Хакім Абайдың мұралары туралы сөз болғанда, ақын өзі қайтыс болған соң, бір жылдан кейін Мүрсейт Бікеұлы жазған біршама толық қолжазба алдымен аталады. Бірақ, Абайдың көзі тірісінде яғни 1897 жылы жазылып, орыс тіліне аударылған шығармалары бар екені туралы көпшілік қауым біле бермейді. ХХ ғасыр басталмай жатып-ақ, орыс жазармандары әлі кітабы шығып үлгірмеген Абайдың шығармаларын аударған. Аталған қолжазбаның қадім (араб) жазуымен жазылған түпнұсқасы аудармасымен бірге Санкт-Петербургте сақтаулы. Ал осы құнды мұраның көшірмесін 1946 жылы Әлкей Марғұлан Алматыға алып келген. Қазір Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы бұл жазбаның абайтанудағы орыны ерекше деуге болады. Өлеңнің әр тармағын ыждахатпен оқыған кісі мұндағы туындылардың бүгінгі қолданыстағы Абай шығармаларына аз-кем ұқсамайтын тұстарын аңғара алады. Қалай дегенмен, ұлы ақын өлеңдерінің 27 беттен тұратын бұл қолжазбасы Абайдың көзі тірісінде қазақ және орыс зиялыларының қызықты тақырыптарына айналғанын болжауға толық негіз бар. Өлеңнің түпнұсқасында әрбір шығармаға ат (тақырып) беріліп отырған. "Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да", "Өлең–сөздің патшасы", "Ішім өлген, сыртым сау", "Бүркіт(қансонарда)", т.б. оншақты туындысын аударушы К. Н. Кудашев. Ұлы ақын бұл шығармаларының аудармаларын көріп, шығармашылық ғұмырының жемісін көрген-көрмегені белгісіз. Бұл сауалға абайтанушылардан тұшымды жауап боларына сенімдіміз. Ал, Абайды туған халық тұрғысынан алғанда, осыдан 124 жыл бұрын, Абайдың ат үстіндегі 52 жасында хатқа түсіп, сол тұстағы империяның тілінде сөйлеген бұл жазба қашан да теңдессіз құнды мұра деуге болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы