елінің ұлыларын танумен шектелмей, әлемдік деңгейге көтерілген шетел қаламгерлерін зерттеуді Осман елінің ерте қамданғаны туралы ақпаратты оқырман қауымға ұсынып отырмыз. Мұндайда қазақтың «Ат ортақ, ас ортақ, жақсы ортақ» деген тағылымы еске түседі. Айта кетелік, Орталық ғылыми кітапханада Осман (түрік) тілінде жазылған 300-ге жуық көне кітап бар. Сол кезде Стамбулдағы баспа істері қатты дамығанына қарап, таңдай қақпасқа да шара жоқ. Ал Шағатай тілінде жазылған кітаптар туралы қызықты ақпараттарды сіздер біздің келер жазбаларымыздан оқи аласыздар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы