Отырушы едің ордада,
Бесті айғырдай ақырып.
Қарашының билерін,
Алдыма кел деп, шақырып.
Талма-тал түс болғанда,
Қараша қаздай қамалып,
Қарашың үйге толғанда,
Орданың іші ыссы деп,
Жапырағы жаудырап,
Көлеңкесі салбырап,
Сусылдап тұрған қайыңның
Түбіне кілем салдырып,
Ірбіті сары самармен
Ордадан қымыз алдырып,
Сылдырмақты ожаумен
Отырушы едің сапырып.
Осылар еске түскенде,
Қайғырмассыз ба аһ ұрып?!
.....
1922 жылы жазылған Қашқымбай атты жырлаушының қолжазбасынан. Бұл Арқадан Оңтүстік бағытқа ел көшіруге әзірленген Хан Кенеге Досқожа жыраудың айтқан толғауы.
Қазақта Абылайдан кейін Кенесарыдай көп жырланған тұлға жоқ. Орталық ғылыми кітапханада бір ғана Хан Кене туралы 66 қолжазба бар. Осыншама мол жазбаның 24-і Кенесары мен Наурызбай атында берілген. Хан Кене жайлы қолжазбалардың осынша көп болуы – Алты Алаш баласының айбоз ұлы Кенесарыны өте жақсы көретінін, ұлттық ұлы рухтың, ерлік пен әділдіктің, егемендік пен есе теңдіктің ту ұстаушысы ретінде бағалайтынын білдіреді.
Хан Кененеге қатысты мұралар толық игерілген жоқ. 60-тан асып жығылатын қолжазбалар арабша (төте жазу), латынша және кирилл жазуларымен естелікке алынған. Орыс тілінде жазылғандары да көбірек.
Хан Кененің соңынан ерген сенімді батырларымен бірге толарсақтан қан кеше жүріп, ұлт азаттығы, жер иелігі жолында жасаған ұлы күрестері бейнеленген бұл қолжазбалар – қазақтың қасы мен көзіндей қымбат жауһарлар деуге болады. Бұл жазбалардан сол дәуірдегі тарихи жағдайларды, жер-су атауларын, рулар мен кісі есімдерін, тарихи тұлғаларды, сондай-ақ, ататек шежірелерді де көруге, тереңдетіп зерттеуге мүмкіндік туады.
Қазақтың өткен тарихында елі мен жері үшін ғазиз жанын, қасық қанын арнаған боздақтар мен көшбасшы тұлғалар жиі зерделеніп, ұлттық мүдде мен рухани құндылықтың басында тұруы керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы