Саналы ғұмырының 50 жылын кеңестік кезеңде Моңғолияда, қалғанын атажұртта өткізген Моңғолияның мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлының туғанына – 80 жыл толып отыр. Зардыхан Қинаятұлы 1940 жылы 30 желтоқсанда Моңғолияның Қобда өлкесінде дүниеге келген. 1965 жылы Моңғол мемлекеттік университетін Сухе-Батор атындағы стипендиямен тарих мамандығы бойынша бітірген. 1972-1975 жылдары Мәскеудегі Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасында білімін жалғастырып, философия ғылымдарының кандидаты, ал 1987 жылы осы оқу орнында тарих ғылымының докторы атағын алған. Моңғолия Халық Республикасының Орталық атқару, партия органдарында түрлі қызметтер атқарған. Еліміз Тәуелсіздігін алған жылдары атажұртқа оралып, қалған бар өмірін еліміздегі тарих ғылымын зерттеуге арнады. Бірнеше тілді меңгерген ғалым қазақ мемлекеттігі тарихына және Моңғолиядағы қазақ диаспорасына байланысты бірнеше монографиялық еңбектер жазды. Еңбектері жоғары бағаланып, Моңғолияның және Қазақстан Республикасының наградаларымен марапатталды.
2020 жылдың 23 желтоқсанында Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Рухани жаңғыру» институты және «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігі ұжымдарымен бірлесіп Зардыхан Қинаятұлының ғылыми мұрасын зерделеп, оған баға беру және насихаттау мақсатында «Ұлы Дала тарихы және тұлға» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-офлайн конференция өткізді.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы белгілі саясаткер, тарихшы-ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятүлының әр жылдары жарық көрген монографиялары мен мерзімді басылымдарда жарияланған ғылыми мақалаларынан кітап көрмесін ұйымдастырды.
Көне түркі тұлғалары мен арғықазақтар, Қазақ ойшылдары, Қазақтың би-шешендері, Қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарлы көлемді атаулар бойынша көптомға жоспарланған "Ұлы дала тұлғалары" сериясының төрт томы және томдардың анықтамалық көрсеткіші бастаған құнды кітаптар кітапханамызға келді.
Қытай ғалымы Су Бэйхайдың "Қазақтың жалпы тарихы" төрт томдық кесек еңбегі де кітап қорымызға түскенін айта кеткен жөн. "Нұрлы әлем" баспасынан шыққан Абай Құнанбайұлы 175 жыл, "Ұлы дала халқы мәдениетіндегі қоршаған орта", "Жыр арқауы - ата заң", "Өрт жылдардың отты жандары", т.б. жаңа кітаптар да қазынаға қосылды. Темірхан Медетбектің "Аудармалар, ой - толғамдары", Әлібек Асқаровтың"Туған жерге туыңды тік!" эсселері, Мадина Омарованың "Көмбе нанның дәмі", Нұрдәулет Ақыштың " Аласа таулар аясында" романы, Қайрат Раевтың " Алаштың арда ұлдары", Айгүл Кемелбаеваның "Папирус" жинағы, Серік Оспанның "Балуан Шолақ" еңбегі және Есболат Айдабосын "Тибет аруы" кітабы, т.б. әдеби, ғылыми және шет тілінен аударылған қырыққа жуық жаңа кітаптар кітапханамыз арқылы оқырманға жол тартты.
Биыл Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының құрылғанына – 75 жыл толып отыр. Еліміздегі тарихшы мамандардың бірнеше буыны осы ғылыми мекеменің қызметімен тікелей байланысты. Институт отандық тарих ғылымының барлық кезеңдерін зерттеу, жоғары дәрежелі кадрлар дайындау, әлемдік тарих пен мәдениеттің, өркениеттің дамуына үлкен үлес қосқан ғылыми мекеме.
1961 жылдың қаңтар айында Тарих, археология және этнография институтына ұлы ғалым Ш.Ш. Уәлихановтың есімі берілді. Ғылым академиясы Президиумының 1991 жылғы 12 қыркүйектегі №73 қаулысымен институт Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты болып атауы өзгертілді.
Қазақстандағы тарих ғылымын дамыту және тарихшы мамандар дайындауда академиктер А.Н.Нүсіпбекев, Б.А.Төлепбаев, Е.Б. Бекмаханов, Р.Б.Сүлейменов, Б.С.Сүлейменов, М.Қозыбаев, Г.Ф.Дахшлейгер және т.б. көптеген ірі ғалымдардың еңбектерін ерекше атауға болады.
2020 жылдың 22 желтоқсаны күні Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының құрылғанына -75 жыл толуына орай «Қазақстан тарих ғылымы: өткені, бүгіні және келешегі» атты ғылыми-теориялық конференция өткізді. Конференция жұмысы онлайн-офлайн форматында өтті.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты тарихшы ғалымдарының әр жылдары жарық көрген ғылыми еңбектерінен кітап көрмесін ұйымдастырды.
Танымал тележурналист, публицист Гүлмәрия Кулиясқызы Барманбекова Орталық ғылыми кітапханасына өзінің жақында баспадан шыққан "Ғажайып ғалам" атты кітабын сыйға ұсынды. Саяхат сырларын тақырып еткен қаламгердің бұл кітабы өзінің бұрын-соңды аралаған елдерінен алған әсерлері негізінде жазылған сапар естеліктерінен тұрады. Қазақ басына төнген ауыр жылдарда өткен ғасырдың алдыңғы ширегінде Алтайдан ауып, Аспантау асып, Анадолы, Еуропа елдеріне қоныс аударған қандастарымыздың бүгінгі өмірін де тілге тиек ететін бұл кітап оқырмандар үшін аса құнды жазбалар жауһары деуге болады.
Автор кітабын Орталық ғылыми кітапханасының меңгерушісі Қарлығаш Ескендірқызына арнайы табыстады. Алты миллион кітап қоры бар үлкен қазынаға кітабын қосқан қаламгер ақжарма тілегін, алғысын білдірді.
Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,
Деп жылар талай қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ айтар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде.
Б.Момышұлы
Ерліктің символына, аты аңызға айналған қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына биыл – 110 жыл толып отыр.
Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Балалық шағын туған ауылында өткізіп, оқуын орталықтағы мектеп-интернатта жалғастырады. Мектепті бітіргеннен кейін ауылдық мектепте ұстаздық, кеңестік мекемелерде әр түрлі қызметтер атқарады. 1932 жылы әскер қатарына шақырылып полктық мектепте әскери мамандықты меңгерген ол запастағы командир ретінде әскери жұмысын аяқтайды. 1936 жылы Б.Момышұлы Қызыл Армия қатарына қайтадан шақырылып, атқыштар полкының командирі болып тағайындалады. Әскер қатарында болған жылдары бірнеше әскери мамандықты меңгеріп, 1941 жылы еліне оралады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы