Қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым,Қазақстан ғылым академиясыныңакадемигі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына орай «Ғылым ордасы» РМК мәжіліс залында «Мұхтар Омарханұлы Әуезов және ұлттық рухани жаңғыру» атты Халықаралық ғылыми симпозиум өтті. Классик жазушыға арналған үлкен жиынға Қазақстан ғалымдары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, магистранттар мен студенттер, мектеп оқушылары қатысты. Сонымен қатар алыс және жақын шетелдерден қонақтар келіп, баяндамалар жасалды.
Аталған іс-шараға арнап Орталық ғылыми кітапхана қорынан кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге жазушының латын әрпінде 1930 жылы басылған «Қазақстандағы ұлттар», 1934 жылы шыққан «Айман-Шолпан» пьесасы, Жанақтың айтуы бойынша жазылған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры, Әуезовті бүкіл әлемге танытқан «Абай» романының алғашқы басылымдары, 50 томдық шығармалар жинағы қойылды. Әр жылдары жарық көрген ғылыми және шығармашылық еңбектерімен қоса жазушы шығармашылығының зерттеулері де толығымен қойылды. Классик жазушының әлем тілдерінде шыққан еңбектері, жыл сайын өтетін «Әуезов оқулары» жинақтарын да осы көрмеден көре аласыздар.
«Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасында М.О.Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына арналған кітап көрмесімен 15 қазанға дейін танысуға болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы