200px Мәшһүр ЖүсіпМәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858—1931, Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған) — ұлы ойшыл, фольклор танушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы.
Мәшһүр-Жүсіп араб және парсы тілдерін жетік білгенімен қоймай, көп тілді білген ғұлама.
Ол өлең жазумен қатар, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастырумен де айналысты. Шежірелер мен айтыстарды, көптеген тарихи жырларды хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманаттады. Сонымен бірге, ол күллі ғұмырын қазақ халқын сауаттандыруға жұмсады десек те болады. ҚАЗАҚТЫН ЖЕРІ, “Күн батысы – Сырдария, күншығысы – ұзын аққан Ертіс, оңтүстігі – Жетісу өзені, солтүстігі – Еділ, Жайық. Бұл қазақ иесіз жатқан жерге келіп ие болған жоқ, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кеше Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек заманында жаннан кешіп, сусын орнына қызыл қан ішіп, жаудай алысып, жаттай салысып, күні-түні атысып, қара қанға батысып, шыбын жанын нысанаға байлап, не маңғаз, сарбаздары жау жолында оққа ұшырап өліп, сөйтіп алған жері еді...”
Еңбектері
10-15 жасынан бастап-ақ өлең жазып, хат жазарлық болғаннан-ақ Мәшһүр Жүсіп халық әдебиетін ел аузынан да, қағаз бетінен де жинаумен айналысады.
1887 жылы 29 жасында Мәшһүр Жүсіп Бұхара, Ташкент, Түркістан, т.б. шаһарларға сапарға шығады. Ол заманда негізгі көлік қатынасы түйе мен ат болғанын ескерсек, бұл сапарының өзі 2-3 жыл уақытты қамтыса керек. Мәшһүр Жүсіп бір жыл Бұхарада тұрып оқып, білімін толықтырады. Араб, парсы, шағатай, түркі тілдерін үйренеді. Өзбек, тәжік, және т.б. тілдерді де біледі, әдет-ғұрпын түсінеді. Көптеген ғылыми кітаптарды оқып, танысады.
Келесі жылы Бұхарадан қайтып, Түркістандағы атақты Қожа Ахмет Йасауидің басындағы Әмір Темір салдырған көк күмбезін көреді. Онда да бірсыпыра уақыт болып, бірнеше ғалымдармен танысады. Одан әрі Сыр өңірін аралайды. Майлықожамен жолығады, жеті атасынан бері ақындық үзілмеген дуана қожа Көшек, Күдері қожа тұқымдарымен танысады. Одан кейін Шу мен Сырдан өтіп, Ұлытау мен Кішітауды басып, Есіл мен Нұраны жайлап, мекен қылған жұртты аралайды. Осындай екінші сапарына Мәшһүр Жүсіп 37 жасында, яғни 1895 жылдар шамасында шықса, үшінші сапары 49 жасына (1907) сәйкес келеді.
Мәшһүр Жүсіптің үш кітабы: “Сарыарқаның кімдікі екендігі”, “Хал-ахуал”, “Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз” атты туындылары 1907 жылы Қазан қаласындағы Құсайыновтар баспаханасынан жарық көреді. Кейіннен ол баспаханадан шыққан 14 қалам иесінің шығармаларын цензура сотқа тартады. Ішінде Мәшһүр Жүсіптің жоғарыда аталған еңбектері де бар.
Мәшһүр Жүсіп жинаған фольклор үлгілерінің басым көпшілігі – аңыз бен әңгімелер. Мұндағы аңыздар: жер-су аттары.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының аңыз-әңгімелерді, тарихи әңгімелерді, шешендік сөздерді қағазға түсірумен ғана шектелмей, фольклордың басқа да жанрлық түрлерін, атап айтқанда, тұрмыс-салт жырларын, эпос, ертегі, мақал-мәтел, ақындар айтысын, т.б. жинағаны белгілі. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жинаған фольклорлық үлгілерге жанрлық жағынан келетін болсақ, ел аузынан тұрмыс-салт жырларының 30-40 шақтысы топталған.
Ол ел арасынан: “Қамбар батыр”, “Ер Тарғын”, “Ер Көкше”, “Ер Сайын”, “Нәрік ұлы Шора батыр”, т.б. тәрізді батырлар жырында, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Алтынбас-Күмісаяқ” т.т. лиро-эпостық жырларды да, сондай-ақ “Киік”, “Бозторғай”, “Дін үйренетұғын” тәрізді басқа шығармаларды да жинаған. “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Ер Тарғын” жырларын Мәшһүр Жүсіп 1866 жылы 8 жасында-ақ Қамар хазіреттің қолжазбасынан көшіріп алғанын білеміз. Ал “Алтынбас-Күмісаяқ”– 200 жолдан тұрады дей отырып, бұл жыр үлгілерін жинаған В.Радлов екендігін Мәшһүр Жүсіп көрсетіп кеткендігінің де куәсі болдық. Бұл үлгілерді Мәшһүр Жүсіп В.Радлов жинағынан ала отырып, олардың бәрін қолжазбаның әр жеріне шашыратпай, бір жеріне ғана топтастыра орналастырған. Сондай-ақ, қолжазбалар ішінде “Сайын батыр” жырының көлемі 2000 жолдан тұрады деген де дерек бар.
Зерттеуші ел арасынан түрлі ертегілер де жинаған – “Еділ-Жайық”, “Көр ақтарған Жаманбай”, “Баһырам патша туралы”, “Есен тентек туралы”, “Ертеде бір хан болыпты” , “ Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама”, “ Еңсегей бойлы Ер Есім”, “Алаша хан”, “ 7 жасар Желкілдек”, “Ер Төстік”, “Әз Жәнібек және бір ұста”, “Екі патша”, “Әділ би”, “Сүйіндік:Олжабай батыр, “Тама Сарыбас мерген”, т.б.
Халық поэзиясы үлгілерін, оның ішінде мақал-мәтелдерді Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ерінбей ұзақ жинағаны мәлім. Фольклордың басқа жанрларына қарағанда, мақал-мәтелдерді жинаумен айналысу фольклорист-ғалымнан ұзақ уақыт пен қажымас ізденуді, еңбектенуді қажет ететіні белгілі. Себебі, мақал-мәтелдер дайын күйінде жеке-дара кездеспейді. Оларды айтушының не ауызекі сөзінен, не қолжазбалар ішінен, туындылар арасынан іздеп табу арқылы қағазға түсіру керектігі аян.
Послание Главы государства Касым-Жомарта Токаева народу Казахстана
Музей литературы и искусства имени Бухар жырау
Антиплагиатная система Strikeplagiarism.com