«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Зәки Ахметұлы Ахметовтың 90 жылдығына арнап кітап көрмесін ұйымдастырды.
З.Ахметұлы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Айыртау әкімшілік округінің Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. КСРО Ғылым академиясының Ленинградтағы шығыстану институтының аспирантурасында оқып жүріп, алғашқы ғылыми-теориялық еңбектерін жариялайды. «Лермонтов және Абай» тақырыбында кандидаттық, кейін «Қазақтың өлең құрылысы» атты докторлық диссертация қорғаған. ҚазССР Жоғары Кеңесіне депутаттыққа сайланған.
Ғалымның ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы мәселелеріне, қазіргі әдебиеттанудағы дәстүр мен жаңашылдық, көркемдік шеберлік, поэтика, әдеби байланыстар проблемаларына арналған. Қазақ өлеңінің өзгешеліктері мен құрылымын зерттеудің ғылыми жүйесін жасап, Абайтану, Әуезовтану мәселелерін текстологиялық, тарихилық қырынан зерттеген іргелі ғылыми монографиялар жазды. Абайдың толық шығармалар жинағы басылымдарын дайындап, құрастырушылардың бірі болды.
Зәки Ахметұлы Абай мұрасын зерттеу және жарыққа шығару жұмыстарында жеткен табыстары үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болып, «Қазақ әдебиетінің қазіргі заманда дамуы және дәстүрлері» атты еңбегі үшін Қазақ Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығын иеленген.
Көрмеден Зәки Ахметовтің өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтерді, оның мерзімді басылым беттерінде жарияланған ғылыми еңбектері мен мақалаларын және оның редакциясымен шыққан әдебиеттерді көре аласыздар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы