Көрнекті тарихшы ғалым, қазақ халқының аяулы қызы Әуезова Ләйлә Мұхтарқызының туылғанына 90 жыл.
1929 ж. 30 шілде Ташкент қаласында дүниеге келген.
1952 ж. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.
1952-1956 жж. Мәскеу мемлекеттік университеттің аспиранты.
1956-1962 жж. Қазақстан Ғылым Академиясының Тарих, археологиялық және этнография институтының ғылыми қызметкері.
1963-1993 жж. Әуезов үйінің директоры болды.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында Ғалым, тарих ғылымының докторы Әуезова Ләйлә Мұхтарқызының туылғанына 90 жыл толуына байланысты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеде ұлы жазушының үміт артқан адал перзенті, асыл ана, талантты ғалым, білікті басшы болған Ләйлә Мұхтарқызының өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері, еңбектері, ол туралы әдебиеттер мен естеліктері, мерзімді басылым беттерінде жарияланған еңбектері мен мақалалары оқырмандар назарына ұсынылып отыр.
ҚР ҰҒА-ның академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Қонаев Асқар Меңдіахметұлының туылғанына 90 жыл.
А.М. Қонаев 14 шілде 1929 ж. Алматы қаласында дүниеге келген.
1951ж. Мәскеудің болат және қорытпалар институтының металлургия факультетін бітірді.
1953-1955жж. ҚазССР Ғылым академиясының Металлургия және кен байыту институтының аспиранты.
1955-1965жж. Ғылым академиясының Металлургия және кен байыту институтының кіші, аға ғылыми қызметкері.
1965-1986жж. Металдардың физика-химиялық лабораториясының меңгерушісі.
1972-1974жж. ҚазССР Ғылым академиясының вице-президенті.
1974-1986жж. ҚазССР Ғылым академиясының президенті.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында ҚР Ғылым академиясының және Ресей Ғылым академиясының академигі А. М. Қонаевтың туылғанына 90 жыл толуына байланысты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеге ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, көрнекті ғалымның өмірі мен еңбегін сипаттайтын мәліметтер, қызметтестері, шәкірттері және замандастарының естеліктері, оның еңбектері және ол туралы әдебиеттер қойылды.
Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді ҚР Жоғарғы Кеңесі 1994 ж. 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 ж. 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 ж. 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 ж. 10 маусымда өтті. 1999 ж. Астана ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алды. 2019 ж. 23 наурызда ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертілді.
Нұр-Сұлтан – Азияның ең солтүстігінде орналасқан елорда. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанның аумағы 797 шаршы шақырымнан, тұрғындар саны – 1 миллионнан асады. Қала төрт ауданнан – «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл» және «Байқоңыр» ауданынан тұрады.
Астананың сәулеткерлік тұжырымдамасын жасау барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлері үйлесім тапқан ерекше еуразиялық стиль қалыптастыру идеясы негізге алынды. Нұр-Сұлтан астаналық бас жоспардың авторы белгілі жапон сәулеткері Кисе Курокава.
Бүгінде Нұр-Сұлтан халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елордада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ –ның мерейтойлық саммиттері болды. 2017 ж. «Expo-2017» халықаралық көрмесі өтті.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына және жаһандық табысына айналды.
Елорда күніне байланысты «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеден елорданың өткені мен бүгінінен сыр шертетін, Нұр-Сұлтан қаласының қазіргі келбетін баяндайтын әдебиеттерді көре аласыздар.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Әбенұлы Айтқожин 1939 жылы 29 маусымда Петропавл қаласында дүниеге келген.
2019 жылы маусымда ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор, Лениндік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанда молекулалық биология мен биотехнологияның негізін қалаушы, ҚазССР Ғылым академиясы Молекулалық биология және биохимия институтын ұйымдастырушы және бірінші директоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының бұрынғы президенті, ірі қоғам қайраткері Мұрат Әбенұлы Айтқожиннің туылғанына 80 жыл толады.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында биология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Әбенұлы Айтқожинның туылғанына 80 жыл толуына байланысты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесінде ғалымның өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері, еңбектері, ол туралы әдебиеттер мен естеліктер, халықаралық және республикалық марапаттары туралы мәліметтер, мерзімді басылым беттерінде жарияланған ғылыми еңбектері мен мақалалары және оның редакциясымен шыққан әдебиеттер оқырмандар назарына ұсынылып отыр.
2019ж. 20 маусымда М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әлем әдебиеті теориясы қазақ тілінде» атты тақырыптық дөңгелек үстел өткізді. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарласмасы бағыттарының бірі - «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылып басылған әлем әдебиеті теориясының жинақтары таныстырылды.
Аталған іш-шараға байланысты «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында кітап көрмесі ұйымдастырылды.
2019 жылдың 17 маусымында «М.О. Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен Р.Бердібаев атындағы Халық университетінің кезекті дәрісі болды. Ол филология ғылымдарының докторы, академик Серік Смайылұлы Қирабаевтың шығармашылығы мен қоғамдық өміріне арналды. Дәріс барысында ғалым өз өмірі, қызметі, замандастары туралы тартымды әңгімелер айтты.
Серік Смайылұлы Қирабаев 1927 жылы Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданында дүниеге келген. Сондағы орта мектепті бітірген ол еңбек жолын мектеп қабырғасында жүріп бастап, мектепте, ішкі істер бөлімінде еңбек еткен. 1947-1951 жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының студенті болған ол, оқудағы жоғарғы көрсеткіші үшін Сталин атындағы степендияның иегері атанады. Институтты үздік бітіргеннен кейін оқуын осы институттың аспирантурасында жалғастырды. Аспирантурада жүргенде ХХ ғасырдың басындағы көрнекті әдебиет өкілі Спандияр Көбеевтің шығармашылығын зерттеумен айналысқан. Сонымен бірге әдеби сын-мақалалар жазып, Жазушылар одағының жұмысына да араласа бастайды. Ал 1952 жылы Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданады.
Серік Қирабаев «Әдебиет және искусство», «Пионер» журналдарында , «Социалистік Қазақстан» газетінде жауапты қызметтер атқарды. 1956 жылы «Ғабиден Мұстафин» атты алғашқы зерттеу еңбегі, ал 1962 жылы «Сәкен Сейфуллин» атты монографиясы жарық көреді.
1988 жылы С.Қирабаев Қазақстан Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болып тағайындалды. Басшылық қызметте жүріп алаш қайраткерлерінің мұрасын жинап, зерттеу ісіне де тікелей ат салысқан. Осылайша 1993 жылы «Жүсіпбек Аймауытов» атты монографиясы жарыққа шығып, аталған еңбегі үшін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері атанды.
1994 жылы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды. Сыншы-ғалым көптеген монографиялық еңбектердің және мектеп, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтардың авторы. Ғалымның педагогтік, ғылыми, қоғамдық еңбегі өкімет тарапынан жоғары бағаланып көптеген наградалардың иегері болды.
Осы аталған іс-шараға арнап РМК «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасы академик еңбектерінің көрмесін ұйымдастырды. Кітап көрмесінен ғалымның өмірі, атқарған қызметтері, мерейтойлық конференцияларда жарық көрген басылымдар, ғылыми еңбектері, замандастары туралы жазған мақалалары және қазақ әдебиетінің алыптарымен бірге түскен суреттерімен таныса аласыздар.
2019 жылдың 14 маусымында ақын, драматург, ғалым Әбділда Тәжібаевтың туғанына 110 жыл толуына орай М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру және ұлттық әдебиет» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Әбділда Тәжібаев 1909 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Шымкентте мектепті бітірген ол 1929-1932 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік институтының филология факультетін, кейін Мәскеудегі Жоғары әдебиет курсын бітірген. «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті»газеттерінде редакторлық қызметтер атқарды.1939-1943 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы болып қызметін жасады. Қаз ССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бөлім меңгерушісі болып қызмет істеген. «Өмір және поэзия» атты еңбегімен кандидаттық, «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. А.Пушкиннің, Т.Шевченконың, Г.Гейненің және т. б. орыс ақындарының өлең-жырларын қазақшаға аударған. Әбділда Тәжібаев лирика мен поэзия жанрын бірге алып жүрген ақын. Поэзия, проза, сын, драматургия саласында еңбек еткен ақынның өлеңдері 1927 жылы алғаш рет «Сыйлық» атты ұжымдық жинақта, ал жеке жинағы «Жаңа ырғақтар»деген атпен басылды. Погодинмен бірігіп «Жамбыл» көркем фильмінің сценарийін жазды. Пьесалары «Жүректілер» деген атпен жеке кітап болып басылды. Жазушылық, ғылым жолындағы еңбектері жоғары бағаланып Еңбек Қызыл Ту, Октябрь Революциясы, «Құрмет белгісі» ордендері және бірнеше рет медальдармен марапатталған. 1974 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ал 1985 жылы «Халық жазушысы» құрметті атағы берілді.
Осы аталған іс-шараға арнап РМК «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасы ғалым-жазушы еңбектерінің көрмесін ұйымдастырды. Кітап көрмесінен ғалымның өмірі, атқарған қызметтері туралы әдебиеттер, мақалаларымен таныса аласыздар. Кітап көрмесінен ақынның 1935 жылы жарық көрген «Күш» атты өлеңдер жинағы, Челюскиншілер туралы жазылған «Құтқару» поэмасы, 1929 жылы Қызылордада басылған «37 мемлекет» атты еңбегі,1934 ж. «Олқылық» атты поэмасы,1936 жылғы «Таңдамалы өлеңдер» жинағы, 1938 ж. «Екі жаһан»поэмасы,1949 жылы араб әрпінде басылған өлеңдер жинағымен таныса аласыздар. Сонымен бірге ақынның аудармаларын да осы кітап көрмесінен көре аласыздар.
2019 жылдың 14 маусымы күні ҚР БҒМ ҒК Экономика институты Экономика ғылымдарының докторы, профессор Марат Балғожаұлы Кенжеғозиннің 80 жылдық мерейтойына орай оны еске алуға арналған «Қазақстан экономикасы: қазіргі болашаққа» атты халықаралық ғылыми –практикалық конференция өткізді.
Конференцияда М.Б.Кенжеғозин туралы көптеген естеліктер мен пікірлер айтылды.
Сонымен қатар конференцияда Қазақстан экономикасын басқару мен дамытудың өзекті экономикалық әеуметтік және пәнаралық мәселелері талқыланды.
Конференцияға белгілі отандық және шетелдік ғалымдар, университет қызметкерлері, мемлекеттік орган, бизнес, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар мен қауымдастық өкілдері қатысты.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы осы іс-шараға байланысты кітап көрмесін ұйымдастырды. Кітап көрмесінде М.Б.Кенжеғозиннің өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері, еңбектері, ол туралы әдебиеттер мен естеліктер, халықаралық және республикалық марапаттары туралы мәлеметтер, мерзімді басылым беттерінде жарияланған ғылыми еңбектері мен мақалалары, оның редакциясымен шыққан әдебиеттер және экономика ғылымының дамуы,қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелер туралы әдебиеттер қойылды.
Мемлекеттік рәміздер – мемлекетіміздің, егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі.
1992ж. 4 маусымда алғаш рет тәуелсіз Қазақстанның жаңа Мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл күн жаңа Мемлекеттік рәміздердің туған күні ретінде еліміздің тарихында мәңгіге қалады.
Егеменді елдің әрбір азаматы құрметтеуге, мақтаныш етуге тиісті мемлекетіміздің ресми рәміздері – Ту, Елтаңба, Әнұран.
Ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздер егіз ұғым. Кез келген ел тәуелсіздігін оның мемлекеттік рәміздерінен бөліп қарауға болмайды.
Елімізде патриоттық сезімі ерекше жоғары дамыған, қоғамда мелекеттік рәміздерге құрметпен қарау қалыптасқан. Мысалы, мемлекеттік органдарда ант қабылдағанда, басқа да көптеген іс-шаралар кезінде Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран орындалады.
Мемлекеттік рәміздерге шетелдік мамандар жоғары баға берген, сонымен қатар рәміздеріміз әлемдік каталогқа енген.
Атаулы күнге орай «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеден тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихы, егеменді еліміздің рәміздері туралы, Мемлекеттік рәміздердің қабылдануы тағы да басқа әдебиеттермен таныса аласыздар.
ХХ ғасырда қазақ халқының басынан кешірген ең бір зұлмат–1920-1930 жылдардағы ашаршылық екені даусыз. Ашаршылық–қазақ тарихындағы ең ауыр қасіретті кезең болды. Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру және оның зардаптары халықтың жағдайын, тұрмысын құлдыратумен бірге олардың ұлттық санасына да кері әсерін тигізді. Күштеп ұжымдастыру және табиғи климаттық жағдай халықтың әлеуметтік, экономикалық және демографиялық жағдайының нашарлауына, ауыл шаруашылығының құлдырауына әкеп соқты. Мал шаруашылығымен айналысып көшпелі ғұмыр кешкен қазақ жұртының жол бойында сүйегі шашылып, жинаусыз калды. Халықтың басына түскен ауыр жағдайды жеңілдету, жою мақсатында Алаш азаматтары өкіметке бірнеше рет хат жолдады, көмек сұрады,бірақ жауап болмады,аштықтан қырылған халық көбеймесе азаймады. Тозған жұрт арасында наразылық ,толқулар,көтерілістер де болып тұрды.
2019 жылдың 30 мамыры күні М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты және Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Нәубет жылдар шежіресі: тарих және көркем шындық» тақырыбында Р.Бердібаев атындағы Халық университетінің кезекті дәрісі болды. Дәрісті жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай жүргізді. Қазақстан киноматографистер одағының мүшесі Қалила Омаровтың «Ашаршылық» атты деректі фильмі көрсетілді.Сабақ барысында көптеген естеліктер айтылып, Алаш азаматтары туралы тың пікірлер тыңдалды.
Осы аталған даталы күнге арнап РМК«Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.Көрме 2 бөлімнен тұрады:
Көрменің бірінші бөлімінен: «Документы свидетельствуют:из истории деревни накануне и в ходе коллективизации». –М.,1989.-526 с., «Коллективизация с/х в СССР:пути, формы, достижения». –М.1982.-399 с., «Трагедия казахского аула:сб.документов 1928-1934».
Т.1 1928 – апрель 1929 гг.– Алматы,2013.-744 с.
Т.2 1929 - январь 1932 гг. – Алматы,2018.-744 с.
«1932-1933 жылдардағы ашаршылық ақиқаты=Правда о голоде 1932-1933гг.». –Алматы, 2012.-336 б. «Ғасырларға созылған қасірет: Қазақстандағы қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған конф.материалдары».– Караганда, 2012.-278 б., «Қазақстандағы ашаршылық: халық қасіреті және тарих тағылымы = Голод в Казахстане: трагедия народа и уроки истории». Материалы конф. – Астана, 2012.-400 с., «Сталинские кочевники: власть и голод в Казахстане». –М., 2017.-382 с., Кучкин А.П. «Советизация казахского аула 1926-1929 гг.». – М, 1962.-431 с., В.Михайловтың жұтқа байланысты бірнеше кітабы, Т.Омарбековтың «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті».–Алматы, 1997.-320 б. және т.б.еңбектермен таныса аласыздар.
Ал екінші бөлімге Алаш қозғалысы, алаш арыстары, сол заман талабына сай олардың атқарған еңбектері туралы көптеген материалдар қойылды.
Рамазан-адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айын мұсылмандар тағатсыздана күтіп, ерекше құлшылықпен, игілікпен, имандылықпен өткізуге тырысады. Мұсылман қауымы аса қадір тұтқан Рамазан айына байланысты «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесінде: «Құран Кәрім», «Мұхаммед Пайғамбар», «Дінтану», «Ислам», «Религии в Казахстане», «Религиеведение», «Религиозная безопасность РК» және т.б.әдебиеттер оқырмандар назарына ұсынылып отыр.
Құрметті мұсылман қауымы, оқырмандар, әріптестер сіздерді мұсылмандардың қасиетті Рамазан айы және Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.
Қазақтың экономист ғалымы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының және Евразияның Халықаралық экономикалық академиясының академигі Кенжеғозин Марат Балғожаұлының туылғанына 80 жыл.
Кенжеғозин М.Б. 1939ж. 30 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Благовещенка ауылында дүниеге келген.
1957-1962 жж. Г.В.Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтында экономист мамандығын үздік бітірді.
1995- 2005ж ж.ҚР БҒМ Экономика институтының директоры.
Экономикалық ғылымның дамуына, ҚР БҒМ Экономика институтының күшейуіне және дамуына, Институттың ғылыми зерттеулері деңгейінің жоғарылауы мен олардың нақты экономика мен мемлекеттік басқару органдарындағы сұранысының артуына үлкен үлес қосты.
Кенжеғозиннің жетекшілігімен және оның жеке қатысуымен дайындалған Мемлекеттің аймақтық саясат тұжырымдамасы Үкімет тарапынан қолдау тауып бекітілді. М.Б. Кенжеғозин ҚР Президенті жанындағы Жоғарғы Экономикалық Кеңестің мүшесі және ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік саясат бойынша Ұлттық Кеңестің мүшесі болып елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге белсенді араласты.
Ұзақ жылдарғы жемісті еңбегі үшін ол ҚСРО Орталық статистика басқармасының, ҚР ҒМ Ғылым академиясының Құрмет мадақтамасымен марапатталды.
Көп жылдық ғылыми, ғылыми – ұйымдастырушылық, педагогикалық және ғылым жетістіктерін өндіріске енгізу істерінде М.Б.Кенжеғозин өзін аса білімдар, жоғары білікті маман, ұйымдастырушылық қабілеті ерекше, талантты ғалым екенін көрсете білді. Мақсат-міндеттерді орынды қоя біліп, оларды дер кезінде ойдағыдай жүзеге асыра алды және әріптестерін де соған баулыды.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында экономика ғылымдарының докторы, профессор Марат Балғожаұлы Кенжеғозиннің туылғанына 80 жыл толуына байланысты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесінде ғалымның өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері, еңбектері, ол туралы әдебиеттер мен естеліктер, халықаралық және республикалық марапаттары туралы мәлеметтер, мерзімді басылым беттерінде жарияланған ғылыми еңбектері мен мақалалары және оның редакциясымен шыққан әдебиеттер оқырмандар назарына ұсынылып отыр.
Ақышев Кемал 23 мамыр 1924 ж. Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Археолог, тарих ғылымдарының докторы, қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі.
1966ж.- ҚР ҒА Ш.Уәлиханов атындағы арнаулы сыйлықтың лауреаты.
1982ж.- Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын алған.
1983ж.- Герман Археологиялық институтының корреспондент-мүшесі.
1989ж.- Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткері.
1998ж.- «Парасат» орденімен марапатталған.
1950ж. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң Қазақстан ғылым академиясында аспирант, кіші және аға ғылыми қызметкер, кейін 1955-1990 жж. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты археология бөлімінің меңгерушісі, 1991ж. бастап Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бөлім меңгерушісі, институттың бас ғылыми қызметкері болып қызмет атқарған. 1954 ж. бастап Қазақстан көлеміндегі Солтүстік, Оңтүстік және Жетісу археологиялық экспедицияларының ұйымдастырушысы және жетекшісі. Көне және орта ғасырлардағы Қазақстан ескерткіштерінің әлемдік маңызы зор Есік обасынан табылған «Аптын адам» (б.з.б.V-IV ғ.), Бесшатыр (б.з.б. VI-V ғ.), Отырар жәдігерлерін ашып зерттеді. Қола, ерте темір дәуірлерінің мәдениеттерін кезеңдеу және мерзімдеу мәселелерін анықтады. Көне Қазақстан тарихының негізгі түжырымдарын жасауға белсене қатысты. Орталық Азия өркениеті жүйесінде ежелгі Қазақстанның орнын айқындауға елеулі үлес қосты. 220-ға жуық ғылыми еңбек, соның ішінде 14 монография жазған.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында археолог, тарих ғылымдарының докторы Кемал Ақышевтың туылғанына 95 жыл толуына байланысты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесінде ғалымның өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері, еңбектері, ол туралы әдебиеттер мен естеліктер, халықаралық және республикалық марапаттары туралы мәлеметтер,мерзімді басылым беттерінде жарияланған ғылыми еңбектері мен мақалалары және оның редакциясымен шыққан әдебиеттер оқырмандар назарына ұсынылып отыр.
2019 жылдың 21 мамыры күні Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және Республикалық «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының ұйымдастыруымен биылғы жылы туғандарына 125 жыл толып отырған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Т.Шонанұлы, И.Тоқтыбай, А.Сейітов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиндерге арналған «Тұлға және ұлттық тарих мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысы барысында қоғам қайраткерлерінің ұлт тарихында атқарған қызметі мен ролі, ұлтқа сіңірген еңбектері, сол кезеңде қалыптасқан қоғамдық – саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып қарастырылды.
Конференция жұмысына Тарих және этнология институтының, Жоғары оқу орындарының ғалымдары, «Әділет» қоғамдық қорының қызметкерлері, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтынан, Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығынан, Қ.А.Яссауи университетінен қонақтар және қуғын-сүргін құрбандары болған саяси тұлғалардың ұрпақтары мен туыстары да қатысты.
Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылып отырған үлкен іс-шараға РМК «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге бүгінгі өткен конференция жұмысының негізі болған тұлғалардың әрқайсысының қоғамдағы рөлі, саяси қызметі, жарияланған еңбектері және кейінгі ұрпақтың олар туралы зерттеулері қойылды.
Т.Шонанұлының 1935 жылы жарық көрген «Әліппе»,«Самоучитель казахского языка» 1930 ж., «Қазақ тілінің оқу құралы» 1933 ж., «Қазақ тілінің грамматикасы мен емлесі»1934 ж., С.Қожановтың 1924 жылы Ташкентте шыққан «Арифметика»оқулығы мен 1928 жылы жарық көрген «К десятилетию Советской Автономии Туркестана» еңбегі, Б.Майлиннің «Азамат Азаматыч» повесті 1934 ж., «Шұға» 1935 ж., «Жалбыр» 1937 ж., С.Сейфуллиннің 1935 жылы жарық көрген «Айша», І.Жансүгіровтың 1936 жылы шыққан «Күйші» және т.б.кітапхана қорындағы басылымдармен таныса аласыздар.
XX ғасыр басындағы ірі саяси тұлға, көрнекті қоғам қайраткері, теміржол инженері, тарихшы Мұхамеджан Тынышбаевтың туылғанына 140 жыл толуына орай «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында кітап көрмесі ұйымдастырылды.
М. Тынышбаев 1879 жылы 12 мамырда Жетісу облысында дүниеге келген.
1937 ж. жаламен «халық жауы аталып» бүкіл елді жайлаған саяси қуғын-сүргінің құрбаны болып өмірден өтті.
М. Тынышбаев 1900ж. Верный гимназиясын алтын медальмен, ал 1906ж.
Санкт-Петербург қаласындағы қатынас жолдар инженерлері институтын үздік бітірген.
1917 ж. өзінің темір жол инженері мамандығы бойынша Орта Азияда, Жетісу облыстарында еңбек етті. Белсенді қоғамдық-саяси қайраткер ретінде тез танылды.
Ұлт-азаттық қозғалыстың көрнекті өкілдерінің қатарында Мұхамеджан Тынышбаевтың орыны ерекше. Ол қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы-инженер.М. Тынышбаев Жетісу темір жолының жобасын жасауға, кейін оның құрылысына қатысқан кәсіби маман. Қазақ жерлерінің талан-таражға салынуына, халқының құқығын қорғауға, әр түрлі орыс үкіметтерімен жүргізілген келіссөздерге белсене қатысты.
М. Тынышбаевтың өмірі мен қызметі туралы Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов және М. Дулатовтардың еңбектерінде «Саясат ісіне жетік, халыққа таза жолмен қашаннан қызмет етіп жүрген алдыңғы қатар зиялы азамат» деп көрсеткен.
М.Тынышбаев халқымыздың тарихының күрделі, бұрын зерттелмеген кезеңдеріне арнап, дерек көздері бай, ғылыми тұрғыдан негізделген құнды еңбектер қалдырды. Мысалы, «Қырғыз-қазақ руларының шежіресі», «Қазақ этнонимі туралы», «Алтын Орданың күйреуі және Қазақ хандығының құрылу тарихы», «Ақтабан шұбырынды» т.б.
Кітап көрмесінде М.Тынышпаевтың өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері, еңбектері, ол туралы әдебиеттер мен естеліктерді, мерзімді басылым беттерінде жарияланған еңбектері мен мақалалары оқырмандар назарына ұсынылып отыр.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, Ресей ауылшаруашылық академиясының академигі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, профессор Қилыбай Үсенұлы Медеубеков Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Оның ғылым жолына түсуі Дүниежүзіне әйгілі К.А.Тимирязев атындағы академиядан басталды. Ғалымның ғылыми жетекшісі Ресей және әлем зоотехника ғылымында ерекше орын алатын атақты ғалым, Бүкілодақтық Ленин атындағы ауыл шаруашылығы ғылымдарының (ВАСХНИЛ) академигі Алексей Иванович Николаев болды. Осы институттың аспирантурасын бітірген ол 1957 жылы Қазақстанға оралды. Аспирантурадан кейінгі алғашқы еңбек жолы Жамбыл облысындағы қой шаруашылығы тәжірибе станциясында басталды.
Қ.Ү.Медеубеков 1962 жылы Қазақстанның ең ірі ғылыми-зерттеу орталығы – Қазақтың мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына директор болып тағайындалды. Әйгілі селекционер-ғалымның институт басшысы ретінде жаңа мал тұқымдарын шығару, биязы жүнді қой шаруашылығын қалыптастыру және оларды жетілдіру зерттеулері қой шаруашылығы ғылымын арттыруға зор ықпал етті. Ол білікті мамандар даярлау мақсатында өзінің ғылыми мектебін ашты.
Ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы еңбектері үшін ғалым өзі басқарған институт ғалымдарымен бірге Ғылым мен техника саласы бойынша ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Сонымен бірге атақты ғалым «Парасат», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендері, медальдар, ҚазССР Жоғары Советінің, ВАСХНИЛ-дің грамоталары, А.М. Бараев атындағы Премияның лауреаты және т.б. көптеген наградалардың иегері. 2015 жылы туғанына 85 жыл толуына орай К.И. Тимирязев атындағы Алтын медальмен наградталған.
2019 жылдың 15 мамыры күні РМК«Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының мәжіліс залында Ғылым мен техника саласына еңбегі сіңген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қилыбай Үсенұлы Медеубековтің туғанына 90 жыл толуына арналған ғылыми конференция өтті. Конференция жұмысына Қазақстанның әр түкпірінен қонақтар, шәкірттері және ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысты.
Осы аталған үлкен іс-шараға РМК «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасы ғалым еңбектерінен кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеден ғалымның монографиялық еңбектерін, мерзімді басылымдарда жарияланған мақалаларын және замандастарының оның өмірі мен қызмет жолдары туралы жазған естеліктері мен бірге түскен суреттерін, энциклопедиялардағы мемлекет қайраткері туралы туралы жазылған материалдармен таныса аласыздар.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында қоғам қайраткері, ақын, аудармашы, драматург Ілияс Жансүгіровтың туылған күніне орай кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Жансүгіров Ілияс 1894 жылы Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген.
1920ж. Ташкенттегі мұғалімдер даярлайтын қазақ-қырғыз институтына түсіп бітіреді.
1925-1928жж. Москвада Коммунистік журналистика институтында оқып білім алады.
1928-1932жж. «Еңбек қазақ» газетінің қызметкері.
1932-1934жж. Қазақстан жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының председателі.
1934-1938жж. Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редакторлық қызмет
атқарған.
Ілияс Жансүгіров поэзиясының құнарлы көзі-ең алдымен халықтың бай фольклорлық мұрасы мен Абай поэзиясы болды. Ақынның «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмалары үлкен жаңалық, теңдесі жоқ алып шығармалар.
Жұмыс істеген саласының бірі – көркем аударма. Ол А.Пушкин, М.Лермонтов, Н.Некрасов, М.Горкийдің шығармаларын қазақ тіліне аударып, әлем әдебиетімен байланыстырған. Оның ақындық ерекелігі көркем тілінде. Ол қазақ әдеби тілін жаңа сатыға көтерген қаламгер. Елімізде бірнеше мектеп, көше, аудан, Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетіне оның есімі берілген.
Кітап көрмесіне ақынның өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері, еңбектері, ол туралы әдебиеттер мен естеліктерді, мерзімді басылым беттерінде жарияланған еңбектері мен мақалалары оқырмандар назарына ұсынылып отыр.
Гожахмет Садвакасович Садвакасов - белгілі ұйғыр ғалымы, Қазақстандағы ұйғыр мамандықтарын ұйымдастырушылардың бірі, ҚазССР ҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Алматы облысы, Ұйғыр ауданы Үлкен Ақсу ауылында 15 маусым 1929 жылы дүниеге келген.
1946-1950жж. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының студенті.
1964-1974жж. ҚазССР ҒА тіл білімі институтының ұйғыртану кафедрасының аға ғылыми қызметкері.
1974-1986жж. ҚазССР ҒА тіл білімі институтының ұйғыртану кафедрасының меңгерушісі.
1983ж. Қазақ филиалының бүкілодақтық қытайтану қауымдастығы төрағасының орынбасары.
1986ж. ҚазССР ҒА Ұйғыртану институтының директоры.
Г.С. Садвакасов ұйғыр тілінің өзекті мәселелері бойынша жүзден астам ғылыми жұмыстардың авторы.
Қазіргі кезеңдегі ұйғыр тіл білімінің негізгі жетістіктері Г.Садвакасовтың еңбектерімен байланысты. Сонымен қатар ол кең білімді ғалым ғана емес, білікті басшы және ғылымды ұйымдастырушы.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында ҚазССР ҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Гожахмет Садвакасович Садвакасовтың туылғанына 90 жыл толуына байланысты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесінде ғалымның өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері, еңбектері, ол туралы әдебиеттер мен естеліктерді, халықаралық және республикалық марапаттары туралы мәлеметтер, мерзімді басылым беттерінде жарияланған ғылыми еңбектері мен мақалалары және оның редакциясымен шыққан әдебиеттерді оқырмандар назарына ұсынылып отыр.
Әлкей Хақанұлы Маргұлан – көрнекті ғалым ҚазССР ҒА академигі, ҚазССР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ғалым-археолог, этнограф, шығыстанушы, тарихшы, филолог, қоғам қайраткері.
Ә.Х. Марғұлан 1904 жылы 11 мамырда Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген.
1925-1929жж. Ленинградтағы Шығыс институтының филология факультетінің студенті.
1939-1941жж. СССР ҒА Қазақ филиалы Тарих институтының аға ғылыми қызметкері.
1941-1946жж. СССР ҒА Қазақ филиалы Тарих бөлімі меңгерушісі.
Ә.Х.Марғұланның жетекшілігімен 50-ден астам кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. 1946 жылдан корреспондент-мүшесі, 1958 жылдан академик, ал 1960 жылдан профессорлық берілді.
Ғалымның сан саласын жете меңгерген парасатты ғұлама, Қазақстанда археология ғылымының негізін салушы зерделі зерттеуші-ғалым, ғылымның көрнекті ұйымдастырушысы, аяулы азамат және педагог Ә.Х. Марғұланды бүкіл қазақ жұртшылығы жақсы біледі, өзінің адал ұлдарының бірі есебінде құрмет тұтады.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында көрнекті ғалым-археолог Әлкей Хақанұлы Маргұланның туылғанына 115 толуына байланысты көрме ұйымдастырылды.
Кітап көрмесіне ғалымның өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері, еңбектері, ол туралы әдебиеттер мен естеліктерді, халықаралық және республикалық марапаттары туралы мәлеметтер,мерзімді басылым беттерінде жарияланған ғылыми еңбектері мен мақалалары және оның редакциясымен шыққан әдебиеттерді оқырмандар назарына ұсынылып отыр.
2019 жылы 25 сәуір күні тарих ғылымдарының докторы, профессор, белгілі тарихшы- шығыстанушы ғалым Клара Шайсұлтанқызы Хафизованың туғанына 80 жыл толуына орай «Қазақстанның шығыстанушы ғалымы Клара Шайсұлтанқызы Хафизова» атты дөңгелек стол өтті.
К.Ш. Хафизова 1939 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келген. 1964 жылы Ташкент мемлекеттік университетінің шығыстану факультетін, 1973 жылы ҚазССР Ғылым академиясы Шығыстану институтының аспирантурасын бітірген. Қытайтанушы ғалым 1964-69 жылдары Самарқанд қаласындағы орта мектепте мұғалім, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Ұйғыртану институтында (қазіргі Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты), ҚазМУ-де қытай филологиясы кафедрасында, ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институты және «Қайнар» институтында өз мамандығы бойынша қызмет атқарған. Ғалымның Қазақстанда және шетелде шыққан 150-ден астам ғылыми еңбектері бар. Орта Азия мен Қытай, Цинь империясы мен қазақ хандығы арасындағы байланыстарға арналған еңбектері және шетелдерде өткізген дәрістері, ғылыми конференцияларда жасаған хабарламалары ғылыми ортада, шетелдік тарихшылар арасында жоғары бағаланып, қызығушылық тудыруда.
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға арнап РМК «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасы ғалым еңбектерінен кітап көрмесін ұйымдастырды. Шығыстанушының өмірі мен қызмет жолы туралы жазылған энциклопедиялық анықтамалар, монографиялары және әр жылдары жарияланған мақалаларымен көрмеден таныса аласыздар. Ғалымның «Китайская дипломатия в Центральной Азии ХІV-XІХ вв.».-Алматы, 1995, «Цинская империя и казахские ханства». -Алматы,1989, «Китайские источники по истории Восточного Туркестана, Средней Азии и Казахстана».- Алматы,1994, «Казахская стратегия Цинской империи». - Алматы:Таймас, 2007,«Диалог цивилизаций на Шелковом пути (исторические сюжеты.-Астана:Ғылым, 2015, «Восточная дипломатия на стыке цивилизазаций (конец XIV-XIX вв.): Сборник документов и материалов» .-Астана: Ғылым, 2015,және мерзімді басылымдарда әр жылдары жарияланған еңбектері қойылды.
Аталған дөңгелек стол жұмысына ҚХР-ның бас консулы, Өзбекстан, РФ консулдығынан, Қазақ-неміс университеті Халықаралық және аймақтық зерттеулер институтының директоры,ЮНЕСКО Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығынан және Жоғары оқу орындарынан көптеген қонақтар қатысты.
Қазақстан халықтарының бірлігі күні – Қазақстанда жыл сайын тойланатын мереке. Мереке 1996 жылдан бастап тойланады. 1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан президенті жарлығы бойынша 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні деп жарияланды. «Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Сондықтан да Қазақстан халқы 1 мамыр ынтымақ пен бірлік күнін тойлайды. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мерекенің орны ерекше.
Жыл сайын атаулы мерекеге Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі, еліміздегі ұлтаралық татулық, ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін.
Осы мерекеге байланысты «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге дүние жүзіне үлгі болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы, ұлтаралық татулық пен тұрақтылық туралы әдебиеттер қойылды.
Ірі ғалым – геолог, алтын және сирек кездесетін металдардың бірнеше кен орнындарын алғаш ашушы, экперименттік минералогия саласының зерттеушісі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері, Ленин сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. Г.Б. Жилинский 1914 жылы 25 сәуірде Семей қаласында дүниеге келген.
• 1931 ж. Семей қаласында мектеп бітірді.
• 1932-1937жж. Алматы қаласындағы Қазақ тау-кен металлургиялық институтының студенті.
• 1950-1964жж. ҚазССР Ғылым аеадемиясының Геологиялық ғылымдар институты директорының орынбасары.
• 1976-1979жж. КСРО Ғылым академиясы Сібір бөлімшесі Якут филиалының Геология институты директорының орынбасары.
• 1986-1990жж Қ.И.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты.
• Эксперименттік минералогия зертханасының меңгерушісі.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Герман Борисович Жилинскийдің туылғанына 120 жыл толуына байланысты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ғалымның өмірі мен шығармашылығы, алған марапаттары туралы мәліметтер, мерзімді басылым беттерінде жарияланған ғылыми еңбектері мен мақалалары және оның редакциясымен шыққан әдебиеттер қойылды.
ХХ ғасыр басындағы ірі саясаткер тұлға, қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі – Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген.
Жастайынан арабша хат таныған ол Семейдегі Мұғалімдер семинариясын бітіреді. Семинарияны бітірген соң 1919-1920 жылдары Семей Губерниялық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі, «Кедей таңы» газетінің редакторы болып қызмет істейді. 1918-1919 жылдары Семей қаласында М. Әуезовпен бірлесіп «Абай» журналын шығарып, осы журналда «Екеу» деген бүркеншек атпен Абайдың өмірі мен қызметіне байланысты мақалалар жазады.
1922-1929 жылдар аралығында Қарқаралыда қалалық мектепте, Орынборда халық ағарту институтында, Ташкент халық ағарту институтында және Орынбор әскери мектебінде сабақ берген. 1926-1929 жылдары Шымкент педагогикалық техникумында директор болған. Осы жылдардың ішінде газет-журнал редакцияларында қосымша жұмыстар атқарған ол 1929 жылы Қызылорда қаласында «Еңбекші қазақ» газетінде де қызмет істейді. 1929 жылғы кеңестік қуғын-сүргін кезінде «Революцияға қарсы жасырын ұйымның мүшесі» деген айып тағылып тұтқынға алынған.
Жүсіпбек аз ғана ғұмырында әдебиеттің әр түрлі жанрында өнімді еңбек етіп, құнарлы шығармалар қалдырған.Ж.Аймауытұлы ұлттық сөз өнерінің әр алуан саласында ерен еңбек етті. Ол поэзия, проза, драматургия жанрларының, публицистика, сын, аударма салаларының қалыптасып, дамуына үлес қосқан қаламгер. Оның қаламынан туған «Қартқожа», «Ақбілек», «Күнікейдің жазығы» атты прозалық туындылары мен «Шернияз», «Рәбиға», «Мансапқорлар», «Қанапия – Шәрбану», «Ел қорғаны», «Сылаң қыз» пьесаларының ұлттық әдебиеттен алар орны ерекше. Джек Лондон, Ги Де Мопасан, Рабиндранат Тагор, А.Дюма, К.Беркович, А.С. Пушкин, С.Чуйков, М.Горький тәрізді ақын-жазушылардың шығармаларын қазақ тілінде сөйлетіп, көркем аудармаға да үлес қосқан.
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 2019 жылдың 22 сәуірінде ақын, жазушы, драматург, аудармашы, сыншы, көсемсөзші Жүсіпбек Аймауытұлының 130 жылдығына арналған «Ұлы дала руханияты» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Конференция жұмысына арнап РМК «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасы Жүсіпбек Аймауытұлының еңбектері және өмірі мен шығармашылық қызметі туралы жазылған зерттеулерден кітап көрмесін ұйымдастырды. Жазушының 1926 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген «Психология«, 1930 жылы шыққан «Жаңа ауыл» атты еңбектері, ХХ ғасыр басындағы қазақ елінің жай-күйі, тұрмысы туралы жазылған «Қартқожа» романы, сол заманның қазақ қызының өміріне, тағдырына әсері туралы баяндайтын «Ақбілек» романын және әр жылдары жарық көрген көп томдық шығармалар жинағымен кітап көрмесінен таныса аласыздар. Жазушының мақалалары басылып кеңес дәуірінде жарық көрген газет-журналдарды да кітап көрмесінен көруге болады.
Қазақстанда паразитология ғылымын ұйымдастырушылардың бірі, ҚазССР Ғылым академиясының академигі, биология ғылымының докторы, профессор Илларион Григорьевич Галузоның туғанына 120 жыл. Илларион Григорьевич Галузо 1899 жылы 8 сәуірде Белоруссияда дүниеге келген.
1921-1926жж. Ленинградтың мал дәрігерлік институтын бітіреді.
1937-1946жж. СССР Ғылым академиясының Қазақ филиалында паразитология лабораториясының меңгерушісі.
1946-1976жж. ҚазССР Ғылым академиясының Зоология институтының түрлі паразитология лабораторияларының меңгерушісі.
1946-1951жж. ҚазССР Ғылым академиясының академик-секретары.
1951-1967жж. ҚазССР Ғылым академиясының Зоология институтының директоры.
Қазақстанда паразитология ғылымын құруда И.Г. Галузо көрнекті орын алды. И.Г. Галузо 300-ден астам ғылыми еңбек жариялады. Оның басшылығымен жас кадрлар саны өсті, тікелей қатысуымен филиал құрамында Зоология институты ашылды және паразитологиялық лабораториялар ұйымдастырылды. Зоология институтында жаңа лабораториялар, эксперименттік база, табиғат музейі ұйымдастырылды.
И.Г. Галузоның есімі шетел паразитологтарына да жаксы таныс. Олардың көпшілігі тәжірибе алысып, ғылыми еңбектерін алмастырып, оның лабораториясында өткізіліп жатқан зерттеулермен танысып отырған. И.Г. Галузо көптеген халықаралық конференция, кеңес, конгрестерге қатысты. Ол Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» және тағы басқа да ордендерімен марапатталды.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, биология ғылымының докторы, профессор Илларион Григорьевич Галузоның туылғанына 120 жыл толуына байланысты кітап көрмесі ұйымдастырылды.Кітап көрмесіне ғалымның өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері, еңбектері, ол туралы әдебиеттер мен естеліктерді, халықаралық және республикалық марапаттары туралы мәлеметтер, мерзімді басылым беттерінде жарияланған ғылыми еңбектері мен мақалалары және оның редакциясымен шыққан әдебиеттерді оқырмандар назарына ұсынылып отыр.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, фольклортанушы ғалым Нұрмағамбетова Оразгүл Өмірәліқызы 1924 жылдың сәуір айында Қызылорда қаласында дүниеге келген. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген ол 1961 жылдан бастап М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аспирант, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бөлім бастығы, институт директорының орынбасары қызметтерін атқарған ғалым. Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, ЕсмағамбетЫсмайылов сынды ғалымдардың шәкірті, Ә.Тәжібаев, М.Дүйсенов, Р.Бердібаев сияқты ғалымдармен қызметтес болды.
О.Нұрмағамбетова халық ақыны Нүрпейіс Байғанин туралы деректер жинап, "Нүрпейіс Байғанин - совет дәуірінің жыршысы" деген тақырыпта кандидаттық, эпостың көптеген нұсқаларын жан-жақты зерттеу нәтижесінде 1991 жылы "Қобыланды батыр" эпосы бойынша докторлық диссертациясын қорғаған. Ғалымның көп жылғы зерттеу жұмысы А.М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институты ғалымдарының жоғары бағасын алды. Қобыланды батыр эпосы Н.Кидайш Покровскаямен бірігіп орыс тіліне аударылып "Героический эпос народов СССР" атты жинаққа шыққан. Мәскеуде жарық көрген қазақ эпосы ғылыми айналымға еніп, Одақ көлеміне танытылды.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Оразгүл Нұрмағамбетованың туғанына - 95 жыл толуына арнап ғалымның туған жеріндегі Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетімен онлайн дөңгелек стол өткізді. Аталған іс-шараға арнап Орталық ғылыми кітапхана кітап көрмесін ұйымдастырды. Ғалымның әр жылдары шыққан Ж.Жабаевтың поэзиясына арналған басылымдары, Н.Байғаниннің 1950 жылғы шығармалар жинағы, әр жылдары жарық көрген "Батырлар жыры", "Қобыланды батыр" жырының нұсқалары, "Ақсауыт", "Едіге батыр" жыры, "Қырымның қырық батыры" және т.б.еңбектер қойылды.Сонымен бірге ғалымның "Өмір өрнектері" атты мақалалары мен естеліктерінен құрастырылған еңбегі, суреттерімен кітап көрмесінен таныса аласыздар.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1899 жылдың 12 сәуірінде қазіргі ҚР Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Бастауыш класты орыс-қырғыз мектебінде оқып, білімін жаратылыстану пәнінің мұғалімдерін дайындайтын Семей семинариясында жалғастырды. Бірақ денсаулығына байланысты ауылына оралып, мұғалімдік, ауданның халық төрешісі қызметтерін атқарды.
1921 жылы жаз айында Баянауыл ауданына ем қабылдауға келген Томск университетінің профессоры, геолог М.А. Усовтың қазақ жерінің жер асты байлығы туралы айтқан әңгімелері білімге құштар жас Қанышқа үлкен әсер етті. Сол жылы Томскінің тау-кен факультетінің геологиялық барлау бөлімшесінің студенті болып қабылданып, осылайша жер қойнауын зерттеу жолы басталды.
Қ.И. Сәтбаев кеңестік және Қазақстандағы металлогения ғылымының негізін қалаушы, әлемдегі ең ірі мыс кеніштерінің бірі – Ұлытау-Жезқазған кен орнын тұңғыш ашушы. 1946 жылы құрылған ҚазССР Ғылым академиясының Тұңғыш Президенті, Орталық Азия мен Қазақстан ғалымдары арасынан шыққан тұңғыш академик.
Биыл Мемлекет және қоғам қайраткері, кемеңгер ұйымдастырушы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына – 120 жыл толып отыр.
Осы Республика көлемінде тойланып жатқан үлкен іс-шараға "Ғылым ордасы" РМК Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және академик Сәтбаевтың мемориалдық музейінің ұйымдастыруымен Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конфереция өтті. Орталық ғылыми кітапхана ғалымның еңбектерінен кітап көрмесін ұйымдастырды. Геолог ғалымның 1933 жылы жарық көрген "Джезказган", "Большой Джезказган" 1935, " Металлогенические прогнозные карты Центрального Казахстана" 1955 , "Казахский филиал Академии наук Союза ССР 1945 году", "Қазақ ССР Ғылым академиясының ашылуы" 1946, "Труды Первой сессии Академии наук КазССР" 1946, 1924 жылы жарық көрген "Алгебра" оқу құралы, Қ.Сәтбаевтың алғы сөзімен 1927 жылы Мәскеуде жарияланған " Ер Едіге" жыры басылымдары, сонымен бірге ғұлама ғалымның замандастарының естеліктері де конференцияға қатысушыларға ұсынылды.
1961 жылы 12 сәуірде Қазақстанның Байқоңыр аймағынан тұңғыш космос кораблі ғарышқа аттанды. Сөйтіп, Юрий Гагарин – әлемнің тұңғыш ғарышкері, ал Байқоңыр – ғарыш аймағына айналды. Алғашқы ғарыш сапарынан кейінгі жылдары 500-ден аса ғарышкер аспан әлеміне сапар шегіп, ғылыми зерттеулер жүргізді.
Солардың ішінде Қазақстанның үш өкілі, өз елінің ұлттық батырлары, ұшқыш-ғарышкерлер: Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетовтер де бар. Олардың есімдері Қазақстан тарихы бетіне алтын әріптермен жазылды.
1991 жылы 2 сәуір айында Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығынан өткен Тоқтар Әубәкіров сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа аттанды. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Т.Әубәкіров Кеңес Одағының батыры және Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы» атақтарының иегері.
Екінші ғарышкер Талғат Мұсабаев ғарышқа үш рет ұшты. Ол 1994 жылы 1 шілдеде «Союз ТМ-19» экипажының борт инженері ретінде ғарыш сапарына аттанды. Оның әр жылдардағы ғарыштық экспедицияларының жалпы ұзақтығы бір жылға жуық уақытты құрады. Т.Мұсабаев 2001 жылғы ғарыш сапарында Америка Құрама Штатының миллионері, ғарышкер-турист Денис Титомен бірге ұшты. Т.Мұсабаев Тәуелсіз Қазақстаннан шыққан ғарышкер. Ол Ресей Федерациясының батыры, Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы».
2015 жылдың қыркүйек айында қазақ елінің үшінші азаматы Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты. Ол Қазақстан атынан халықаралық экипаж құрамында ғарышты бағындырған Тұңғыш ғарышкер-ұшқыш. Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы». Ғарыш әлемінде болған 9 күн, 20 сағат,13 минутта тапсырылған ғылыми жұмысын, әсіресе Каспий теңізі мен Арал көлі маңының экологиялық жағдайына байланысты зерттеулерін жүргізді.
Осы Әлемдік даталы күнге арнап РМК «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапхана кітап көрмесін ұйымдастырды. Ғарыштың негізін салушы орыстың ұлы ғалымдары Константин Эдуардович Циолковский және Сергей Павлович Королевтың ракеталық техника мен аспан әлеміне саяхаттар теориясына арналған ғылыми еңбектері, космос кеңістігін зерттеу және оны игеру жолдарына арналған еңбектермен танысуға болады. Кітап көрмесіне космос әлеміне алғаш рет жол салған №1 космонавт Юрий Гагарин және басқа да халықаралық экипаждар туралы көптеген қызықты материалдар қойылды.
Қазақстанда космос кеңістігін зерттеу туралы жазылған ғылыми еңбектер, еліміздің ғарышкер-ұшқыштары, халық батырлары Т.Әубәкіров, Т.Мұсабаев және А.Айымбетовтердің өмірі, қызметтері және космос кеңістігін бағындырудағы жасаған ерліктері туралы да материалдармен таныса аласыздар.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚазССР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Едіге Айтжанұлы Түркебаевтың туғанына 90 жыл. Едіге Айтжанұлы Түркебаев Алматы облысының Жалаңаш аулында 1929 жылы 10-сәуірде дүниеге келген.
Едіге Айтжанұлы ірі ғалым, металлургия саласында бірқатар монографиялар жазды, қара металлургияда оттегіні пайдалануды енгізген алғашқы мамандардың бірі болды.
Е.А.Түркебаев техника саласына қатысты ондаған ғылым кандидаттарын, бірнеше ғылым докторларын дайындады, сонымен өзі инженерлік экономика мектебін құрды.
Металлургия, металлургиялық және экономикалық ғылымдарды дамытудағы еңбегі үшін
Е.А. Түркебаевқа «Құрмет белгісі» ордені, «Еңбек ардагері» медалі және «Қазақстан Республикасы Ғылымға еңбегі сіңген қайраткері» атағы берілген.
Аталған іс-шараға байланысты «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған әдебиеттер, ғылыми еңбектері, мерзімді басылымдардағы мақалалары және ол туралы жазылған естеліктер оқырмандарға ұсынылды.
Наурыз - шығыс елдерінің бүкілхалықтық мейрамы, Ұлыстың ұлы күні. Наурыз шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтіледі. Қазақ халқы да Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды салт-дәстүрге айландырған. Қазақстанда Наурыз мейрамы 21-23 наурыз аралығында аталып өтеді. Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады.
Наурыз мерекесі - қасиетті күн. Данышпан ата-бабаларымыз бұл күнді табиғаттың айрықша белгілерін ескере отырып белгілеген. Наурыз айын ерекше қасиеті бар ай ретінде бағалаған. Күн мен түн теңелетін күн, төрт түлік мал төлдейтін, табиғаттағы барлық жәндіктер мен өсімдіктерге жан бітетін ай. Наурыз шығыс елдері үшін бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланған. Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған. Наурыз мерекесі күндері ұлттық тағамдар ұсынылады. Театрландырылған көріністер көрсетіледі. Ұлттық ат спортынан жарыстар өтеді. Қазақша күрес, арқан тарту, бағанға өрмелеп, жүлде алу секілді жарыстар, жүгіру, спорттық шаралар өтеді. Наурыз мерекесіне тән - көпшілікке наурыз көже даярланады, ол тағам жеті түрлі дәмнен даярлануы шарт. Халықта наурыз көжені тойып ішкен адам келесі жылға дейін ішім-жемнен тарлық көрмейді деген ұғым бар. Үй иесі үлкен кісілерден наурыз көжеге бата сұрайды. Ол кісілер:
«Пәле-жала жерге енсін!
Төрт түлік ақты болсын!
Өрісің малға,үйің жанға толсын!
Ақ мол болсын!» деп бата берген.
Осы мерекеге байланысты «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы «Армысың, Әз-Наурыз» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге «Наурызнама», «Наурыз көже», «Ұлттық салт-дәстүрлер», «Қазақтың киіз үйі», «Бабадан қалған бар байлық», «Қазақтың ұлттық киімдері», «Быт и культура казахского народа», «Казахские народные обычаи», «Этикет казахов» және тағы да басқа наурыз туралы жазылған көптеген әдебиеттер қойылды.
Композитор, этнограф - ғалым, қазақтың және көптеген халықтардың дәстүрлі ұлттық музыкасын зерттеп оны нотаға түсіруші және ҚазССР-нің тұңғыш халық әртісі Александр Викторович Затаевичтің туғанына – 150 жыл толып отыр. 1869 жылы Орлов губерниясының Болхов қаласында дүниеге келген ол алғашқы білімін Орел қаласындағы әскери гимназияда алған.
1920 жылдан бастап жол қиындығына қарамастан Қазақстанның барлық аймақтарын аралап, өмірінің соңғы жылдарына дейін қазақтың өнердегі бай-мұрасын жинап, ұлттық музыканы зерттеуге жол ашты. Ол ел аралап жүріп қазақ зиялыларымен, белгілі әнші-күйшілермен, қарапайым жұртшылықпен кездесу нәтижесінде 1925 жылы «Қазақтың 1000 әні», ал 1931 жылы «Қазақтың 500 әндері мен күйлері» атты жинақтарын шығарды. А.В. Затаевич жинап нотаға түсірген қазақтың әндері мен күйлері, музыкалық мұрасы бүкіл әлемге тарады. Сонымен қатар әйгілі этнограф, дарынды композитор қазақтың камералық музыкасының да негізін салды.
Композитордың 150 жылдық мерейтойына арнап М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Ғасырлар кеңістігіндегі көне сарындар» атты Халықаралық конференция өткізді. Осы аталған іс-шараға арнап Орталық ғылыми кітапхана композитордың өмірі, ғылыми еңбектері және замандастары мен музыкатанушы ғалымдардың зерттеулерінен кітап көрмесін ұйымдастырды.
Кітапхананың Сирек кітаптар қорынан А.В.Затаевичтің 1925 жылы Орынбор қаласында жарық көрген «1000 песен киргизского народа», «500 казахских песен и кюйев» - А-Ата,1931, «250 киргизских инструментальных пьес и напевов» - М.,1934», «1000 песен казахского народа» - М., 1971 және композитор мұрасын зерттеуге арналған көптеген еңбектер қойылды.
Конференция жұмысына қатысқан ғалымдар мен өнер адамдары композитордың шығармашылығы туралы баяндамалар жасап, өнер адамдары А.В. Затаевич жинап, нотаға түсірген әндерді орындады. Конференция жұмысына Т. Жұргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы шығармашылық жұмыстар мен халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры, әнші С.Майғазиев, осы университеттің дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының меңгерушісі, доцент, дәстүрлі әндерді орындаушы Р. Стамғазиев және т.б. қонақтар қатысты.
Юрий Алексеевич Гагарин 9 наурызда 1934 жылы ССРО, (бұрынғы Гжат) Гагарин ауданы, Клушино ауылы, Смоленск облысында дүниеге келген. КСРО ұшқыш-ғарышкері, ғарыш кеңістігіне сапар жасаған бірінші адам, полковник, Кеңес Одағының Батыры. 1951 жылы Мәскеу маңындағы Люберцы қаласыңдағы қолөнер училищесін, 1955 жылы Саратов индустрия техникумын бітірген. 1955 жылдан Кеңес Армиясы катарында болған. 1957 жылы 1-Чкалов әскери-авиация ұшқыштар училищесін бітіргеннен кейін, Солтүстік флоттың жойғыш авиациялық бөлімдерінде қызмет етті. 1960 жылы ғарышкерлер қатарына алынды. 1961 жылдан ғарышкерлер отрядының командирі болды. 1961 жылы 12 сәуірде тарихта тұңғыш рет "Восток" ғарыш кемесімен Байкоңыр ғарыш алаңынан ғарышка ұшты. Ол Жерді айналып ұшып, 1 сағ 48 минуттан кейін Жерге қайта қонды. Бұдан кейін ол ұшқыш-ғарышкер ретінде өзінің ұшу шеберлігін жетілдіріп, ғарышкерлерді үйретіп - жаттықтыру ісіне тікелей араласып, ғарыш кемелерінің ұшу процесін басқаруға қатынасып отырды. 1968 жылы Әскери-әуе инженерлік академиясын бітірді. 1964-1968 жылдары ғарышкерлерді даярлау орталығы бастығының орынбасары болды. 1966 жылдан Астронавтика халықаралық академиясының құрметті мүшесі, Ленин орденімен, медальдермен және көптеген шет ел ордендерімен марапатталған. Гагаринге Чехословакияның Социалистік Еңбек Ері, Болгарияның Батыры, Венгрияның Еңбек Ері атақтары берілді. 1968 жылы Халықаралық авиациялық федерациясы Ю.А. Гагарин атындағы алтын медаль тағайындады. Ресейдегі ғарышкерлерді даярлау орталығы Гагарин атындағы Ресей ҒА-ның ғылыми-зерттеу орталығы, дүние жүзінің көптеген оку орындары, қалалар, көшелер мен алаңдар Гагарин есімімен аталады.
Аталған іс-шараға арнап, Орталық ғылыми кітапхана кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге ұшқыш-ғарышкердің өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері, еңбектері, ол туралы әдебиеттер мен естеліктерді, халықаралық және республикалық марапаттары туралы мәлеметтерді оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Ауған соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. 1979 жылы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы басшыларының шағын тобы Ауғанстанға кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, 1979 жылы 27 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді.
Кеңес әскелерінің жекелеген бөлімшелері Ауғанстан аумағынан шыға бастауы өте күрделі операция еді. Он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғаған Ауғаныстан әскерлері құрамында Қазақстаннан 22269 жауынгер интернациональдық міндетін атқарды. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған азаматтар елге мүгедек болып оралды. Қаншама қазақстандық отбасына қасірет әкелген Ауған соғысы біз үшін осылай аяқталған болатын. Сондықтан елімізде жыл сайын он жылға жуық созылған соғыста қаза болған ардагерлерге тағзым етіп, еске алады. Республика бойынша Ауған соғысы ардагерлерінің отыздан астам ұйымы бар. Алматы қаласында Ауған соғысы ардагерлерінің 17 қауымдастығы бар. 2005 жылы Ауған соғысы ардагерлерінің өз құрылтайларына Қазақстанның 14 облысынан 19 ауғандық ұйым өкілі қатысты. Осы құрылтайда «Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының қауымдастығы» құрылып, барлық ауғандық ұйымдар қауымдастыққа бірігуі керек деп бірауыздан келісті. Қазіргі кезде республика бойынша 30-дан астам ұйым осы қауымдастыққа кіреді. Кеңес әскелерінің Ауғанстан жерінен толықтай шыққанына биылғы жылы 30 жыл толды.
Аталған тарихи даталы күнге арнап, Орталық ғылыми кітапхана кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге С. М. Акимбековтың «История Афганистана», екі томдық «О павших в Афганистане», «Память из пламени Афганистана» атты үш томдық ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің сұхбаттары және т.б. әдебиеттер қойылды.
Көрмеден күні кеше өмірден озған ауған майданында «Қара майор» атанған полковник Борис Керимбаевтың «Капчагайский батальон» атты деректі повестін де көре аласыздар.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әнуар Жақсығалиұлы Дербісәлин 1929 жылы 18 ақпанда Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Ақтөбеде Байғанин атындағы мұғалімдер институтының Орыс тілі мен әдебиеті факультетін және Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтты үздік бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша мұғалімдік қызмет атқарды.
1951-1954 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының аспирантурасында оқып, көп ұзамай «Ыбырай Алтынсариннің әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Араға біраз жыл салып 1969 жылы «Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиетінің даму жолдары» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Ғалымның отыз жылдай өмірі ҚР Ғылым академиясының М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шаңырағында өтті. Ол бірнеше монография мен көптеген ғылыми мақалалардың авторы. 1983 жылы ҚР ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды. Ә. Дербісәлин ғылыми ортаға, зиялы қауымға Ыбырай Алтынсарин мұрасын түбегейлі зерттеген ғалым ретінде танылды. Жазушы өмірі мен қызметін зерттеген еңбектері әр жылдары орыс, қазақ тілдерінде жарық көрді.
Ә.Ж. Дербісәлин республикалық білім беру, ғылыми кадрлар даярлау саласына да көп еңбек сіңірді. Ол көптеген ғылыми кітаптардың жауапты редакторы, 6 томдық академиялық «Қазақ әдебиеті тарихы» еңбегінің, 12 томдық Қазақ совет энциклопедиясының негізгі авторларының бірі болды.
2019 жылдың 22 ақпанында ҚР Білім және ғылым министрлігі М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Орталық ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен әдебиеттанушы ғалымның туғанына 90 жыл толуына арналған «Әдебиеттанушы-ғалым Әнуәр Дербісәлиннің ғылыми мұрасы рухани жаңғыру контексінде» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Осы мерейтойлық іс-шараға арнап Орталық ғылыми кітапхана ғалым еңбектерінен кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеден ғалымның азаматтық болмысы мен ғалымдық парасаты туралы жазылған естеліктер, замандастарымен бірге түскен суреттерін, ғылыми еңбектерін көріп таныса аласыздар. Аталған іс-шараға ғалымдар, өнер қайраткерлері, Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы ғалым есімімен аталатын мектептен қонақтар қатысып өз естеліктерін жеткізді.
Қазақстанның бүгінгі жастары еліміздің қоғамдық және саяси өміріне белсенді араласып, қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды роль атқарады. Сондықтан қазіргі жастар Қазақстанның негізгі стратегиялық ресурсы болып табылады. Жастар – Қазақстан Республикасының он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі азаматтары. Қазіргі кезде Қазақстан қоғамында бұрынғы ұрпақтардан айтарлықтай өзгеше, жаңа зияткерлік тап: жаңа бағдар ұстанған, құндылық ұстанымдары, ұтымды экономикалық іс-қимылдары арқылы табысқа жетуге бағытталған жастар тобы қалыптасты.
Бүгінгі таңда жаңа білім меңгеру және жақсы мамандық алу бірінші орынға шықты, сондықтан жастар бәсекеге қабілетті және кәсіби шеберлігі жоғары мамандар болып қалыптасуда.
Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандық жол – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында жастарға ерекше жол көрсететін іс-қимылдардың нақты жобасын ұсынған болатын. Президент кезекті Жолдауында да еліміздің тірегі – жастар мәселесіне үлкен мән беріп, биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. 2019 жылдың 23 қаңтары күні Астанада «Тәуелсіздік ұрпақтары» деген атпен Жастар жылының ашылу салтанаты өтті. Осы үлкен жиынға Елбасы Н. Назарбаев, үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, ҚР Президенті жанындағы «Жастар саясаты» кеңесінің мүшелері, «Болашақ» бағдарламасы түлектері, жас ғалымдар, спортшылар, студенттер және т.б. мамандық иелері қатысты.
Жоғары оқу орындарында мамандық алып шыққан жастардың өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрып, елімізге қызмет ету мәселесі қоғамның даму тенденциясын анықтайтын фактор екені анық. Осылайша, елімізде мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты қолдау мен жүзеге асыруға бағытталған ауқымды іс-шара жоспарын іске асыру бастау алды.
Осы аталған іс-шараға Орталық ғылыми кітапхана кітап көрмесін ұйымдастырды. Мемлекеттік жастар саясаты, оның жүзеге асуы, жаңа технологияны меңгерудегі олардың білімдері мен ізденістері, еліміздің экономикасы мен ғылымын дамытудағы ролі туралы әдебиеттер қойылды. Жастар тек білім мен ғылым саласында ғана емес, өнерде, спортта елімізді өте жоғары деңгейге көтеріп, әлем жұртшылығына танытып келеді. Білімді жастар – еліміздің болашағы, сондықтан елімізде мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты қолдау мен жүзеге асыруға бағытталған, жасалып жатқан игі істер туралы да кітап көрмесінен таныса аласыздар.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы
"Ұлы даланың жеті қыры"