10 желтоқсан күні Қазақтың белгілі қаламгерлері өздерінің кітаптарын Орталық ғылыми кітапхананың қазынасына қосты. Қаламгерлер сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған арысы мың жыл, берісі ғасыр «жас жасаған» көне басылымдар мен қолжазбалар көрмесін тамашалады. Қонақтар Орталық ғылыми кітапхананың меңгерушісі Қаймақбаева Қарлығаш Ескендірқызымен кеңесе отырып, өздерінің қаламынан туған кітаптарын ұсынды.
Айталық, бұл күнде жасы сексенге келген ақын, жазушы, сценарист Қажыбек Төтекин «Жаным, саған айтайын» (өлеңдер мен дастандар), «Бойтұмар» (әңгіме, повестер), «Дарымаған қарғыс» (эссе, өлең роман) кітаптарын тарту етіп, ақжарма тілегін ағытты. Ақын Сіләмхат Сейтқамзаұлы «Ақжайқын» жыр жинағын кітап қорына сыйлады. Жазушы, этнограф Байахмет Жұмабайұлы «Ою-өрнек әлемі», «Жартастар үн қатады», «Балбалдар мен кешендер», «Қазақтың сауда мәдениеті», «Бұқарбай батыр», «Зуқа батыр», «Өшпес есімдер» қатарлы оншақты еңбегін; Жазушы, этнограф Болат Бопайұлы «Қазақ кәдесі», «Қазақ мінезі», «Қазақ наурызнамасы», «Қазақ таныған гүлдер», «Бастаудан бақиға дейін», «Қазақ аспан есебі», «Ақыт ақиқаты», «Қазақтың алғыстары мен қарғыстары», «Қазақ жұлдыз жорамалы» қатарлы он кітабын; ақын, публицист-жазушы Болат Құрманғажыұлы Әкежан «Бөрі ұлыған түндер» (әңгімелер), «Зерде» (монография) және «Тек» атты тарихи романын; ақын, жазушы Дәулетбек Байтұрсынұлы «Күнәсіз мекен», «Топыраққа сіңген нұр», «Сенің арқаң», «Ясин-Нұр», «Ақыреттің егіні», «Өлместің суы бар ма», «Төлеген оқыған хат» кітаптары мен қоса «Өмірдің өзі» атты төрт томдық еңбегін сыйға тартса, жазушы Таухидін Зәменұлы «Өмір іздері» атты кітабын, күйші Мұқаш Таңғытұлы «Жайсаң», «Шежірелі шертпе күй» еңбектерін өз қолдарымен табыстады.
Орталық ғылыми кітапхана басшылығы қаламгерлерге «Алғыс хат» берді. Осылайша елуге жуық кітапты ел қазынасына қосқан авторлар да бастамаға ризашылықтарын білдірді. Әдетте жеке қаражатпен шыққан кітаптардың үлкен кітапханаларға жетпей қалатын олқылығын ескере отырып, қалам иелерін кітапханаға кітаптарын сыйлауға шабытарндыратын осындай игі шаралардың көбірек болғаны ел болашағы тұрғысынан да алар орны ерекше.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы