2020 жылдың қараша айында Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің тұңғыш өкілдерінің бірі – шығыстанушы, этнограф, географ, тарихшы, фольклортанушы, ағартушы ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына – 185 жыл толып отыр. Ол 1835 жылы Қостанай облысы, Құсмұрын бекетінде дүниеге келген. Сұлтандар әулетінен шыққан Шоқан әкесі ашқан мұсылман мектебінен сауатын ашып, зеректігінің арқасында араб, парсы, шағатай, кейін орыс тілін жақсы меңгеріп алады.
1847-1853 жылдары әкесі аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов Шоқанды сол кездегі Сібірдегі ең таңдаулы жоғары оқу орны Омск кадет корпусында оқытады. Онда әскери біліммен қоса география, тарих, этнография, тіл мен әдебиет, физика, математика сабақтары, шетел тілдері қоса оқытылған. Кадет корпусында жүріп П.С.Палластың Оңтүстік Сібір, Алтай, Байкал, Урал аймағын зерттеулері, П.И.Рычковтың Оңтүстік Урал мен Каспий халықтарының тарихы мен этнографиясын зерттеуге арналған қолжазбаларымен танысады. Шоқан белгілі ғалым, географ , Орталық Азия мен Сібірді зерттеуші Г.П.Потанинмен кадет корпусында бірге оқып, достық қатынаста болады.
1856 жылы Шоқан Қырғыз елін зерттеу экспедициясына қатысады. Қырғыз елінің тарихын, этнографиясы мен ауыз әдебиетін зерттеген ол, кейінірек қырғыз халқының энциклопедиялық дастаны «Манас» эпосын жазып алады. Манасшылардан жазып алған «Көкетай ханның өлімі мен оның асы» атты үзіндісінің Шоқан нұсқасы Орыс географиялық қоғамы мүшелерінен жоғары баға алады. 1857 жылы П.П. Семенов Тянь-Шанскийдің ұсынуымен жас ғалым Орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне сайланады.
1858-1859 жылдары Қашқария сапарына барып өлкенің тарихын, этнографиясы, мәдениеті мен геологиясы, географиялық ерекшеліктері жайлы құнды деректер алып қайтады. Құлжа қаласында болып Шығыс Түркістанның өткені мен бүгіні туралы зерттеу еңбектерін жазды. Саяхатшы -ғалым Қазақстан мен Шығыс Түркістанның карталарын жасаумен де айналысты. Осы сапарларынан жинаған материалдарын «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы» атты еңбектерін жазуға пайдаланды. Әскери қызметтері үшін шені жоғарылады және ғылыми еңбектері де орыс ғалымдарының жоғары бағасын алды. Шоқан Уәлиханов еңбектерін жинап бастыруда орыс ғалымдарының еңбегі зор болды. Ұзаққа созылған аурудан қайтыс болған Шоқан туралы шығыстанушы ғалым, академик Н.И. Веселовский «Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов шығыстану ғылымында аққан жұлдыздай жарқ етті де жоқ болды» деп жазды. Сонымен бірге Шоқан талантты суретші болған, оның Орта Азия халықтарының өмірінен салған 150-ге жуық суреттері мен әртүрлі эскиздері сақталған.
Шоқан Уалиханов әскери шенді қызметкер болғанына қарамастан тарихта артына мол мұра қалдырған ағартушы ғалым ретінде бағаланатын оқшау тұлға. Ол халықтың ауыз әдебиетін, әдет-ғұрпын, салтын, дүниетанымын танытатын бай мұраларын жинап, мол ғылыми мәліметтер қалдырды.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы Шоқан Уәлихановтың әр жылдары жарық көрген ғылыми еңбектері мен ол туралы жазылған зерттеулерден кітап көрмесін ұйымдастырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы