Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, Ресей ауылшаруашылық академиясының академигі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, профессор Қилыбай Үсенұлы Медеубеков Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Оның ғылым жолына түсуі Дүниежүзіне әйгілі К.А.Тимирязев атындағы академиядан басталды. Ғалымның ғылыми жетекшісі Ресей және әлем зоотехника ғылымында ерекше орын алатын атақты ғалым, Бүкілодақтық Ленин атындағы ауыл шаруашылығы ғылымдарының (ВАСХНИЛ) академигі Алексей Иванович Николаев болды. Осы институттың аспирантурасын бітірген ол 1957 жылы Қазақстанға оралды. Аспирантурадан кейінгі алғашқы еңбек жолы Жамбыл облысындағы қой шаруашылығы тәжірибе станциясында басталды.
Қ.Ү.Медеубеков 1962 жылы Қазақстанның ең ірі ғылыми-зерттеу орталығы – Қазақтың мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына директор болып тағайындалды. Әйгілі селекционер-ғалымның институт басшысы ретінде жаңа мал тұқымдарын шығару, биязы жүнді қой шаруашылығын қалыптастыру және оларды жетілдіру зерттеулері қой шаруашылығы ғылымын арттыруға зор ықпал етті. Ол білікті мамандар даярлау мақсатында өзінің ғылыми мектебін ашты.
Ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы еңбектері үшін ғалым өзі басқарған институт ғалымдарымен бірге Ғылым мен техника саласы бойынша ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Сонымен бірге атақты ғалым «Парасат», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендері, медальдар, ҚазССР Жоғары Советінің, ВАСХНИЛ-дің грамоталары, А.М. Бараев атындағы Премияның лауреаты және т.б. көптеген наградалардың иегері. 2015 жылы туғанына 85 жыл толуына орай К.И. Тимирязев атындағы Алтын медальмен наградталған.
2019 жылдың 15 мамыры күні РМК«Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының мәжіліс залында Ғылым мен техника саласына еңбегі сіңген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қилыбай Үсенұлы Медеубековтің туғанына 90 жыл толуына арналған ғылыми конференция өтті. Конференция жұмысына Қазақстанның әр түкпірінен қонақтар, шәкірттері және ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысты.
Осы аталған үлкен іс-шараға РМК «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасы ғалым еңбектерінен кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеден ғалымның монографиялық еңбектерін, мерзімді басылымдарда жарияланған мақалаларын және замандастарының оның өмірі мен қызмет жолдары туралы жазған естеліктері мен бірге түскен суреттерін, энциклопедиялардағы мемлекет қайраткері туралы туралы жазылған материалдармен таныса аласыздар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы