Құнан боз деген аты бар,
Алдынан қара кетпеген,
Артынан адам жетпеген.
Көк садақты, көк бетті,
Жараған боз келбетті,
Жалғыз оғын атқанда,
Мың кәпірді еңіретті.
.....
Енді бірін кім десең,
Сырты қызыл күймелі,
Омырауы алтын түймелі,
Тұу сыртынан қарасаң,
Дөнен бұқа шүйделі.
Қарт бурадай қабақты,
Қарт бір қазан тамақты.
... ......
Кәуірдің еті болмаса,
Өзге азықты жемеген.
Қарсы келген дұшпанды,
Қару етер демеген...
"Ноғайлының он шалы" атты қолжазбадан үзінді. Бұл атақты Шалкиіз жыраудың қалмақтың көп жылқысын айдап қашқанда, артынан қуып жеткен қалмақтарға өзінің тоғыз серігін суреттеп, төгіп айтқан жырларынан. Аңыз бойынша, осы өлеңнен кейін қуғыншылар қайтып кеткен деседі.
Қазірге дейін Шалкиіздің өлеңдері деген жырлар легіне енбеген осы секілді елдің ерлік рухын өсіретін отты жырлар қолжазба қорында көп. Бір ғана Шалкиіз шығармаларына қатысты 11 қолжазбаны Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорынан ашып, парақтап отырмыз. Қолжазбада бұған дейін тұрақтанған көзқарастарға ұқсамайтын деректер жетерлік. Мысалы, Шалкиізжыраудың "Ор-ор қоян, ор қоян" атты жыры қолжазбада Атақты Орақ бидің сөзі ретінде келеді. Яғни бұл Орақтың Шалкиізге қайтарған жауабы. Ал бүгінгі бізге жеткен жыраулар жырының көбі тапбермеде айтқан шешендік толғаулары екеніне де қолжазбалар қызықтыра түседі. Хан мен бидің, қаракөктің алдына барғанда ағыл-тегіл жөңкіле жыр тудырып сүбелі сөз, сүйекті ой тастау – шын мәнінде алаш баласында ғана бар аса үлкен поэтикалық қуаттың белгісі. Тіптен оны шығармашылықтың шыңы деуге де болады. Ұлттық әдебиетіміздің ұлы арнасы саналатын жыраулар жыры қайта қаралуға тиісті өміршең өзекті тақырып.
Шалкиіз жырау (1465-1560) - ақын, жырау, батыр. Шалкиіз - туындылары орыс тіліне аударылған ақын-жыраулардың бірі. Оның шығармашылығын сол дәуірдегі орыс оқымыстылары мен зерттеушілері жоғары бағалаған. Темір биге айтқандары әртүрлі жинақтар мен басылымдарда бірнеше мәрте басылды. Жыраудың қазақ көне әдебиетіндегі орны ерекше. Шалкиіз жырау ғұмырының көп бөлігін Ноғай ордасының билеушісі Темір бидің қол астында өткізеді. Турашылдығымен, әділдігімен, даналығымен ел алдында беделді болады. Өмірінің соңғы жылдарын Хақназар хан тұсындағы Қазақ мемлекетінде өткізеді.
Оқырманға қызықты болсын деп, Орақ пен Шалкиздің екеуіне де ортақ "Ор-ор қоянды" келтірдік. Мазмұнына қарағанда бұл Шалкиздің емес, Шалкизге қарата айтылған шешендік жыр деуге негіз бар.
Ор, ор қоян, ор қоян,
Ор қоян атлы бір қоян,
Он екі көжек атасы -
Қаудырқұлақ шал қоян
Жүйрікпін деп мақтанбас.
Жүйрікпін деп мақтанса,
Ұзын жолдың үстінде
Оралып ойнап тұрған
О дағы бір құба арланға жолығар!
Алма мойын сам үйрек
Ана Еділден көксіген,
Көлді тастап қырға ұшса,
О дағы бір тарланға жолығар!
Далада құлан, домбай шұбырса,
О дағы бір егеулі оққа жолығар!
Тағыдай түн түре қараған,
Таң берісіп жусаған,
Тарпаңдай тізесін бүгіп су ішкен
Арқада мезгілсіз жылқы жусаса,
О дағы бір аш қасқырға жолығар!
Сөйлегенде сөзі аузына сыймаған,
Еріккенде қызыл тілін тыймаған
Ғақбытлы сол жаман
О дағы бір пәлеге жолығар!
Атадан алтау тудым деп,
Салмақтама неменді.
Салмақтасаң немеңді,
Тәңірі тесер төбеңді:
Бір жеке туғанға жолығып,
Өкпесі сонда торығар.
Ал, мына жыр дуалы аузы жыраудың өзіне үйлесіп тұр:
Балпаң, балпаң басқан күн,
Бай ұлынан асқан күн,
Орманбет би өлген күн,
Он сан ноғай бүлген күн.
Жез қарғылы құба арлан
Жетіп түлкі шала алмай,
Жалған аңын ала алмай,
Қорашыл төбет болған күн.
Оң қанатын теріс соғып,
Лашын құс қу ала алмай қалған күн.
Ораздының он ұлы
Ойын салып жүргенде,
Жиырлының жалғызы
Атқан оғын таба алмай,
Жер сабалап қалған күн!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы