85 жыл

2016-жылдың 22-маусымында «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бірлесуімен «Дін және тарих тағлымы» атты дөңгелек үстел өткізілді.

           Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман қауымы үшін  2016 жылды  «Дін және тарих тағылымы»  жылы деп жариялағаны белгілі. Осындай игі бастама аясында ата-бабамыздан қалған асыл жауһарларды қайта жарыққа шығарудың орайлы сәті,  мол мүмкіндігі туып отыр. 

  

 

Кітапханаларымыздың сирек қорларында ғасырлар бойы сақталап келе жатқан көне жәдігерлеріміз сирек кітаптар мен қолжазбаларымызды жарыққа шығарып, халықтың игілігіне ұсыну – бүгінгі ұрпақтың абыройлы  міндетінің бірі  деп санаймыз. Осы мақсатта ұйымдастырылып отырған дөңгелек үстелге зерттеуші мамандар, діни басқарма қызметкерлері, ғалымдар қатысты. Мәселен, ҚР БҒМ ҒК«Ғылым ордасы» РМК бас директоры Төлтаев Бауыржан Төлтайұлы өзінің құттықтауымен дөңгелек үстелді ашты. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы наиб мүфтиі Серікбай қажы Оразов, ҚР Мысыр Араб Республикасының елшілігі Мысырдың мәдениет пен білім ісі жөніндегі орталығының директоры, профессор, екінші санаттағы хатшы Хемдан Ибрагим, ҚР Иран Ислам Республикасы елшілігі Мәдени орталығының директоры Маджид Камрани, ҚР БҒМ ҒК М.О. Әуезов  атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба бөлімінің ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Рақышева Жұмашай Сайлауқызы, Еуразия ғылыми зерттеу орталығының қызметкері, философия ғылымдарының кандидаты Байдаров Еркін Ұланұлы, ҚМДБ ғұламалар кеңесінің мүшелері Мухитдин Исаұлы,  Алау Әділбаев  сынды мамандарымыз қазіргі қазақ даласын­дағы дін мен мәдениеттің өркендеуі, бабалар мұрасын дамыту сияқты тақырыптар төңірегінде пікір алмасып, ой бөлісті.           Сонымен қатар, Тегеран университетінің мұғалімі, дін философиясын зерттеуші ғалым, ИИР-ның Мәдени және діни істер жөніндегі кеңесшісі Доктор Акбар Хамидзаденің «Ислам дініндегі Төзімділік және үйлесімділік», Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің деканы, профессор Жұбатова Баян Нұрсұлтанқызының «Шығыс тілдеріндегі қолжазбаларды оқитын мамандар дайындаудың қажеттілігі мен өзіндік ерекшелігі», ҚМДБ ғұламалар кеңесінің мүшесі Сәбит Ибадуллаевтың «Дін мен дәстүр», ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану бөлімінің меңгерушісі, филос.ғ.д., доцент Сатершинов Бахытжан Меңлібекұлының «Дәстүрлі дін және тарихи сана – діни бірегейліктің негізі», ҚР БҒМ ҒК Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Қамбарбекова Ғалия Әмзеқызының «Ғылыми кітапхана қорында сақталған парсы тіліндегі қолжазбардың тарихи және рухани мәні», Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қыдыр Төрәлі Еділбайұлының «Діни қолжазбалар мен ескі кітаптардың қазақ рухани кеңістігінде алатын орны», «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасы Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінің бас кітапханашысы Малимова Айшаның «Ғылыми кітапхана қорындағы құнды кітаптар мен қолжазбалар» атты бірнеше сапалы мәліметтерге толы баяндамалар тыңдалды.

             Дөңгелек үстел барысында ғалымдар өзара ой бөлісіп, жас ұрпақтың танымын кеңейту, тарихтан алар тағылымын молайту үшін тереңде жатқан тарихымызды ұлықтау, жастарды имандылыққа жетелеу, әрі егемендігін аңсап армандап өткен бабалар мұрасын жаңғыртуды, тәуелсіз елдің ұрпағы дінімізді, тілімізді, дәстүрімізді жалғастыруына үлес қосу сынды мәселелер көтерілді.

 Сонымен қатар, іс-шара кезінде Ғылыми кітапханамыздың Сирек қорында сақталған кітаптар мен қолжазбалардан «Дін және тарих тағлымы» атты көрме ұйымдастырылады. Көрмеге ең құнды деген құрандар топтамасы мен Сирек кітаптар, қолжазбалар қорындағы ислам дініне байланысты кітаптар қойылды.