Бірлік қылсаң, Алашым,
Ілгері қарай басасың.
Қол ұстасып ұмтылсаң,
Қатар жұрттан асасың.
Атағың мәңгі қалдырып,
Жасасын Алаш, жасасын!
Нұржан Наушабаевтің «Алашордаға» атты өлеңі.
«Оян, Қазақ!» (Міржақып Дулатұлы), «Жатпа, қазақ!» (Әбілқасым Арғыни), «Тұр, қазақ!» (Байбатыр Ержанұлы) атты үш кітап өткен ғасыр басында ұлт рухын ояту мақсатында шыққаны белгілі. Сол тұста қазақтың ағылскер ақыны, айтарман, жазарманы Нұржан Наушабаевтің «Алаш» атты кітап жазғанын біреу білсе біреу білмейді. Артына ұшан-теңіз мұра қалдырған ақынның шығармашылығымен таныс болайық.
Қазақстанда сирек кітаптар қоры жағынан көш бастап тұрған Орталық ғылыми кітапхананың қорында Нұржан Наушабав шығармаларының 18 дәптерден тұратын қолжазба бар. Бұндай аса көлемді жазба естелік мұралар – Абайдан кейін, Ш. Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім, Әсет Найманбай, т.б. қазақтың ұлы тұлғаларына ғана тән құбылыс деуге болады. Нұржан ақынның жұрт жүрегінен терең орын алғаны соншалық жұртшылық автордың 1903 жылы шыққан кітаптарының өзін қолмен көшіріп ел арасына таратқаны байқалады. Ақын мұраларын түгендеп кітап етіп шығарған белгілі әдебиетші, ақын Ақылбек Шаяхметтің айтуынша, әдебеиттің әр жанрында қалам тартқан Нұржанның күні бүгінге дейін көнекөз қариялар ауызында жатталған сүбелі сөздері көп екен. Ал 1903 жылдан 1960 жылдарға дейін толассыз қолдан қолға өтіп жазылған «Нұржанның шығармалары» Орталық ғылыми кітапханада аса мол күйінде сақталуы тегін емес. Одан сырт, ақын Нұржанның «Алаш», «Манзұмат қазақия (1903)» атты кітаптары бірнеше нұсқамен көне кітаптар қатарында сары майдай сақталған.
Ендеше, ұлт ұрпақтарына ұлы мұралар қалдырған Н.Наушабев кім еді?
Наушабаев Нұржан (Нұрмұхамбет) (1858, қазіргі Қостанай облысы Алтынсарин ауданы – 1919) – ақын. Діни-ағартушылық бағыттың көрнекті өкілі.
Оның 40 шақты өлеңі мен айтыстары “Жұмбақ. Нұржан мен Сапарғалидың жұмбақ айтысы” (1903), “Манзұмат қазақия” (1903), “Алаш” (1910) атты жинақтарында Қазан қаласында басылған.
Нұржан хатқа түсірген нақылдарға зер салайық:
......
Сол кезде тырағай деген ел болады,
Адамы тырна қатар би болады,
Ат ариды, тон тозады,
Бір күнде топтан озған жүйріктен,
Бұл күнде жұртқа қайтқан ит озады.
Ел арасында және Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында Бибізада айтқан екен деген өлеңдер мен жоқтаулар легі де кездеседі.
Қорған көл, Тобыл менен Ара қайда,
Жер түгіл, сұлтаным мен бала қайда.
Айырылып бар жылқымнан жаяу қалдым,
Көретін ағайынды шама қайда?!
Қызықты, әрі құнды материалды қолжазба мен көне кітаптардың түпнұсқасынан оқыңыз. Ол үшін кітапханаға ат басын жиі бұрып тұрайық!
Бабалар аманаты түгенделіп, ұрпақтар руханиятында айналымда болуы тиіс!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы