Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов – қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы. 1866 жылы 5 наурызда бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысында дүниеге келген. Жасынан зерек, алғыр өскен Әлихан Нұрмұхамедұлыны әкесі Қарқаралыға алып барып, жергілікті молданың қолына оқуға береді.Алайда, молданың қолынан оқуды қанағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысады. Оны бітіргеннен кейін 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды. 1886-1890 жылдар аралығында Омбыдағы техникалық училищеде оқып, оны "техник" мамандығы бойынша бітіріп шықты. Омбы техникалық училищесін аяқтаған Әлихан сол кездері жұрт жапа-тармағай ұмтылатын заңгер немесе әскери кәсіпті таңдамай, Санкт-Петербургтегі Орман институтына түсіп, ормантанушы-ғалым дипломын алып шықты. Кейіннен Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне төтенше емтихан тапсырып, заңгер дипломына да ие болды. Міне, осылайша Әлихан Бөкейхан Дала өлкесі – Қазақстанның халық шаруашылығы бойынша сарапшы маман, ірі ғалымға айналды. Сондай-ақ экономист, тарихшы, этнограф, әдебиетанушы ретінде танылды. Қазақ егіншілігі мен мал шаруашылығы, соның ішінде қазақтың сиыр, қой және жылқы шаруашылығы туралы іргелі зерттеулер жариялады. Қазақ тарихы, этнографиясы, әдебиеті мен фольклоры туралы жүздеген мақалалар жазып, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» секілді халық ауыз әдебиетінің бірнеше үлгілерін жинақтып, баспа бетіне шығарды.
Әлихан Бөкейхан — ғұлама ғалым ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы Әлихан Бөкейхановтыңәр жылдары жарық көрген ғылыми еңбектері мен ол туралы жазылған зерттеулерден кітап көрмесін ұйымдастырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы