2021 жылдың қаңтар айында ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, әрі алғашқы текстологы, ұстаз, ақын, жазушы, драматург, Шәкәрімтанудың негізін қалаушы - Қайым Мұхамедхановтың туғанына 105 жыл толды.
Қайым Мұхамедханов 1916 жылы 5 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келіп, Семей педагогика институтының филология факультетін 1941 жылы бітірген. Содан кейін көп жыл әдебиет пәнінің мұғалімі, Абай мұражайының директоры қызметін атқарған. 1951 жылы «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбына кандидаттық диссертациясын қорғаған. Әдебиетке 1930 жылдың орта шенінде келген ол алғашқыда өлең-жырлар, драматургия жанрында бірқатар шығармалар жазды, тәржіме жасаумен де айналысқан. Әдебиет зерттеуші ғалым ретінде Абай мұрасының текстологиялық зерттеулеріне мол үлес қосты.
Қайым Мұхамедханов - КСРО Жазушылар одағының мүшесі, әдеби аудармашы, Семейде Абайдың мұражайын ұйымдастырушы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы Қайым Мұхамедхановтың жарық көрген еңбектері мен ғылыми зерттеулерінен, қайраткерлік және қаламгерлік мұрасынан, және ол туралы жазылған естеліктерден кітап көрмесін ұйымдастырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы