2017 жылы шілде айының 20 күні ҚР БҒМ ҒК М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қолжазба және текстология» ғылыми-инновация бөлімі мен ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы бірігіп, Алаш қозғалысының 100 жылдығына және белгілі библиограф Ү.Субханбердинаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Үшкөлтай Субханбердина және Алаш баспасөзі» атты дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстелге құрметті ағамыз Мақсұт Шафиғи, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары, Үшкөлтай апайдың туыстары және ОҒК қызметкерлері қатысты.
ҮШКӨЛТАЙ ХАСЕНҚЫЗЫ СУБХАНБЕРДИНА (презентация)
Ғылыми жиында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Т.Әлбеков Үшкөлтай Субханбердинаның шығармашылық жолына, «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапхана меңгерушісі Қ.Қаймақбаева өмірбаянына тоқталса, шығыстанушы ғалым Мақсұт Шафиғи, филол.ғ.д. Г.Ж. Пірәлиева мен филол. ғ.к. С.Қосан өз естеліктерімен бөлісті.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкерлер филол.ғ.к. П.Әуесбаева Ү.Субханбердинаның төңкерістен бұрын жарық көрген қазақ кітаптарының библиографиясын жасауда Мәскеу, Қазан, Ташкент, Орынбор, Уфа, Алматы қалаларындағы ғылыми кітапханаларындағы сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған қазақ кітаптарының фотокөшірмелерін және микрокөшірмелерін түсіріп алуда маңызды да кемел істер атқарғаны жөнінде, филол.ғ.к. Ж.Рақыш Үшкөлтай апай жинаған классикалық Шығыс тақырыбына жазылған қазақ қисса-дастандарын, шығыстық сюжетке құралған поэмаларын анықтай отырып, «Бозжігіт», «Сейфүлмәлік», «Көрұғлы», «Ләйлі-Мәжнүн», «Мұңлық-Зарлық», «Шәкір-Шәкірат», «Жүсіп- Зылиха», «Таһир-Зуһра» сынды кітап болып басылған нұсқалардың қолжазбалары мен басылу тарихы туралы ой толғады.
Ү. Субханбердина дайындап, жарыққа шығарған қазақтың тұңғыш газеті мен журналдары дерек көз ретінде талдауда, ондағы мәліметтерді тарих дерегі ретінде қарастыруда және мазмұндалған библиографиялық көрсеткішінің алар орны ерекше екендігі атап айтылды. Туыстары атынан сөз алған Жанна Салькеновна Рябченко мен Алия Салькеновна Субханбердина өз ризашылықтарын білдірді.
Дөңгелек үстел аясында Үшкілтай Субханбердинаның шығармашылығына арналған кітап көрмесі қойылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы