1948-1957 жылдары салынған Қазақ ССР Ғылым академиясының кешені архитектуралық ескерткіш болып саналады. ҚазССР Министрлер Советінің 1982 ж.26 қаңтардағы №38 қаулысына сәйкес «Қазақ ССР-ғы маңызды Тарихи және мәдениет ескерткiштерінің мемлекеттiк тізiміне енгiзiлген» және мемлекет қорғауында.
Кешен Алматы қаласы, Шевченко көшесi, 28 орналасқан және Шевченко-Құрманғазы-Қонаев-Пушкин көшелерiнiң қиылысындағы 3,0906 га. жер аумағын иеленуде.
ҚазССР Ғылым академиясының ғимараты - 1948 жылы басталып, 1957 жылы салынып біткен орасан зор архитектуралық ансамбль. Республика ғылымының бас штабын тұрғызуға ҒА бiрiншi Президентi Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың сіңірген еңбегі ерекше үлкен. Қ.И Сәтбаев Академия мен оның жеке ғылыми мекемелерiн өркендетудің негізгі міндеттерін жоспарлап, келешекте оларды осы аймақтық кешенге орналастыруға тұжырым жасаған. Қаныш Имантайұлы Академия ғимараты адам ойының ұлылығын бейнелеп, республика ғылымының алдына қойған міндетінің кең көлемді екенін көрсететінін болжаған.
Кешеннiң бас жобалаушысы, кемеңгер сәулетшi, сәулет өнерінің негiзiн қалаушы, көптеген тамаша ғимараттардың авторы, Мәскеудегі Ленин мавзолейiнің салынуына да өз үлесiн қосқан академик Алексей Викторович Щусев болды. Жұмысшылар тобының басшысы болып жобалаушы-архитектор,өз ісінің маманы, инженер А. И. Простаков тағайындалды. Жұмыс күшi ретiнде негiзiнен тұтқындағы жапондықтар пайдаланылды.
Ғимарат архитектурасына классикалық сарын және ұлттық өрнектiң стильдiк элементтерi қолданылған.
Қазiргi кезде ғимарат кешенiнде «Ғылым ордасы» РМК, Ғылыми кiтапхана, Археология мұражайы, Табиғат мұражайы, Сирек кездесетін кітаптар мұражайы, Қазақстан ғылымының тарихы мұражайы, ҚҰ «Ұлттық ғылым академиясы», Академик Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық мұражайы және 10 ғылыми-зерттеу ұйымдары жұмыс жасайды.
5.7 млн. сақталу қоры, кешендегi екi павильонда типтi кiтап сақтау бөлмелерi бар Ғылыми кiтапхана кешеннің оң қанатына орналасқан.
Өткен ғасырдың 60-70 жылдары архитектуралық ансамбльдi одан ары қарай өңдеу жұмысы жүзеге асырылды. ХІХ ғасырдағы қазақтың этнограф-ғалымы Шоқан Уалихановтың 8 метрлiк монументтік ескерткiші нәтижесiнде Ғылым академиясының алаңы архитектуралық сәулетті және үйлесiмдi шешімін тапты.
Қоладан құйылып, қара габбро тұғырында тұрған сәулеттi кескiн, фонтандар, химия, металлургия және кен байыту институттарының ғимараттары керемет архитектуралық ансамбль құрайды.
1979 жылы салынған Ғылым Академиясының шығыс жағындағы Пушкин көшесiндегi шағын бақта қызықты “Шығыс күнтiзбесi” фонтаны орналасқан. Қоладан құйылған аллегориялық кескiндер шығыс күнтiзбесiнің кейiпкерлерiн бейнелейдi.
1981 жылы Ғылым Академиясы ғимаратының оң жағына «Ғалымдар үйi» корпусы қосылып салынды. Ғимарат кешенi азаматтық архитектура үлгiсiне жатады.
Академияның жоспарланып салынған ғимараты 11 павильонға бөлiнген, олардың 9-да «Ғылым ордасы» РМК, Ғылыми кітапхана, Археология мұражайы, Табиғат мұражайы, Сирек кездесетін кітаптар мұражайы, Қазақстан ғылымының тарихы мұражайы, ҚҰ «Ұлттық ғылым академиясы», Академик Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық мұражайы және 10 ғылыми-зерттеу ұйымдары орналасқан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы