Мұнарадай бойы бар,
Кәлласы үлкен түйеден.
Аяқ-қолы шынардай,
Беті қара күйеден.
Қозғалған төбе секілді,
Құлаған тауды сүйеген.
Түйеден үлкен басы бар,
Алпыс бес кез шашы бар.
Дорбасының ішінде
Сексен бес қадақ тасы бар.
Он бір батпан шойынды,
Оң иініне байлады.
Он екі батпан шойынды
Шекемтас қып ойнады. ...
Бұл Асқарбай бай батыр, балуандарын ертіп, Қалмақтың Орман ханына барғанда арыс майданына шыққан қалмақ балуан Бөрібектің бейнесінен үзінді.
Құрметті оқырман, бүгін сіз Оңтүстікте өткен атақты қиссагер Байшопанұлы Жылқыбайдың "Асқарбай - Сарыбек", "Зияда- Шаһмұрат" атты екі дастанының қолжазбасымен таныс боласыз.
Қолжазбаны жазып, 1956 жылы қорға тапсырған Амантайұлы Қысыраубек. Келтірілген екі дастан да бүгінге дейін кітап болып шыққан шығармалар арасында көп кездесе бермейді. Аталған қолжазба сонысымен де құнды болып отыр. Қаратаудың атақты жыршысы Нысанбайұлы Нұрәлі ақынға өнер жағынан ұстаз болған Жылқыбай ақынның тарихи жырларынан бірнеше қолжазба сақтаулы. Ақынның мұраларын жинаушының жазуы көркем, жырлардың бас-аяғы толық әрі жырдың тұтас тұлғасында қазақтың көне сөздері, діни терминдер, аймақтық тіл ерекшеліктері сақталған. Шығарма осы қасиеттерімен руханиятымызда өте құнды болып отыр.
Осылай деп айтқан соң,
Ақ мылтықты қолға алды.
Аққұс сынды тұлпарды
Атайын деп оңланды.
Мылтыққа білте басады,
Бөрікөз судай тасады.
Аққұс аттай тұлпардың
Қанын жерге шашады.
Қой боғындай қорғасын,
Ажал болып жабысты.
Аққұс атты өлтірді,
Жібермеді намысты. ...
Асқарбай байдың атақты тұлпарын қалмақтар қызғаныштан өлтірген сәтін осылай суреттесе, Асқарбайдың ұлы Сарыбек дүниеге келгеннен кейінгі бейнесін былай сомдайды:
Бір жасына келгенде,
Біл тасындай жайнады.
Екі жасқа келгенде,
Ер қаруын сайлады.
Үш жасына келгенде,
Ұшқан құстай ойнады.
Төрт жасына келгенде,
Төрге билік айлады.
Бес жасына келгенде,
Беліне қылыш байлады.
Сарыбек келді алтыға,
Таулар күйіп, тас жанар,
Сарыбектің зарпына...
Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімі ұсынады.

Аса қызықты тағы бір мәлімет: «Қара ноғай, Сары ноғай қоныстан ауғанда Қазтуғанның айтқаны» деп аталатын қолжазбада, Қазтуған, Асанқайғы, Ер Абат, Шерқұтты би (текстте хан деп айтылады) арасындағы сөз тартыс тікелей осы ұлы тұлғалар аузынан беріледі. Және бұл жыр осыған дейінгі басылым көрген тарихи жырларда кездесе бермейді. Ғалым Сәлімұлы қолжазбасында кезіккен кейбір сұлу тіркестер де бұған дейінгі жарияланған жырларда жоқ. Ал бұрынғы жарияланған нұсқаларда бар тармақтарының өзі Қазтуған мен Мұрат Мөңке жырларында ішінара ғана ұшырасады.
Келу қайнары:https://www.6alash.kz/kz/article/qaztugan-jiraudin-jaryyalanbagan-olenderinin-qoljazbasi-bar.html"color: #333399;">

1910 жылы Қазан қаласының «Урнэк» баспасынан басылып шыққан Құрбанғали Халидовтың «Тауарих хамса» атты кітабын қарап шықтым. Орталық ғылыми кітапханасында бұл еңбектің түпнұсқа түрі де аудармасы да бар. Егер оқимын десеңіздер Сирек кітаптар, қолжазбалар бөліміне келіп қарасаңыздар болады. “Тауарих Хамса” 1992 ж. қазақ тілінде жарық көрді. Ғылыми түсініктемесін Б.Көмеков жазып, шығыстанушы А.Жолдасов пен этнограф Б.Төтенай аудармасын жасады делінеді. Кітаптың "Қарқаралы дуаны" деген бөлімде қазақ елінің 19 ғ-дағы әдет-ғұрып туралы аса құнды этнографиялық мәліметтер берілген. “Тауарих Хамса” Шығыстың тарихы мен этнографиясы, мәдениеті мен әдебиеті жөнінде құнды еңбек болып есептелетіні рас, алайда автордың субъективтік пікірлері де жоқ емес (мысалы, кейбір діни қорытындылары, қымыз сияқты түркі терминдерін арабтың хамаз сөзінен болар деп болжам жасағаны, т.б.) Сондай-ақ, «Қазақ» атауына байланысты 10-нан астам дерек келтірілген екен, сіздермен бөлісуді жөн санадым. «Қазақ» атауына байланысты халық арасында көптеген пікірталастар бар екені белгілі.
Бірінші дерек «қазақ» «қашақтан» алынған сөз. Шыңғыс хан әулетінен ханзадаларының бірі атасының орнын алғанда оған қарсы таққа таласқан туысқандарының бірі өз адамдарымен қашып, тау-тас, сай-салада жайылып жүріп өткен-кеткендерді тонап-талап өмір кешкен. Мақсатсыз, бассыз жүрген топты білетіндер «қашақ» деген. Келе – келе «ш» дыбысы «з» дыбысына ауысып, қазақққа айналған деседі. Бұл дерек «Ғияс-әль-Луғаттан» алынса керек.
Екінші деректе «Қазақ» атауы қайсақтан өзгерген, «қайсақ» моңғол-қалмақ тілінде мемлекет шетін күзетуші мағынасында айтылған деген дерек береді. Бұл сөзді Сәйід Ғалин Ресей тарихынан көргенін баяндайды. Қытайлар қазақ халқын қазіргі тілінде де қайсақ, хаса, хайсау, хасақ деп атайды. Бірақ айтуларында бүгінде де қазақ атауы тұр. Қытайлар хайсақ дегені тілі келмегендіктен, сондай-ақ олардың ішінде «кизак» деп те атайтындар ұшырасады.
Үшінші деректе, «Қазақ» «Хазлахтан» шыққан деп көрсетеді. Ескендір Зұлқарнайын тосқауыл жасап, Әжүж, Мәжүж (тайпа аттары) іште қалып, түркілер сыртта қалып, өз халқынан бөлініп қалғаны үшін «тәрік» аталып, одан «түрік» болған. Тәрк – тастау, қалдыру деген мағына беретін араб сөзі. Содан бұлар уақыт өткен сайын көбейіп, бір тармағы хазлах атанады. Кейін келе «х» әрпінің орнына «қ» пайдаланылып, «л» әрпі түсіп, соңғы нәтижесі «қазақ» болып, қалыптасқан делінген.
Осы секілді он шақты мысал келтіріп өткен автор.
Шоқан Уалиханов өз еңбектерінің бірінде “қазақ” сөзін әскери термин ретінде қолднанылып “ержүрек, батыл” деген мәнді білдіргенін баяндайды.
Белгілі ғалым В.В.Радлов “қазақ” деген атауды: “тәуелсіз, еркін, ерікті адам” деп мағыналаған.

Өткен ғасыр басында Османлыдан (Түркия) шыққан оқулықтар қандай?
Осман түрікшесімен басылған аса көп сандағы кітаптардың Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар қорында сақтаулы екенін біреу білсе, біреу білмес.
Қымбатты оқырман, біз бүгін сізге Осман мемлекетінің кітап қорымызда сақталған неше жүздеген кітаптарының ішінен арнайы екі кітапты таныстырамыз:
1. Хусейн Хифизидің «Истифадели Дірсләр» (Пайдалы сабақтар) атты кітабі. Кітап 1324-ші жылы (1906) Стамбулда «Шерекате Мартебие» баспасында шыққан. Түрік тілінде (осман), араб шрифтімен жазылған оқу құралы. 135 бет.
2. Хасан Марзуқтың «Жынларла Мухабере» (жындармен тілдесу) кітабі. 1328-ші жылы (1910) Стамбулда «Нажим Истиқбаль» баспаханасында басылып шыққан. Түрік тілінде (осыман) жазылған. Бұл кітап адам жанымен, әруақтармен сөйлесу жайында. Психология, спиритизм (үстелді, шыны-аяқ табақтарды айналдырып салдырлатып, өлген адамдардың рухтарымен тілдесу) жайында мәліметтер береді. 256 бет.
Аталған екі кітап туралы шағын ой қорытсақ, ХХ ғасырдың басы жершарындағы ұлттардың дерліктей ояну ғасыры болды. Жаңаша ойда оқулықтар, дін мен ғылымның түйткілдерін шешуге талпынған кітаптар жазылды.
Бірінші кітапқа қарап отырып, өткен ғасыр басында ұлттық дүниетаным негізінде жазылған, ұлт ұстазымыз Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралдары» еске түссе, екінші кітапқа қарап, күні бүгінге дейін жұмбағы шешілмеген рух әлемі туралы Түркия жазармандары бұдан 110 жыл бұрын арнайы кітаптар жазғанын көреміз.
Құпияға толы шексіз ғаламның сыры – кітапта. Кітапханаға көбірек ат басын бұрып тұрыңыз!
Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімі дайындады.

Алты миллионға жуық кітап қоры қалай жинақталды? Әрине теңізге құйған өзендер секілді кітаптардың жан жақтан келіп бір арнаға тоғысуынан.
Құрметті оқырман Орталық ғылыми кітапханаға бүгін төмендегідей жаңа кітаптар келді. Дандай Ысқақұлының "Тіл эпопеясы немесе рухани жаңғырудағы қазақ тілінің тарихи миссиясы" ," Мағжан - поэзия падишасы" атты еңбектері; Серік Ақсұңқарұлының "Уа, Ақсораң" жинағы; Әбіл Қонысбайдың "Жадымдағы жазбалар " кітабы; Оразақ Смағұлов пен Айнагүл Смағұлова жазған " Қазақ халқы және ата тегі" кітабы; Думан Рамазанның "Пешене" атты драматургиялық еңбегі; Қуандық Шамахайұлының " Шөлейт жақта" атты еңбегі; Болат Үсенбаевтың " Күрең күз" жинағы; Жолтай Жұмат-Әлмашұлының "Қазаққа айттым, қайтемін..." жазбалар жинағы; Марфуға Бектемірованың таңдамалы шығармалары Т1, Т2; Қалекен Смайылдың "Аралбай батыр Таңсұлу ана" өлең роман, поэмалары; Нұрлытай Үркімбайдың "Мен...сырласамын" кітабы және Бақыт Сарбасұлы құрастырған "Қазақтың Қалдарбегі" қатарлы қазіргі заманның құнды жазбалары өз оқырмандарына дайын.
Кітапхана есігі сіздерге ашық!




Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

