Мұқағали Мақатаев – 9 ақпан 1931 жылы Алматы облысының қазіргі Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында туған. Ауыл орта мектебін 1948 жылы бітіріп, өз ауылында комсомол, кеңес қызметінде болған. Кейін аудандық газетте әдеби қызметкер, Қазақ радиосында диктор болған, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімін басқарған. Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясында әдеби кеңесші қызметін атқарған.
Тырнақ алды туындылары Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде 1948 жылдары жариялана бастаған. Аз ғұмыры ішінде бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дамтандарын ұсынған. Жыр аудармасы саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады. Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейді әже, шырағың», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдеріне сазгер Н. Тілендиева ән шығарған.
1985 жылы Қазақстан Жазушылар одағы жылдың ең жақсы жас ақынына арнап Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлық тағайындады. «Атамұра» баспасы шығарған «Аманат» жыр кітабы үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы берілді. Алматы қаласында ақынның есімімен аталатын көше бар, 2002 жылы ақынның ескерткіші қойылған.
Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 90 жыл толуына орай "Ғылым ордасы" РМК Орталық ғылыми кітапханасында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде Мұқағали Мақатаевтың еңбектері, жыр жинақтары, замандастарының естеліктері және ақын, жазушылардың арнаулары ұсынылып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы