Рамазан Бимашұлы Сүлейменов 1931 жылы 17 ақпанда Целиноград (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында дүниеге келген. 1956 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін, 1959 жылы Қазақстан Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы, тарих, археология және этнология инcтитутыныңаспирантурасын аяқтап, өмірінің соңына дейін осы институтта ғылыми қызмет атқарды.1974 жылдан институттың Қазақстан мәдениеті тарихы бөлімінің, 1979 жылдан Шығыстану бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті.
Рамазан Бимашұлы Кеңестік дәуірдегі Қазақстан мәдениетінің тарихын зерттеп, бұл салада атқарған жемісті еңбегі үшін Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері болды (1973). Ол ғылыми ұйымдастырушылық және қоғамдық жұмыстарға қызу ат салысып, Азия мен Африка халықтары достастығының қазақ бөлімшесінің вице-президенті, Шығыстанушылардың Бүкілодақтық ассоциациясы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.
1984 – 1988 жылдарда Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының директоры, 1987 жылдан Қазақстан Ғылым Академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы болды.
Қазақстан тарихына қатысты қытай деректерін жинастырып, құжаттар жинағын даярлауға жетекшілік еткен. Оның редакциясымен “Цин империясы мен Қазақстан”, “XVII–XVIII ғ. Орталық Азиядағы халықаралық қатынас”, “XVII ғасырдың 2-жартысы мен XIX ғасырдың алғашқы ширегіндегі Цин империясы мен қазақ хандықтары” атты құжаттар жинағы жарық көрді. XVIII ғасырдағы Қазақстан тарихына қатысты ғылыми еңбектер жазып, Абылай ханның ішкі және сыртқы саясатындағы ұстанымдарының ерекшелігін ашып көрсетті. Сонымен қатар, Ш.Уәлиханов, С.Асфендияров, Т.Жүргенов, т.б. көрнекті өкілдер жайлы зерттеу жұмыстарын жүргізген.Рамазан Бимашұлы Сүлейменовтің есімі ҚР БҒМ-ның Шығыстану институтына берілген. Алматы қаласында оның есімімен аталатын көше бар.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Рамазан Бимашұлы Сүлейменовтың туғанына – 90 жыл толуына байланысты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесінде ғалымның өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері, еңбектері, ол туралы әдебиеттер мен естеліктер, халықаралық және республикалық марапаттары туралы мәліметтер, мерзімді басылым беттерінде жарияланған ғылыми еңбектері мен мақалалары және оның редакциясымен шыққан әдебиеттер оқырмандар назарына ұсынылып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы