Бүгін XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның (5 наурыз 1866, Қарқаралы уезі, Семей облысы, Дала Өлкесі - 27 қыркүйек 1937, Мәскеу) туған күні. Осыдан 155 жыл бұрын Қазақ даласында өмірге келген Ұлт көшбасшы өмірінде сан алуан тақырыпта қалам тартып, ұрпақтарға ұшан-теңіз мұра қалдырған болатын.
Біртуар ғалымның төл қолжазбаларын табу қиын. Дегенмен, өткен ғасыр басында күн-түн демей еңбек еткен қайраткердің әр басылымдағы еңбектері жинақталып бүгінгі таңда бірнеше рет көптомдықтары жарық көргені белгілі. Аталған көптомдықтарға енген кітаптар мен басылымдардағы шығармаларының дені Орталық ғылыми кітапхана сияқты сирек кітаптар қоры аса бай орындарда сақталған мұралардан алынған еді. Біз бүгін ғалымның туған күнінде Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар қорында сақталған төте жазумен ілгерінді-кейінді басылған еңбектерін таныстырып өтеміз:
1. Жердің қысқаша тарихы / Ә. Бөкейханов, П. Тутковский. - М. : КСРО халықтарының кіндік баспасы, 1926. - 104 б.
2. Жамандат-топалаң / Ә. Бөкейханов. - М. : КСРО кіндік баспасы, 1926. - 15 б.
3. Денсаулық сақтықта / Ә. Бөкейханов. - М. : КСРО халықтарының кіндік баспасы, 1926. - 16 б.
4. 23 жоқтау : Қазақ тарихының төрт жүз жылын алады / А. Байтұрсынұлы, Ә. Бөкейханов. - М. : КСРО халықтарының кіндік баспасы, 1926. - 156 б.
5. 1916-1926 / Бөкейханов, Ә. (Қыр баласы), Щестяков. - М. : КСРО халықтарының кіндікбас., 1926. - 21 б.
6. Кавказ тұтқыны. Жұмыртқадай бидай. Жеті қарақшы / Л.Н. Толстой; Ауд. Ә.Бөкейханов (Қыр баласы). - М. : КСРО халықтардың кіндік баспасы, 1925. - 56 б.
7. Ер Тарғын / Ә. Бөкейханов (Қыр баласы). - М. : Ұлттар комиссариаты қарамағындағы күншығыс баспасөз кеңесі, 1923. - 64 б.
Аталған жеті кітаптан сырт, Қыр баласының жазбалары үнемі жарияланып тұрған «Қазақ газеті», «Еңбекші қазақ» газеті, «Айқап» журналы сияқты «ғасыр жасаған» мерзімді баспалар да қорымызда бар. Бүгінгі таңда Әлиха Бөкейханов атына қатысты 100-ден астам материал кітапханамызда жинақталған.
Алақұйын ғасырда ат жалында ғұмыр кешкен Әлихан бастаған қайраткерлердің ғылымның әр тақырыбында емін-еркін кең көсіле қалам тартқанына уақыттары қалай жеткізгені тәнті етпей қоймайды. Алаш мұралары түгенделіп, Әлихан бастаған ұлыларымыздың ұстанымы ұлттық дамудың бағдарына жол аша берсін!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы