2020 жылдың желтоқсан айында Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұхамеджан Қаратаевтың туғанына - 110 жыл толып отыр. Мұхаметжан Қожаcбайұлы 1910 жылы 27 желтоқсанда қазіргі Қызылорда облысы, Әбділда Тәжібаев ауылында дүниеге келген. 1933 жылы Қазақ педагогикалық институтын аяқтап, 1934 жылдан бастап әдеби қызметтермен айналыса бастады: мектеп оқулықтарын жасауға ат салысып, сыни мақалалар жаза бастады.Ол 30-жылдардан сыншы-ғалым ретінде қазақ әдебиетіне белсене араласты. М.Қаратаевтың алғашқы күрделі еңбегі – С.Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы туралы мақала. 50-жылдардың орта кезінен бастап қазақ әдебиетінің даму тарихын, теориясын, эстетикалық мақсат-мұратын зерттеумен шұғылданады. Қазақ әдебиетінің қалыптасу проблемаларын зерттеді. «Туған әдебиет туралы ойлар», «Шеберлік шыңына». «Социалистік реализмнің қазақ прозасында қалыптасуы», «Эпостан эпопеяға», «Революция рухымен», т.б. еңбектер жазды. «Даладағы дабыл» атты публицистикалық романы қазақ және орыс тілдерінде бірнеше рет басылды.
М.Қаратаев – көркем аудармаға да елеулі еңбек сіңірді. М.Горькийдің «Менің университеттерім», М.Шолоховтың «Тынық Дон» романының 3-кітабін қазақ тіліне аударған. Көркем аударма теориясын дамытуға қызу атсалысып, қазақ әдебиетін орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне аударудың негізгі мәселелері жайында сүбелі еңбектер жазды. Халықаралық әдебиет сыншылары қауымдастығының мүшесі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. М.Қаратаев тұтас алғанда қазақ әдебиетінің түрлі мәселелерін қамтыған жеті жүзден астам мақаланың, қырықтан аса кітаптың авторы.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы сыншы-ғалымның өмірі мен қызметі жайында, ғылыми еңбектері мен ол туралы жазылған естеліктерден кітап көрмесін ұйымдастырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы