Нағыз Рухани жаңғыру негізі – бос уақытта адамның кітап оқып, өзін-өзі дамытуы. Карантин кезінде «Қандай кітап оқып жатырсыз?» челлендж-эстафетасы басталған болатын. Челлендж-эстафетаны Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Президент мырзаға жолдаған екен. Қасым-Жомарт Кемелұлы қабыл алып, өзі оқып жатқан кітаптарымен қатар, оқуға кеңес беретін кітаптар тізімін қоса ұсынды.
«Шын мәнінде, кітап оқу – рухани кемелденудің көзі десем артық емес. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Жалған деректің, шындыққа жанаспайтын қауесеттердің де тез тарап жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан, мұндай жағдайға мейлінше жол бермеу үшін алтын уақытымызды осындай пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн»- дей келе Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев оқуға ұсынатын 30 кітап тізмін жариялады.
Осы орайда «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы «Президент ұсынған 30 кітап» көрмесін ұйымдастырды. Көрмеде Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған қазақ әдебиеті, әлем әдебиеті, публицистика, ғылыми-танымдық әдебиет, сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылған шығармалароқырман назарына ұсынылды. 2021 жылдың ақпан айында Ғ. Мүсірепов атындағы №86 мектеп 11 сынып оқушылары мектеп кітапханашысымен бірге «Президент ұсынған 30 кітап» көрмесімен танысып, ой бөлісті. Кітапханада ұйымдастырылған өзге де «Заманымыздың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына –90 жыл!», «Әбуғалиева Күлжихан Күлшәріпқызы – 70 жас», «ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Рамазан Бимашұлы Сүлейменовтың туғанына – 90 жыл!» көрмелеріне шолу жүргізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы