2019 жылдың 21 мамыры күні Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және Республикалық «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының ұйымдастыруымен биылғы жылы туғандарына 125 жыл толып отырған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Т.Шонанұлы, И.Тоқтыбай, А.Сейітов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиндерге арналған «Тұлға және ұлттық тарих мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысы барысында қоғам қайраткерлерінің ұлт тарихында атқарған қызметі мен ролі, ұлтқа сіңірген еңбектері, сол кезеңде қалыптасқан қоғамдық – саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып қарастырылды.
Конференция жұмысына Тарих және этнология институтының, Жоғары оқу орындарының ғалымдары, «Әділет» қоғамдық қорының қызметкерлері, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтынан, Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығынан, Қ.А.Яссауи университетінен қонақтар және қуғын-сүргін құрбандары болған саяси тұлғалардың ұрпақтары мен туыстары да қатысты.
Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылып отырған үлкен іс-шараға РМК «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге бүгінгі өткен конференция жұмысының негізі болған тұлғалардың әрқайсысының қоғамдағы рөлі, саяси қызметі, жарияланған еңбектері және кейінгі ұрпақтың олар туралы зерттеулері қойылды.
Т.Шонанұлының 1935 жылы жарық көрген «Әліппе»,«Самоучитель казахского языка» 1930 ж., «Қазақ тілінің оқу құралы» 1933 ж., «Қазақ тілінің грамматикасы мен емлесі»1934 ж., С.Қожановтың 1924 жылы Ташкентте шыққан «Арифметика»оқулығы мен 1928 жылы жарық көрген «К десятилетию Советской Автономии Туркестана» еңбегі, Б.Майлиннің «Азамат Азаматыч» повесті 1934 ж., «Шұға» 1935 ж., «Жалбыр» 1937 ж., С.Сейфуллиннің 1935 жылы жарық көрген «Айша», І.Жансүгіровтың 1936 жылы шыққан «Күйші» және т.б.кітапхана қорындағы басылымдармен таныса аласыздар.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы
"Ұлы даланың жеті қыры"