2019 жылдың 14 маусымында ақын, драматург, ғалым Әбділда Тәжібаевтың туғанына 110 жыл толуына орай М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру және ұлттық әдебиет» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Әбділда Тәжібаев 1909 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Шымкентте мектепті бітірген ол 1929-1932 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік институтының филология факультетін, кейін Мәскеудегі Жоғары әдебиет курсын бітірген. «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті»газеттерінде редакторлық қызметтер атқарды.1939-1943 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы болып қызметін жасады. Қаз ССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бөлім меңгерушісі болып қызмет істеген. «Өмір және поэзия» атты еңбегімен кандидаттық, «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. А.Пушкиннің, Т.Шевченконың, Г.Гейненің және т. б. орыс ақындарының өлең-жырларын қазақшаға аударған. Әбділда Тәжібаев лирика мен поэзия жанрын бірге алып жүрген ақын. Поэзия, проза, сын, драматургия саласында еңбек еткен ақынның өлеңдері 1927 жылы алғаш рет «Сыйлық» атты ұжымдық жинақта, ал жеке жинағы «Жаңа ырғақтар»деген атпен басылды. Погодинмен бірігіп «Жамбыл» көркем фильмінің сценарийін жазды. Пьесалары «Жүректілер» деген атпен жеке кітап болып басылды. Жазушылық, ғылым жолындағы еңбектері жоғары бағаланып Еңбек Қызыл Ту, Октябрь Революциясы, «Құрмет белгісі» ордендері және бірнеше рет медальдармен марапатталған. 1974 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ал 1985 жылы «Халық жазушысы» құрметті атағы берілді.
Осы аталған іс-шараға арнап РМК «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасы ғалым-жазушы еңбектерінің көрмесін ұйымдастырды. Кітап көрмесінен ғалымның өмірі, атқарған қызметтері туралы әдебиеттер, мақалаларымен таныса аласыздар. Кітап көрмесінен ақынның 1935 жылы жарық көрген «Күш» атты өлеңдер жинағы, Челюскиншілер туралы жазылған «Құтқару» поэмасы, 1929 жылы Қызылордада басылған «37 мемлекет» атты еңбегі,1934 ж. «Олқылық» атты поэмасы,1936 жылғы «Таңдамалы өлеңдер» жинағы, 1938 ж. «Екі жаһан»поэмасы,1949 жылы араб әрпінде басылған өлеңдер жинағымен таныса аласыздар. Сонымен бірге ақынның аудармаларын да осы кітап көрмесінен көре аласыздар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы