2019 жылдың 17 маусымында «М.О. Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен Р.Бердібаев атындағы Халық университетінің кезекті дәрісі болды. Ол филология ғылымдарының докторы, академик Серік Смайылұлы Қирабаевтың шығармашылығы мен қоғамдық өміріне арналды. Дәріс барысында ғалым өз өмірі, қызметі, замандастары туралы тартымды әңгімелер айтты.
Серік Смайылұлы Қирабаев 1927 жылы Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданында дүниеге келген. Сондағы орта мектепті бітірген ол еңбек жолын мектеп қабырғасында жүріп бастап, мектепте, ішкі істер бөлімінде еңбек еткен. 1947-1951 жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының студенті болған ол, оқудағы жоғарғы көрсеткіші үшін Сталин атындағы степендияның иегері атанады. Институтты үздік бітіргеннен кейін оқуын осы институттың аспирантурасында жалғастырды. Аспирантурада жүргенде ХХ ғасырдың басындағы көрнекті әдебиет өкілі Спандияр Көбеевтің шығармашылығын зерттеумен айналысқан. Сонымен бірге әдеби сын-мақалалар жазып, Жазушылар одағының жұмысына да араласа бастайды. Ал 1952 жылы Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданады.
Серік Қирабаев «Әдебиет және искусство», «Пионер» журналдарында , «Социалистік Қазақстан» газетінде жауапты қызметтер атқарды. 1956 жылы «Ғабиден Мұстафин» атты алғашқы зерттеу еңбегі, ал 1962 жылы «Сәкен Сейфуллин» атты монографиясы жарық көреді.
1988 жылы С.Қирабаев Қазақстан Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болып тағайындалды. Басшылық қызметте жүріп алаш қайраткерлерінің мұрасын жинап, зерттеу ісіне де тікелей ат салысқан. Осылайша 1993 жылы «Жүсіпбек Аймауытов» атты монографиясы жарыққа шығып, аталған еңбегі үшін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері атанды.
1994 жылы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды. Сыншы-ғалым көптеген монографиялық еңбектердің және мектеп, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтардың авторы. Ғалымның педагогтік, ғылыми, қоғамдық еңбегі өкімет тарапынан жоғары бағаланып көптеген наградалардың иегері болды.
Осы аталған іс-шараға арнап РМК «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасы академик еңбектерінің көрмесін ұйымдастырды. Кітап көрмесінен ғалымның өмірі, атқарған қызметтері, мерейтойлық конференцияларда жарық көрген басылымдар, ғылыми еңбектері, замандастары туралы жазған мақалалары және қазақ әдебиетінің алыптарымен бірге түскен суреттерімен таныса аласыздар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы