Салық Зиманұлы – заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Білікті заңгер маман ретінде егемендік, тәуелсіздік жолын таңдаған Қазақстанның халықаралық қарым-қатынастарын заңдастырып,қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, президенттік басқару институтын енгізу, құқықтық-демократиялық реформаларды жүргізу ісіне белсене араласқан. Ғылыми-зерттеу еңбектері мемлекет және құқық тарихы мен теориясына, Қазақстанда мемлекеттіктің қалыптасуы мен дамуына, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігіне, өзге де өзекті мәселелерге арналған. Сондай-ақ, құқық теориясына, қазақтың дәстүрлі құқықтық мәдениетіне, шариғат заңдарына қатысты бірнеше ғылыми еңбектері жарық көрген.
Қазақстан Республикасы құрылғаннан кейін ғалымның ғылыми және қоғамдық-саяси қызметінің жаңа, жемісті кезеңі басталды. Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі көптеген жаңа заңдарды қабылдауға тиіс болды. Осы жауапты тарихи кезеңде Салық ЗиманұлыҚазақ мемлекеттігі мен қазақ халқының тарихында шешуші рөл атқарған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның» (25.10.1990) жобасын дайындау жөніндегі комиссияны басқарды. Ел тарихындағы екінші бір аса маңызды саяси актінің – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңның (16.12.1991) жобасын дайындау жөніндегі комиссияның жетекші мүшелерінің бірі болды.
Салық Зиманұлы Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығы (1993), Қазақстан мемлекеттік сыйлығы (2002) лауреаты. «Парасат» орденімен (2002), екі рет Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен марапатталған.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы Салық Зиманұлы Зимановтың туғанына 100 жыл толуына орай кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеден ғалымның ғылыми еңбектерімен бірге монографиялары, замандастарының жазған өмірі мен қызметінің әрбір кезеңдерін баяндайтын естеліктерімен таныса аласыздар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы