Советтік дәуірдегі алғашқы қазақ тарихшыларының бірі, Одақтық үлкен ғылыми орталықтарға да кеңінен танымал, артына мол мұра қалдырған тұлғалы ғалым Ермұхан Бекмахановтың туғанына биыл – 105 жыл толып отыр.
Ол 1915 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Баянауылдағы орталау мектепті бітірген соң 1932 жылы Воронеж педагогика институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, оны 1937 жылы аяқтаған соң Қазақстанға келген ол 1937-1939 жылдары Алматыдағы педагогикалық ғылыми зерттеу институтында ғылыми қызметкер, директордың орынбасары қызметтерін атқарды. ВКП (б) жанындағы Жоғары партия мектебінде оқыды.
1941-1944 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің лекторы болды.
1946-1947 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, 1947 жылдан өмірінің соңына дейін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі болып қызмет істеді.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Москвадан Алматыға келген А.М.Панкратова бастаған көрнекті совет тарихшыларымен бірлесе жұмыс істеп, 1943 жылы шыққан Қазақ ССР тарихының бір томдық басылымы авторларының бірі болды. 1946 жылы Бекмаханов Москвада СССР Ғылым академиясы Тарих институтының ғылыми кеңесінде докторлық диссертация қорғады. 1947 жылы өзінің докторлық диссертациясы негізінде «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты монографиялық еңбегін жариялады. Осы еңбегінен кейін сол кездегі совет интеллигенциясына қарсы жасалған сталиндік репрессия құрбанының бірі болып, қуғын-сүргінге ұшырады. Тарихшы еңбегін бағалауда буржуазияшыл-ұлтшыл, феодалдық қоғамды дәріптеуші деген саяси айып тағылды. Халық қаһарманы, академик Шапық Шөкин ғалымға «Ұлтымыздың аса көрнекті тарихшысы Ермұхан Бекмаханов уақыт бедеріне бағынбаған, шыншыл ғалым болатын» деп баға берген болатын.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапхана Е.Бекмахановтың туғанына 105 жыл толуына орай кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге ғалымның ғылыми еңбектері мен ол туралы жазылған замандастарының естеліктері, зерттеулері қойылды. Көрмеден Е.Бекмахановтың 1947 жылы шыққан «Казахстан в 20-40-е годы ХІХ века» атты монографиясы, орта мектепке арналған «Қазақ ССР тарихы» атты оқу құралдары және көп томдық еңбектерімен таныса аласыздар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы