Қазақта Есім Байболов деген библограф, қаламгер болғанын біреу білсе біреу білмейді. Өткен ғасырдың екінші жартысында, әсіресе, 1960-1970 жылдары аталған кітапханамызда табан аудармай жұмыс істеп, тектілерден қалған тылсым дүниелердің сары майдай сақталуына және жарияланбаған жазбалардың жұртпен қайта жүздесуіне бір өзі көп күш шығарған ізденімпаз тұлға болғаны жазып-сызып, әдемілеп, әдіптеп, тізіп, реттеп кеткен материалдарынан, өзінің әр тақырыпта қалам тартқан мақалаларынан байқалады. Есім Байболұлының төл қолжазбаларынан 320 дәптер бар. Бұл дегеніңіз ілуде бір кезігетін жағдай. «Үкілі Ыбырай», «Ақан сері» және «Сәкен Сейфулин» деген үш кітабы алпысыншы жылдары оқырманмен жүздесіпті. Одан өзге сан алуан тақырыпта жазған қолжазбалары бірлі-жарым газет-журналда болмаса, қорда жинақталған күйінде қолжазба болып сақтаулы тұр.
Қаныш Сәтбаев, Әлікей Марғұландар бас болып жинақтаған 20 мыңға жуық қолжазбаны төте жазу, латынша, қазіргі қазақ жазуын тіпті қадімшені де (Шағатай жазуынан кейін Ахмет Байтұрсынұлының жазуына дейін) жүргізіп оқи білетіндігінің арқасында емін-еркін зерттеп-зерделеп, ішінен өзін ерекше баураған тақырыптарды ашып, неше жүздеген ірілі-ұсақты мақалалар жазған екен Байболов.
Бүгін біз сөздің орайында Есімнен қалған есті сөздердің бірі ретінде ол кісінің 300-ден асып жығылатын қолжазбаларының ішінен «Ескерусіз қалған поэмалар» атты мақаласында айтылған мәселелердіортаға қоя кетуді жөн көріп отырмыз.
"Айсары - Шорман" дастаны. 1946 жылы Қазақстан Ғылымдар Академиясының Тіл және әдебиет институты ұйымдастырған фольклорлық экспедиция Ақмола, Көкшетау өңірінде болғанда көкшетаулық жергілікті халық ақыны Сатыбалды Аймағанов жырлап беріп, Бозтай Жақыпбаев қағазға түсірген. Дастан қара өлең түріндегі 7–8, кейде 11 буынды болып келетін жыр үлгісімен шығарылған. Авторы белгісіз. Көкшетау өңіріне кең тараған. Дастанның негізгі тақырыбы – екі жастың махаббат жолындағы күресі мен ауыр да қайғылы тағдыры. Бай қызы Айсара мен жалшы жігіт, сал-сері, батыр Шорман аралығындағы сүйіспеншілік сезімдері, бас бостандықтары жолында махаббат үшін құрбан болып, арманда кетуі шынайы суреттеледі, әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздік батыл айыпталады. Жыр бұрын ешқайда жарияланбаған. Толық нұсқасы ҚР Ғылымдар Академиясының Орталық ғылыми кітапханасы мен Әдебиет және өнер институты қорында сақтаулы.
Өлсем де атым қалар кейінгіге,
Жазылған жырым мынау өлсін неге.
Жас өсіп, жарлы адам байымай ма,
Аларсын екі жасты естеріңе.
Ей, достар, орындалды арыздарың,
Алдыңда қанмен берген жас жандарын.
Өкініш ертедегі бір оқиға,
Шығару баспа арқылы – қарыздарың!
«Поэманы жарыққа шығаршы автордың кім екенін біле алмадық. Алайда, белгісіз автор бұл тарихи дастанның баспа көруін халыққа аманаттап кетіпті» дейді Есім аталған мақаласында.
Мақаланың толық нұсқасы жарияланған сайттың жалғанымын осы жерге көрсететін боламыз!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы