Қазақстанның бүгінгі жастары еліміздің қоғамдық және саяси өміріне белсенді араласып, қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды роль атқарады. Сондықтан қазіргі жастар Қазақстанның негізгі стратегиялық ресурсы болып табылады. Жастар – Қазақстан Республикасының он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі азаматтары. Қазіргі кезде Қазақстан қоғамында бұрынғы ұрпақтардан айтарлықтай өзгеше, жаңа зияткерлік тап: жаңа бағдар ұстанған, құндылық ұстанымдары, ұтымды экономикалық іс-қимылдары арқылы табысқа жетуге бағытталған жастар тобы қалыптасты.
Бүгінгі таңда жаңа білім меңгеру және жақсы мамандық алу бірінші орынға шықты, сондықтан жастар бәсекеге қабілетті және кәсіби шеберлігі жоғары мамандар болып қалыптасуда.
Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандық жол – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында жастарға ерекше жол көрсететін іс-қимылдардың нақты жобасын ұсынған болатын. Президент кезекті Жолдауында да еліміздің тірегі – жастар мәселесіне үлкен мән беріп, биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. 2019 жылдың 23 қаңтары күні Астанада «Тәуелсіздік ұрпақтары» деген атпен Жастар жылының ашылу салтанаты өтті. Осы үлкен жиынға Елбасы Н. Назарбаев, үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, ҚР Президенті жанындағы «Жастар саясаты» кеңесінің мүшелері, «Болашақ» бағдарламасы түлектері, жас ғалымдар, спортшылар, студенттер және т.б. мамандық иелері қатысты.
Жоғары оқу орындарында мамандық алып шыққан жастардың өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрып, елімізге қызмет ету мәселесі қоғамның даму тенденциясын анықтайтын фактор екені анық. Осылайша, елімізде мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты қолдау мен жүзеге асыруға бағытталған ауқымды іс-шара жоспарын іске асыру бастау алды.
Осы аталған іс-шараға Орталық ғылыми кітапхана кітап көрмесін ұйымдастырды. Мемлекеттік жастар саясаты, оның жүзеге асуы, жаңа технологияны меңгерудегі олардың білімдері мен ізденістері, еліміздің экономикасы мен ғылымын дамытудағы ролі туралы әдебиеттер қойылды. Жастар тек білім мен ғылым саласында ғана емес, өнерде, спортта елімізді өте жоғары деңгейге көтеріп, әлем жұртшылығына танытып келеді. Білімді жастар – еліміздің болашағы, сондықтан елімізде мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты қолдау мен жүзеге асыруға бағытталған, жасалып жатқан игі істер туралы да кітап көрмесінен таныса аласыздар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы